Балалар үшін әуе билеті тегін болады
2022 жылдан бастап Қазақстанда 2 жастан 14 жасқа дейінгі балалар тегін ұша алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл бағдарлама бойынша 2 жастан 14 жасқа дейінгі қазақстандықтарға әуе билеті тегін беріледі. 2022 жылдың қаңтарынан бастап топ-10 туристік аумақ бағыттары бойынша сапарды брондауға болады.
«Кидс гоу фри» (Балалар тегін саяхаттайды) бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақстандықтарды еліміздің туристік бағыттарында бүкіл отбасымен демалуға ынталандыру. Бұған балалардың әуе билетін субсидиялау көмектеседі. Мәдениет және спорт министрлігінің болжамынша, бұл демалысты 30 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.
«Заң 2022 жылдан бастап орындалады, өйткені заңнамаға сәйкес бюджеттік қаржыландыруды талап ететін барлық норма келесі жылдан бастап күшіне енеді. Аталған заңға қол қойылды, енді ережелер жобасы мен оның жұмыс істеу механизмі әзірленіп жатыр. Жыл басынан бастап қазақстандық туроператорлар «Кидс гоу фри» бағдарламасы қосылған турпакеттерді сатуды бастайды. Бағдарламаны талқылау және нарықпен келісу барысында қандай да бір түзетулер болуы мүмкін, бірақ әзірге өзгерістер жоспарланбаған және бәрі де сол күйінде қалып отыр», деді Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Бағдарламаға Қазақстанның 14 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. «Кидс гоу фри» қосылған туристік өнімді сатып ала отырып, балалар туристік орындардың аумағында кемінде үзіліссіз бес күн және төрт түн тұруға міндетті.