Қан керек: Плазма коронавирустан емдейтіні рас па
Коронавируспен ауырып жатқандардың жақындары жазылып шыққандардан плазма үшін қан тапсыруын сұрап дал болуда. Плазма арқылы адамның коронавирустан айығуы қаншалықты мүмкін екені туралы мамандар айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
"Анам коронавируспен ауырып жатыр. Вируспен ауырып, емделіп шыққандардың плазмасы қажет", - деп қарағандылық блогер көмек сұрады.
Дәрігерлер плазма COVID-19 ауруын емдеуге көмектесетінін растады. Ауырған адамдардың қанынан алынған антиденелер қазір ауырып жатқан науқастың денесіне еніп, вирусты инактивациялайды.
“Негізінде мұндай ем интоксикацияны төмендетеді. Әлсіздіктен, енжарлықтан арылтып, дене температурасын қалыпқа келтіреді. Трансфузиядан кейін механикалық желдетуге немесе басқа жасанды тыныс алу аппаратына қосылу қаупі төмен болады. Қазір біз плазма құю әдісін қолданып жатырмыз. Бұл әдіс оң нәтиже беруде”, - дейді облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Баянбек Аспандияров.
Плазма құю емі Қытайда пандемияның басында басталды. Содан кейін бұл емнің тиімділігін ресейлік дәрігерлер растаған. Былтыр жазда аурушаңдық өскен кезде, мұндай емдеу жолы Қазақстанда реанимацияда жатқан науқастарға жүргізілді. Бұл әдіс денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасына ауырлығы орташа пациенттерді емдеуге енгізілген.
Елімізде плазмасын өткізген донорларға 22 мың 275 теңге сыйақы төленеді.
Бірақ плазманы барлық адам тапсыра алмайды.Тек 18-ден 50 жасқа дейінгі дені сау ер адамдар мен мүлдем жүкті болмаған әйел адамдар ғана плазма өткізе алады.
Бір донордан алынған 600 миллилитр плазма тек үш пациентті емдеуге жетеді екен.