Қан алмастыру коронавирустан құтқара ма?
Бүгінде әлем елдері коронавируспен күресте түрлі амалды қолдануда. Ел медицинасы да індетті ауыздықтауда аянып жатқан жоқ. Алайда кеселдің «кісенге» көнбей жатқаны шындық. Сол себепті коронавируспен ауырып, жазылып шыққан науқастардың қанын емдік мақсатты қолдану бағытында жұмыстар жүргізуде. Алайда қан ауыстыру аурудан айықтыра ала ма?
Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаровтың айтуынша, коронавирусты емдеген адамдардың қанында жұқтырған науқастарға қалпына келтіруге көмектесетін антиденелер болады екен.
– Ауырып, жазылған адамдардан алынған плазманы құю кез келген жұқпалы ауруларды емдеудің тиімді әдісінің бірі болып табылады. Бұл әдіс жаңалық емес. Дәрігерлер бүкіл әлемде жұқпалы аурулардың әртүрлі өршуі кезінде плазма құюды сәтті өткізді. Қазіргі уақытта Германия, Франция, АҚШ, Ресей және басқа елдерде коронавирусқа қарсы плазма қолданылады. Қытай мемлекетінде ауырып қалған адамдардың плазмасын қолдану жақсы нәтиже көрсетті. Енді біз де осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, қан ауыстыру тәсілін қолданғалы жатырмыз, – дейді Г.Омаров.
Жалпы, бұл антиденелер қалай қалыптасады? Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауру процесінде адам ағзасының иммундық белсенділігі артып, оның ауру қоздырғыштарына антиденелер шығарылады екен. Біреуде көп, біреуде аз. Адам сауыққаннан кейін бұл антиденелер қан плазмасында қалады. Ал бұл плазма өзге науқастарды да емдеп шығуы мүмкін. Бұл жағдайда науқастарда пассивті иммунитет жасалады, ол өз иммундық жүйесін толық қалпына келтіруге және өз антиденелерін шығаруға мүмкіндік туғызады.
Әрине, плазма коронавирустың панацеясы емес, ол емдеудің басқа түрлерімен бірге қолданылады және адамның сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Алайда Гулам Омаров коронавируспен ауырған әрбір адамға плазма құю қажет емесін айтады.
– Процедураны ең ауыр науқастарға ғана қолдану қажет. Плазманы да жазылып шыққан сондай науқастардан алған жөн. Әдетте, олар сауығудан кейін бірінші кезекте антиденелерді береді. Осындай өзара көмек пен қолдау жүйесінің арқасында қалпына келгендер саны күн сайын артып келеді. Донорлар плазманы әдетте тегін тапсырады, дегенмен біз оны ақылы негізде де алудамыз. Барлық жағдайды түсініп, төлемін талап етпейтіндер де бар.
Донор болғысы келетіндер Call-орталығына қоңырау шалса, біздің мамандар бұл адамның донор болу мүмкіндігін анықтайды.
Плазма алу – плазмаферез деп аталатын қауіпсіз және ауыртпалықсыз процесс. Ол 40 минутқа созылады, – дейді дәрігер.
Алайда өкінішке қарай, коронавирус ауруымен ауырғандардың барлығы донор бола алмайды екен.
– Әрбір ауырып жазылған адамда жеткілікті антиденелер бола бермейді. Уақыт өте келе ол тіпті төмендейді. Сондықтан біз алдымен қандағы антиденелердің бар-жоғын және олардың қанша екенін анықтаймыз. Егер олар көп болса, қабылдаймыз, аз болса, онда мұндай адам иммундық плазманың доноры бола алмайды, – дейді Гулам Омаров.
«Арай» медициналық орталығының дәрігер-реаниматологы Айдарбек Әбдіғалиев плазма доноры болғандардың бірі.
– Індет жұқтырғаннан кейін емделудің бірнеше сатысынан өтіп, қажетті ем-домның бәрін қабылдадым. Кейінгі тестім теріс шыққаннан кейін, өзім үшін қанымда ауруға қарсы тұратын иммунитет болса, бөлісуім керек деп шештім. Бұл менің дәрігер ретіндегі азаматтық парызым. Қазір мен сияқты донорлардың көмегі медицинаға ауадай қажет. Біз тек осылай рықтай жұмылсақ қана індетті жеңе аламыз. Сондықтан коронавирустан жазылып шыққан барлық жанды қан орталығына келіп, қан тапсыруға шақырамын, – дейді дәрігер-реаниматолог.
Шынында, қазіргідей қиын жағдайда қандай көмек болмасын артық етпейтіні белгілі. Әрі егер Жамбыл медицинасы қан плазмасы арқылы коронавирусты емдеу мүмкіндігін анықтап жатса, бұл тұтас мемлекет үшін тығырықтан шығар жол болатыны даусыз. Сондықтан донор болуға асығайық, ағайын! Бәлкім, дәл сіздің қаныңыз ажал аузында жатқан адамды аман алып қалар!