Алыс пен жақынды байланыстырған
Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің кәсіби мерекесін жылда байланыс торабының мамандары ерекше қарсы алады. Жалпы Ұлттық байланыс операторының құрылу тарихы Қазақстан телекоммуникациясының қалыптасу және даму тарихымен тығыз байланысты.
– Алыс пен жақынды байланыстыратын телефон станциясы қалаларда ғана емес, сондай-ақ аудан орталықтарында да орнатылды. Қазақ КСР Министрлер кабинеті 1991 жылдың 29 қарашасында “Телеарна, радио мен телефон байланысын қарқынмен дамыту үшін Қазақ КСР-да байланыс құралдары өндірісін дамыту жөніндегі шаралар туралы” қаулы қабылдады. Телекоммуникация саласындағы ұлттық операторды – компания құру қажеттілігі туралы мәселе туындады. Осылайша 1994 жылдың 17 маусымы күні – “Қазақтелеком” ҰАК компаниясы құрылды. Оның атымен елдегі телекоммуникация саласының тағдыры байланыстырылды, – дейді Қазалы желілік техникалық цехы бастығы міндетін атқарушы Нұрлан Нұрманов.
Бүгінгі күні “Қазақтелеком” компаниясының Қазалы желілік техникалық цехында телефон станциялары толығымен заманауи электронды станциялармен жабдықталған. Компанияның ұсынған жаңа қызмет түрлеріне телефон, интернет, телевидение, ұялы телефон байланысына сұраныс күн санап өсуде.
Қазалы өндірістік торабында штаттық кестеде 45 қызметкер сапалы жұмыс атқаруда. Мамандар біліктілігінің арқасында бүгінгі күнге телефон нүктесі 7308 бірлікке, интернет желісінің саны 6211 абонентке артып, ID TV қызметін 545 тұрғын пайдалануда. Жалпы табыс көзі 32 миллион теңгеге өсті.
Аталған қызметтерді сатуда, сату тобының басшысы Ақбаян Сералиева және операторлар Лилия Нұрпейсова, Айгүл Қазанқапова, Мәдина Сердалиева сынды мамандардың еңбегі ерекше.
– Кезінде күн-түн ауысыммен жұмыс істейтінбіз. Қазір технология қарыштап дамығаннан кейін сегіз сағаттық еңбек тәртібіне көштік. Біздің бөлімнің мамандары күніге 15-20 адамға қызмет көрсетеді. Тұрғындар телефон құрғызу, интернет қосу сияқты қызметтерге жүгінеді. Кей кезде біз құрған “WiFi” құрылғысы мен интернет желісі істен шығып жатады. Мұндайда электормонтерлер дереу ақауды жөндеуге күш-мүмкіндігін жұмсайды, – дейді Ақбаян Сералиева.
Желінің ақаусыз жұмыс істеуіне инженер Айдар Орынбасов, электро механик Дәурен Уразамбетов, Ғалымжан Ермағамбетов және электромонтер Гүлмира Панабекова, кабель дәнекерлеуші Бақытжан Ермағамбетовтардың атқарып жүрген қызметтері елеулі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА