Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың дені 20-69 жас аралығында
Қызылорда облысында 20-69 жас аралығындағы азаматтар арасында коронавирусқа шалдығу деңгейі жоғары екені байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір өңірде эпидемиологиялық жағдай күннен-күнге күрделеніп барады. Тәулігіне 40-тан астам жағдай тіркеледі. Осылайша жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары болып тұр. «Өткен аптадан бастап облыс «сары аймаққа» өтті, ол өз кезегінде бізге қатаң шаралар қабылдаудың, жылдам әрекет ету қажеттілігінің белгісі. Біз кез келген жағдайға дайын болуға тиістіміз. Біз қатаң сақтық шараларын қолдансақ қана эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстап қалуға мүмкіндігіміз бар», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Облыста вирус жұқтырған азаматтардың үлестік көрсеткіші, карантиндік шектеуге сәйкес алгоритим тәртібімен бекітілген жұмыстар негізінде назарға алынады. Мұндай шоғырландыруды болдырмас үшін қоғамдық тамақтану, көпшілік баратын нысандар, әлеуметтік қызмет ететін мекемелерде сақтық шараларын күшейту бағытында қаулыға сәйкес жұмыс атқарылады. «Облыста коронавирус инфекциясын зерттеуге арналған 10 зертхана жұмыс істейді. Зертхананың бір күндік қуаты 3420 анализ алуға жетеді. Өткен жылдан қазірге дейін барлығы 279 622 анализ жасалған. Коронавирус инфекциясымен ауруға шалдыққандардың жас шамасы әр түрлі. Оның ішінде 20-69 жас аралығынды азаматтар арасында белсенділік байқалады. Сонымен қатар, балалар арасында клиникалық белгілерсіз жағдайлар анықталуда», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова. Облысқа келген вакциналарды сақтау мақсатында 18 тоңазытқыш және 179 термоконтейнер жұмыс істейді. Сонымен қатар, вакциналауға 14 егу кабинеті және 133 мейірбике және 89 дублер жұмыс істеп жатыр. «Алдағы уақытта қосымша қала аумағынан «Теміржол» емханасы, «Сенім» клиникасы, «Интертич», «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» және «Арай сити» сауда үйінен егу пунктері ашылмақ. Бүгінде аймаққа жеткізілген 27 200 вакцинаның барлығы медициналық мекемелерге таратылды. Екпенің I компоненті 10 678 адамға салынса, II компонентімен 3371-не екпе жасалды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Динара Жаңабергенова. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова дәрі-дәрмек қорын жасақтау бағытында жұмысты үйлестіріп, дәрі қорының жеткіліктігіне қарай дәріханалардағы мониторинг жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы Рамазан айында көпшіліктің басы қосылатын ауызашар кезінде сақтық шараларын қатаң түрде бақылауға алу қажеттігін тапсырды. Айта кетейік, Қызылордада қашықтан оқитын оқушылардың үлесі артты.