Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түстегі таңғажайыптар

Түстегі таңғажайыптар

Адам өмірінің 4/1 бөлігін ұйқыға және оның 6 жыл уақытын түс көруге жұмсайды. Алайда оянғаннан кейін адамдар түстің көп бөлігін есте сақтамайды. Тарихтан батыр бабалар мен қазақ хандарының түс жоруға аса мән бергенін білеміз. Оның ішінде Абылай ханның мына бір түсі бүгінгі күні шындыққа айналғанына ешкім дауласа қоймас. Бала Сабалақ хан болып, ел-жұртының алдында абыройы асқақтап, күш-қуаты да кемеліне жетіп тұрған күндердің бірінде түс көреді. Әдеттегідей, Бұқар жырауға жорытпақ болып:
– Ақылшым, мен түс көрдім, – дейді. – Табытта жатыр екенмін. Басымда үш жүздің шашақты байрағы тігілген. Оны ашу мен қаһарға мінген үш тобыр жұлмалап, жұлып әкеткелі тұр…
Табытымның бір бүйірінде азулы ­арыстан, екіншісінде айбарлы айдаһар жатыр. Төменгі жағымда бір топ үрім-бұтағым, яғни ұрпағым бар. Уәлиден тараған балаларым рухыма бағыштап Құран түсіріп жатыр. Қасымнан өрбіген ұрпағымның ішінен бір батыр тұлғалы тентегім алмас жүзді қанжарын қайрап, мені қауіп-қатерден қорғаштап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде жатқан азулы арыстан мен айбарлы айдаһарға кезек қарап: «Мыналардан қалай құтылам?» деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып беріңіз, – деп тұрып алады.
Бұқар аз-кем ойланып:
– Хан ием, түс жору – түлкі аулаумен тең. Десе де, жорып көрейін, – деді.
– Сөйлеңіз, көмекей әулием.
Абылай Бұқар жырауға құлақ түріп, талай тығырықта уәлі сөзімен жол тауып кеткен кеңесшісінің аузына қарады. Көп бөгелмей жырау баба сөйлей жөнеледі.
– Қырыққа жетпей табытта жатқаның – ғұмыр жасыңның ұзақ болатынын айтады. Басыңда үш жүздің байрағы тігіліп, оларға үш бірдей тобыр таласып жатса, қазағыңды құраған үш жүзің ақ киізге отырғызып сайлаған хан болғаның. Бірақ, хан тағына ие болғаныңмен, қабырғалы халқыңа ие бола алмайсың. Сен бақилыққа аттанған күннен бастап қарауыңдағы елдің іргесі ыдырап, шаңырағы шайқалады. Жан-жаққа шашырайды.
Табытта жатып, қос бүйіріңдегі азулы арыстан мен айбарлы айдаһардан қалай құтылудың жолын таппай жанталасқаның – өле-өлгенше халқыңның қос қапталындағы алпауыт екі мемлекетке жалтақтағаның. Екі мемлекеттің түртпегінен аман шығудың айласын іздегенің. Ал төменгі жағыңдағы өзіңнен тараған үрім-бұтағыңның ішінен бірі рухыңа бағыштап Құран оқыса, бірі қанжарын қайраса – Уәлиден өрген бір тұқымың есімін қағазда, Қасымнан өрген бір тұқымың есімін майданда қалдырады, –депті.
Түс жорушының сөзіне тынып, тұнжырап отырған хан осы сәтте: «Ал мен қайда қаламын?», деп сауалын төтесінен қояды. Жырау тосылмайды.
– Басыңа үш байрақ бекер тігілген жоқ. Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың! дейді.
Жаңа заман қазағының жүрегінде Абылай хан үш жүздің басын біріктірген, Тұран жазығы мен кітап беттерінде есімі ардақталған батыр ретінде қалды. Оның қазасынан кейін бір шаңырақ астында ұйыған ұлт шашырады да кетті. Осындай сәтті кімнің ұтымды пайдаланып кеткенін оқырман қауым жақсы біледі.
Киносүйер қауым «Шексіздікті білетін адам» «Человек, который познал бесконечность» деп аталатын фильмді көргені анық. Онда өткен ғасырдың басында өмір сүрген үндінің математигі жайлы айтылады. Аты – Рамануджан Шриниваса. Ешқандай оқу орнында білім алмаған математик, адамзат тарихындағы ең күрделі формуланың шешімін тапқан. Оның еңбектері академиялық мамандарды таңғалдырып, тіпті сол кездегі Кембридж университетінің ең мықты ғалымдары аң-таң болған деседі. Қызығы сол, Рамануджан өзі ойлап тапқан есептердің шешімін түсінде көрген. Мұны ол: «Үнді құдайы маған түсімде осы теореманың шешімін көрсетті», – деп түсіндіреді. Заманауи математиктер аталған түс туындысын қазіргі физикадағы Эйнштейннің салыстырмалық теориясы мен кванттық физика үшін қолданылатын ең жоғары деңгейдегі формула деп есептейді. Есептен түк хабары жоқ адамның мұндай ғажайып дүниені қалай өмірге әкелгенін ешкім дөп басып айта алмайтыны қызық.
Альберт Эйнштейн де өзінің салыстырмалы теориясы туралы түсінде көргенін айтқан. Ал орыс химигі ­Дмитири ­Менделеев: «Мен түсімде барлық элементтер өз орнына түскен кестені көрдім. Оянған кезде бірден қағазға түсірдім», – депті. Бұлармен бірге әйгілі химик Август Кекуле бензол молекуласының құрылысын соншама уақыт таба алмай, ақыры шаршаңғы күннің түнінде түсінде шешкен. Бұған байланысты Нью-Мексика университетінің зерттеушілері адам миы тынышталғанда белгісіз толқындар пайда болатынын байқаған. Оған адам миынан тыс ғарыштан, әлемнен келген белгісіз сигнал болуы мүмкін деген болжамы бізді де таңғалдырды.
Шриниваса Раманужан математиканы ресми оқымағанын айттық. Өкінішке қарай ол 32 жасында қайтыс болды. Орда бұзғанға дейінгі қысқа өмірінде математикада 4000-ға жуық дәлелдер, сәйкестіліктер, болжамдар мен теңдеулер жасады. Мүмкін оның өмірге келгендегі миссиясы да осы дүниелерді жарыққа шығару шығар. Әйтпесе ғалымның эллиптикалық функциялар және сандар теориясы сияқты салалардағы идеялары мен болжамдарының барлығынан бүгінге дейін бір қате табылмауы мүмкін емес еді. Ол өз заманынан озып, алдағы бірнеше ғасыр математиктеріне шабыт сыйлады.
Тағы бір айта кетерлігі Раманужанмен бірге жұмыс істеген Кембридж университетінің математигі Годфри Х.Харди осы саладағы ғалымдарды 100-ге дейінгі шкала бойынша бағалағаны көп айтылады. Ол өзіне 25, Джей Литлвудқа 30, Дэвид Хильбертке 80, ал Шриниваса Раманужанға 100 ұпай берген. Бұл шындап келгенде Рамануджанға емес, өзі айтқан түсінде пайда болып, математикалық дәлелдерді көрсетіп кететін «үнді құдайына» берілген баға болса керек.
Химик-органик Август Кекуленің бензол молекуласы құрылымы жайындағы жағалығын химия пәнін оқығандар жақсы біледі. Ол бензолдағы атомдардың қалай орналасатыны туралы жылдап ойланды. Өйткені көміртек пен сутек атомдарының арақатынасы басқа көмірсутектер қосылыстарында кездеспеді.
1865 жылы бір суық түні бөлмесінде әдеттегідей мәселенің мәнін іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Біраз уақыттан кейін нәтижесіз жұмыстан шаршап, каминде лаулап жанған отқа орындымен бірге бұрылады да, ыстық лептің әсерінен терең ұйқыға кетеді. Көп ұзамай ғасыр жаңалығына пара-пар түс көреді. Түсінде атомдар билей бастаған. Тамашалап отырса, кішкентай заттар жылан тәрізді біріне бірі жалғанып, ақыры пайда болған жылан өз құйрығын тістейді. Кекуле оянған кезде, түсінің оған не айтып тұрғанын бірден түсінген. Осылайша аз уақыт ішінде бензол молекулалары көміртек атомдарының сақиналық құрылысын тапты.
Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Мәселен түсінде миға жүйке сигналдарының химиялық жолмен берілетіндігін көріп, жұртқа дәлелдеген ғалым Отто Леви Нобель сыйлығын алған. 1903 жылы ол жүйке сигналдары химиялық нұсқаулар арқылы беріледі деген ойға келді. Бірақ жаңа идеясын қалай дәлелдейтінін білмей дал болды. 1920 жылы Леви осы мәселе туралы түс көрді. Түнде ол толқып оянып, ұмытып қалмау үшін қағазға түртіп алды. Өкінішке орай, таңертең түсін есіне түсіре алмады, түнгі жазбаларын да оқи алмады.
Бір қызығы, ғалымның әлгі түсі келесі түні де қайталанды. Онда идеясын дәлелдеу үшін қолдана алатын эксперимент жасаған еді. Таң ата сала түсіне негізделген зерттеулер жүргізіп, 1921 жылы жаңа еңбегін жарыққа шығарды. Синапстар арқылы сигнал беру өзі күткендей шынымен де химиялық процес екенін анықтады.
Неврология ғылымының атасы деп аталатын адамның бойында бейсана ойлардың пайда болуы үшін 17 жыл қажет болды. Зерттеп, таппаған шешімді бір түнгі түсінде тапты. 1936 жылы ғалымға шешімі табылған жұмысы үшін медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы берілді. Сондықтан түндегі түске бейжай қарауға болмайды.
Бүгінде интеллект пен ғылымның шегіне жеткен ғалым мен зерттеушілер, тіпті қарапайым адамдар бұрынғылардың ойлау өрісі тар, ашқан ғылыми жаңалығы оңай болғанын алға тартады. Бірақ бұл пікір қате. Өйткені қазіргі адамзат ортағасырлықтардың идеологиясы мен ғылымының нәтижесі секілді. Оларға тылсым күштердің көмектесуі жаңалық емес. Қалай болғанда да адамға ықпал етуші бір құдіреттің бары сөзсіз. Ол көп жағдайда түс арқылы аян береді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
10 сәуір 2021 ж. 2 152 0

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 45

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 47

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031