Зейнетақыға үстемеақы қосылатыны рас па?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақыға үстемеақы төленетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды egemen.kz
Қазақстандықтар мамыр айында барлық зейнеткерлер зейнетақыға 40 мың теңге мөлшерінде үстемеақы алатыны туралы хабарламаны таратуда. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған екен. Бұл фейк. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде мамыр айынан бастап зейнетақыларға 40 мың теңге мөлшерінде жаңадан үстемеақы төленетіні туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамада зейнетақыларға үстемеақы мен қосымша ақы төлеу қарастырылмаған. Қазіргі кезде зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы зейнетақы», деп түсіндірді ведомствода.
Бүгінде зейнеткерлік жасқа толған қазақстандықтардың мынадай төлемдерге құқығы бар:
– зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) зейнетақы жасына жеткен барлық адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 100% дейінгі мөлшерде берілетін базалық зейнетақы төлемі);
– 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде ынтымақты зейнетақы (мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы алдындағы кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты);
– қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері (олар таусылғанға дейін).
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ынтымақты зейнетақылардың мөлшерін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға оза отырып, жыл сайын индекстеледі. Базалық зейнетақы мөлшері де жыл сайын инфляция деңгейіне көтеріледі.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар 7%-ға өсті, 1 сәуірден бастап қосымша тағы 5%-ға индекстелді, бұл жиынтығында 2019 жылмен салыстырғанда ынтымақты зейнетақының 12%-ға өсуін қамтамасыз етті. Сондай-ақ базалық зейнетақы мөлшері де екі рет көтерілді. Оның өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ды құрады.
2021 жылдың басынан бері ынтымақты зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы 5%-ға өсті.
Министрлік фейк хабарламаларға назар аудармауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа ғана сенуге шақырады.
Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын еске салды.