"Зейнетке шығу жасы төмендейді": министрлік түсініктеме берді
Facebook қолданушысы парақшасында ер адамдар 61 жаста, әйелдер 57 жаста зейнетке шығады деген ақпарат жариялаған. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде зейнетке шығу жасының төмендеуі туралы хабар тарап жатыр. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұл жалған ақпарат, зейнетке шығу жасын өзгерту туралы мәселе қозғалып жатқан жоқ", - деді еңбек министрлігі.
Stopfake.kz сайтының хабарлауынша, Нұрлыбек Қуаңбаев деген Facebook қолданушысы парақшасында азаматтардың зейнетке шығу жасы қысқартылғанын, ер адамдар 61 жаста, әйелдер 57 жаста зейнетке шығады деген ақпарат жариялаған. Сонымен қатар скриншотқа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін қосып қойған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, жоққа шығарды. Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің тауарлармен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қытайдан гуманитарлық көмек ретінде әкелінген маскаларға коронавирус инфекциясы жұқтырылған деген аудиожазбаны фейк деп атады. Министрлік азаматтардан әлеуметтік желіде тараған шындыққа жанаспайтын ақпаратқа емес, тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.