Ақын рухы ардақталды
Сейсенбі күні аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ақын Мұқағали Мақатаев атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Екі сағатқа созылған кешті ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Ғалия Оспан ашып, арты талапкерлерді таныстырумен жалғасты.
Мұқағали жырларын жырлаған байқауда 17-35 жас аралығындағы он алты талапкер санитарлық нормаларды сақтай отырып бақ сынасты. Талапкерлерге берілген тапсырма екі кезеңнен тұрды. Оның алғашқысында олар ақынның бір өлеңін жатқа айтып және сөзіне жазылған бір әнді нақышына келтіріп орындауы қажет.
Байқауға аудандық ақын, термеші Кемал Қазмағамбетова, Жастар ресурстық орталығы КММ-нің аға кеңесшісі Нұрбек Ақпанбетова пен аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі Абзал Жолтерек қазылық етті.
Сайыста өнерімен ерекше көзге түскен №102 орта мектептің қызметкері Ақнұр Рысмамбетова мен №92 орта мектептің мұғалімі Рабиға Алиева үшінші орынды өзара бөлісті. Ал №91 орта мектебі мен Ақтан батыр ауылының тұрғыны Азамат Жұмахмет екінші орынға жайғасты. Сондай-ақ сайыста көптің көңілінен шыққан №7 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Жансая Тілеуниязова бірінші орынды иеленді. Бас жүлдеге лайық деп танылған №103 мектептің 11 сынып оқушысы Динара Хайрулла көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
– Біз секілді жастарға лирик ақын М.Мақатаев сынды өзге де қазақ ақындарының өлеңдерін білмеу – ұят. Мен 8 сыныптан бері Мұқағали ақынның өлеңдерін жатқа айтып, республикалық сайыста бақ сынадым. Айым оңынан туып ол жақта бас жүлдені жеңіп қайттым. Сол секілді бүгінде кезекті жүлдені қоржыныма салып отырмын. Алдағы уақытта осындай байқаулар жалғасын тауып, көптеп ұйымдастырылса, топқа түсуге дайынмын, – деді жеңімпаз ару.
Кешті қорытындылған қазылар алқасының төрағасы Кемал Қазмағамбетов талапкерлердің өнеріне риза болып, ақынның бір өлеңін жатқа айтып берді.
– Бала күнімде Мұқағали Мақатаевпен кездесу болған, сол кездегі ақынның түр-әлпеті, айтқан сөздері әлі есімде. Содан бері оның өлеңдерін жатқа айтып, аузымнан тастамайтын болдым. Яғни нағыз жанкүйері болып қалыптастым. Бүгінгі қатысушылардың барлығы да үздік. Әйтсе де біз ішінен ең үздігін анықтадық деп ойлаймын, – деді термеші.
Кеш соңында жүлдегерлер мен қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
А.БАҚЫТҰЛЫ