Қазақ Наурызды қалай тойлайды?
Орта Азия елдері 5000 жылдан аса тойлап келе жатқан әлемдегі ең көне мейрамның бірі – әз Наурыз. Жаңару күні саналатын 22 наурызда жер бетінде күн мен түн теңеседі. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының басым бөлігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған. Мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдылықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайында көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайямның еңбектері арқылы жетті. Қазақ халқы адамзаттың аузы аққа, төрт төліктің аузы көкке тиетін табиғаттың ең көркем мерекесін ерекше қуанышпен атап өтеді. «Жыл басы саналатын Наурыз мерекесі қазақ жерінде қалай тойланды және бабалар бұл күнді неге Ұлыстың ұлы күні деп атады» деген тақырып аясында белгілі тұлғалардың пікірін білдік.
Ұлағат Ханзада, этнограф:
Ұлағат Ханзада, этнограф:
– Жалпы Наурыз мерекесі Қарақұм қазақтарының тойы. Ауызекі тілде Қызылқұм мен Жетісу қазақтарының тойы деген түрлері бар. Қазақтың кез келген қуанышты мерекеде бәйге, күрес, айтыс, көкпар, теңге алу деген секілді ойын, салт-дәстүр түрлері жөн-жоралғысымен аталып өтеді.
Менің көрген Наурызым 1990 жылдардың бастапқы кезеңіне сәйкес келеді. Балалық шағымда наурыз айының 8, 9, 10 күндерінен бастап жұртшылық 14-іне дейін ауыл арасын аралап, амандық сұрасып, Наурыз тойын бастап кетеді.
14 наурыз күні ақсақалдар шеке беріп, жастар жағы бірін-бірі омыртқаға шақырады. Ағайын арасында соғымнан қалған сүбені асып, көрші-қолаңды қонаққа шақырады. Бұл көктемге аман-есен жеткеніңе шүкіршілік етудің формасы іспеттес. Сондағы үлкендердің «Ай көрдім, аман көрдім. Жыл көрдім, есен көрдім. Айдан аман, жылдан есен шығарған Аллаға мың да бір шүкіршілік» дегенін естіп өстік. Қыстан аман шыққан жұртшылық ағайын-туыспен қауышып, құшақтасып, көрісіп жатады.
Арқа қазақтарының мерекені тойлауы жердің кеңуіне, қардың еруіне байланысты. Бұл жақта жылдың басын қарсы алу сәуір айына тұспа-тұс келеді. Сәуірдің ортасында наурыз тойланып жатқаны Сыр бойы, Тұран жазығы, батыс пен оңтүстік қазағына ерсі көрінуі мүмкін. Арқа мен Шығыс халқы жағдайға байланысты сәуірдің аяғына дейін Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген осы өлкеліктердің аузынан шыққан сөз. Әйтпесе Сыр бойында наурыздан бастап-ақ наурызек сайрап, сандуғаш қонақтап көктем шақырғандай барлық дүние жаңарып, құлпырады. Ал Арқаның аязы, наурыз айында болатын май бораны бүкіл қарды ерітіп, жер аяғы кеңігеннен кейін жұртшылық мейрамды тойлай бастайды.
Бұрындары Наурызды неге Сыр бойында ғана тойлаған? Мұның себебі бар. Өйткені ол уақытта ешкім отырықшы өмір салтын ұстанған жоқ. Малы, жері, жем-шөбінің ыңғайына байланысты қыстауға, күздеуге, жайлауға, көктеуге көшіп отырған. Тура сол кезеңде бүкіл қазақтың басы қосылатын жер Сырдария өзенінің жағасы болды. Арқаның қазағы қыстыгүні өзеннің оң жақ саласындағы күн жылы, малға жайлы Қарақұмның етегінде отырған. Арғы беттің қазағы одан әрі қарай Нүкүске дейінгі Қызылқұмда көшіп қонған. Қыс мезгілінде малды халыққа Сыр бойының табиғаты қолайлы. Осы өзеннің бойында біте қайнасып жатқан батыс пен оңтүстіктің, арқаның жұрты жайлауға кетпес бұрын мерекені 14 Наурыз – жаңа айдың толған күні тойлаған.
Тура осы күнмен қыс бітіп, көктемнің алғашқы айының туатын күні сәйкес келеді. Күн мен түн теңеледі. Кейінірек күнтізбе ауысқанда шатасулар орын алды. Кейінгі буын осыны ұмытып, мүлдем мән беруді қойды.
Кеңес үкіметінің тұсында мерекенің тойлануы басқаша сипат алды.
1986 жылғы қазақ жастарының бас көтеруі өшуге айналған ұлттық мейрамды жаңғыртты. 1987, 1988 жылдары жастардың Наурызды тойлауға, руханиятты кемелдендіруге құлшынысы артты. Мереке қарсаңында шаңырақ көтеріп, бұл күннің маңыздылығын күшейтті. Бұған мысал ретінде Сыр бойына белгілі ғалым Аман Абасилов ағамызбен қатарлас азамат Ербол Тілешов ағаның үйлену тойы 22 наурызда өткен. Наурыз айына ерекше сипат беріп, мерекеге айналдыру мақсатында осындай амалдар жасалған. Ең қызығы, беташар жасау арқылы ырымға, қазақы жөн-жоралғыға құрметін көрсете білген. Осындай қызық жағдайлар орын алған.
Қазіргі таңда Ұлыс мерекесіне неге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей қалды?
2003-2005 жылдардан бері қарай қазақтың қолы аузына жеткен тұста мерекені тойлау бірте-бірте саябырсыды. Себебі еркін ақпарат алмасу ұғымы, жаһандану қазақтың даласына еніп, төл мәдениет пен дәстүрді ұмытуға бет алдық.
Наурыз мерекесінің насихатталуы да кемшін. Ауыл арасында мәдени-тұрмыстық экспонат ретінде бір-екі киіз үй тігіп, шоу ретінде Наурызды ел есіне түсіріп жүрген мекемелерге рақмет.
Алмас Алматов, жырау:
– Қазақ халқы, басқа да түркі ұлысы секілді Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Мейрамның қамы бірнеше апта бұрын қолға алынған. Барлығы өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын тазартып, аула-қорасын реттеген. Әз-Наурыз келген күннен бұқара жиналып, ән шырқап, би билеп, мол дастарқан жайып тойланған. Ақындардың айтысы, дала баласының күші мен айласы сарапқа салынған күрес алаңы, ақыл-сана сыналатын тоғызқұмалақ ойыны, тұлпарлардың бағы мен бабы сыналатын бәйге мерекенің сәнін келтіріп, мәнін еселей түскен.
Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арнайы әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Ертеректе ауыл адамдарын ұйқыдан ерте ояту мақсатында қолданылған дәстүр болған. Жастар асау тайыншаны құрықтап, оған ерттелген ашамайға үлкен қуыршақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп тулаған асау ауылды азан-қазан етсе де, ешкiм бұған өкпелемеген. Жарқырай көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым.
Ұлыс – жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды.
Бекарыс Нұриманов, әдебиеттанушы:
– Қазір өзіміз көріп жүргендей наурыз мерекесі қазақтың түкпір-түкпірінде әртүрлі деңгейде тойлануда. Елдің қазіргі территориясын алып қарайтын болсақ, бір өңірде көктем ерте келіп, басқа жерде кеш келеді. Осыған байланысты қазақ халқы күн жылынғанда ғана наурызды тойлағанды құп көреді.
Жалпы наурыз деген сөздің қазаққа парсы тілінен енгеніне бола мерекенің түпкі тарихын Иран елімен байланыстырудың қажеті жоқ. Неге? Қазақ наурызда бірінші кезекте көрісу күнін тойлайды. Қыстауда әр қырдың астында отырған халық жер жібіп, күн жылына бастағанда бір-бірін іздеп, дүниеден өткендерге салауат, өмірге жаңа келгендерге құтты болсын айтып, табысып, көріседі.
Наурыз көже пісірудің де өзіндік бір мәні бар. Бұнда арнайылап мал сойып, құрбан шалатын діни жоралғылар кездеспейді. Наурыз көжеге жұртшылық қыстан қалған сүрленген қазы, басқа да тағамдарды арнайылап, дәмін келтіріп ерекше тағам жасайды. Көженің өзі түркі халықтарының тіршілігінен хабар береді. Парсылар отырықшы ел болған, қала мәдениетіне ерте көшкен. Оларда қыста ауыл арасы алыстап бір-бірін көре алмайтындай, ағайынды сағынысып іздейтін себеп жоқ. Осы себепті наурыз, көрісу мерекесі көшпелі мәдениеттің көрінісі екенін байқауға болады. Толықтай наурыз мейрамын түркі халықтарының төл мерекесі деп айтуға негіз бар.
Ұлыстың ұлы күні дегенге тоқтала кетейік. Ұлыс деген не? Оның бірнеше мағынасы бар, соның бірі – мемлекет дегенді білдіреді. Оған дәлел Алтын Орда өз дәуірінде «Ұлық ұлыс» деп аталды. Ұлыстың құрамында татар, башқұрт, ноғай деген сынды бірнеше халық пен хандықтың басы қосылған. Ұлыс – көне түркі сөзі екенін түркі жазба ескерткіштері арқылы білеміз. Ұлыстың мемлекет екенін анықтап алдық.
Осы жерде мен «Ергенеқон» деген бір аңыз-әпсананы ескі түсіргім келеді. Түркі халықының тарихында ерекше айтылатын бұл аңызда Ергенеқоннан аман-есен шыққан түркі халқы қоныс іздеп, жаңа ұлысқа бағыт түзеген кезі осы наурыз айымен тұспа-тұс келеді. Аңыз бойынша жан-жағын тау қоршаған қамал секілді аңғарда өмір сүрген халық бұл жерге сыймай, жаңа қоныс іздеп шығады. Ұлыстың аядай жерге сыймай көшуі ұлы күндердің бірі ретінде қаралады.
Наурыз мерекесі бір ғана аңыз, оқиғадан пайда бола салған дүние емес екені анық. Ол арғы тарихы сан ғасырды қамтитын, әбден еленіп, халықтың тарихында елеулі орын алып үлгерген, үлкен мереке.
Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ