Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зымыран залалы

Зымыран залалы

Шығыс беткейінде Байқоңыр, батысында Аралға тиіп тұрған Қазалы жұртшылығының экологиялық мәселеге келгенде соры бес елі. Апат аймағында өмір сүріп жатқандар Арал теңізінің тұзы мен ресейлік гептилді қоса жұтып жүр. Бұл аз десеңіз, теңіздегі судың қайтуы, космодромнан ұшқан зымыранның дария суын буға айналдырып, тіршілік гармониясын еселеп бұзып жатқаны түсінікті. Ғылым көзімен қарағанда ғарышты бағындыру, жаңа тіршілік әлемін анықтау маңызды мәселе шығар. Бірақ осы бағытта жасалған талпыныс өңірдегі тіршілікті дағдарысқа тартып, тұрғындардың денсаулығын құртып жатыр. Бұл күнделікті айтылып жүрсе де, аспанды аңсағандарды райынан қайтарар түрі жоқ. Газеттің өткен санында Аралдағы апат жайын қаузадық. Бүгін Байқоңырдағы базынаны ­айтамыз.

Бәленің бастауы
Байқоңырды жалдау шарты 1994 жылы жасалған. Оған дейін егемен Қазақстанда ғаламшардың басты ғарыш айлағында көптеген шулы оқиғалар орын алды. Соның бірі – 1992 жылы Байқоңыр аумағында орналасқан Қазақстанның әскери-құрылыс бөлігінде сарбаз бен офицерлер арасындағы қақтығыс. Нәтижесінде блоктың кассасынан 35 мың рубль, 17 автокөлік ұрланған. 1993 жылы Ленинск әкімдігі (1995 жылға дейін ғарыш айлағы орналасқан қала осылай аталған) қызметтік кеңселерді қиратып, өртке ораған қазақ әскери қызметшілерінің үстінен шағым жасады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жағдайы да өте мүшкіл күйге түсті. Өйткені қала тұрғындары Байқоңырды жалға алу шартынан хабарсыз болғандықтан жаппай Ресейге қоныс аудара бастаған. 1994 жылдың қыркүйегінде Ленинск қаласының атқамінерлері вагон-вагон кірпіш сатып алуды ойға алды. Өйткені есік терезесіз ашық жатқан бос пәтерлердің себебінен сонда тұралап қалған тұрғындардың үйлері жылымайтын. Кірпіш сол тесіктерді бітеуге керек болды.
Дәл осындай қиындықтар қордаланып тұрған желтоқсан айында Алматы мен Мәскеу космодромның құқықтық мәртебесін жалдау шартын жасасу арқылы дүрбелеңді басты. 2004 жылы сол тұстағы Астана мен Мәскеу Байқоңырды пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзартты.
Алайда 2016 жылдың 28 сәуірінде Ресейдің жаңа жобасы – «Восточный» ғарыш айлағында аспан әлеміне алғашқы ұшырылым жасалды. Бүгінде Ресейде тағы бір жұмыс жағдайындағы космодром бар. Енді көршілес ел алдында Байқоңырды жалға алу үшін төлейтін 115 миллион доллар туралы мәселе тұр. Ресейге көрші мемлекет аумағында зымыран ұшыру алаңы қаншалықты керек деген сұрақ көп талқыға түсіп келеді. Мұнан кейін Қазақстанның ғылыми ғарыш айлағын ұстап тұруға шамасы жетпесі анық. Бұл туралы сәлден кейін тарқатып айтамыз. Солай бола тұра орыстар әзір Байқоңырды тастап кете алмайтыны анық. Өйткені Қазақстандық космодром ауыр зымырандардың негізгі алаңы екенін бәрі біледі. Ал Восточный ғарыш айлағында аса ауыр «Ангара-А5В» зымыранын ұшыру 2026 жылға жоспарланған. Мұнымен қоса «Восточный» Байқоңырдан солтүстікке қарай алты градус қашықтықта орналасқан.

Гептил – геноцид
Байқоңыр ғарыш айлағындағы апаттар мен улы отын қалдықтары ондаған жылдан бері жергілікті тұрғындар мен экологтарды алаңдатып келеді. Кейбір ғалымдар гептилді геноцидке теңеп отыр. Шынымен де зиянын біле тұра жаппай адам денсаулығына залал келтіретін дүниені жасау осы терминмен ғана түсіндірілетін сияқты. Бірақ бұл мәселені шешудің құқықтық құралдары жұмыс істемейді. 1955 жылы құрылғаннан бері Байқоңыр космодромы көптеген төтенше жағдайлардың орнына айналды. Ғарышты игеру айтарлықтай қауіп-қатерге толы екендігі, бұл салада нөлдік қауіптің болмайтындығы бәріне түсінікті болғанымен, апаттардың жиілігі мен ауырлығы жауапсыз сұрақтарды туындатты. Қытай, Ресей және Қазақстан ғарыш объектілерін континенттік орналастыру пайдасына таңдау жасады. Негізінде зымырандардың траекториясы аз немесе қоныстанбаған территория бойынша ұшуды есептей отырып жасалуы тиіс. Алайда іс жүзінде кейде зымыран бөліктері елді мекеннен 80 км-ден аспайтын қашықтықта құлайды. Ең қауіптісі – зымыран тасығышты ұшыру кезінде бөлінген қоқыс пен жанғыш заттың сол мезетте жерге түсуі.
2018 жылдың қазанында зымыран тасығышты ұшыру кезінде болған апат экипаж мүшелерін Халықаралық Ғарыш Станциясына шұғыл қонуға мәжбүр етті. 2017 жылы маусымда ғарышқа жүк кемесін аттандырып, зымыран тасығыштың бөліктері құлағанда да далада өрт шықты. Бақытымызға орай, алау адам тұрмайтын жерде тұтанды. Бірақ зымыран тасығыштардың қалдықтарын жинау операциясы кезінде бір адам қаза тауып, тағы біреуі жарақат алды.
Улы отынның тұрғындарға қауіп төндіруі 2013 жылы да қайталанды. Бұл жолы 600 тонна «Пропан» зымыран тасығышы көтерілгеннен бірнеше секунд өткен соң жарылып, оның қалдық отыны, улы бұлт қалыптастырған. Аз уақыт ішінде Байқоңыр қаласынан 50 км қашықтықта орналасқан елді мекендердің аумағына кіре бастады.
Дәл осы зымыран отыны қоршаған ортаны қорғау ұйымдарын қатты алаңдатады. Протон-М зымыран тасығыштарында қолданылатын гептил немесе симметриялы емес диметилгидразин (UDMH) адам денсаулығы мен қоршаған ортаға өте қауіпті екені айтылды. Ғалымдар улы заттың адам денесіндегі барлық жүйеге кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Сарапшылар химиялық заттарды қолдануға байланысты зиянды факторлар туралы дәлелдемелер ұсынды. БҰҰ 2004 жылғы есебінде Байқоңыр ғарыш айлағынан таралған улы заттарды биологиялық организмдерге канцерогендік, мутагендік және тератогендік әсер етеді деп көрсетті. Бұл келешек ұрпақтың мутацияға ұшырауы мүмкін екенін аңғартады. Ресейлік ғалымдар ғарыштық бағдарламада зымыранның ескі моделін улы отынды пайдалануды қажет етпейтін (Ангара 5) түріне ­ауыстыратындарын мәлімдегенімен, ресурстардың жетіспеушілігінен кейінге қалдырылып келеді.
Қазақстан билігі Байқоңыр аумағындағы нысандардың жұмысына байланысты, әсіресе әр түрлі апаттардан кейін адам денсаулығы мен қоршаған ортаның бұзылуы жайында бірнеше рет мәселе көтерді. Сонымен бірге табиғатты қорғау ұйымдары мен жергілікті тұрғындардың бастамасымен жаппай қозғалыс құрылды. Алайда Ресей мен Қазақстан арасындағы тығыз байланыс пен аймақ үшін экономикалық тиімділік қақса қанын, соқса сөлін алатын жағдайға жеткізбей отырғаны жасырын емес. Ғарыш айлағы маңындағы тіршілікке залал келгендіктен эко-белсенділер биліктен өтемақы төлеуді талап етіп келеді. Теория жүзінде бұл мәселені шешудің халықаралық және ұлттық деңгейдегі заңды амалдары бар. Бірақ Ресей билігі шығынды өтеуге құлықсыз болса да, «әй» дейтін біреу табылмай отыр.

Киіктің киесі кімді ұрады?
Қазақстанда ақбөкендердің белгісіз себептен өлуі жаңалық емес. Алайда 2015 жылы мамыр айының басында Қостанайдағы жануарлардың жаппай қырылуы елді алаңға салып қойды. 18 мамырда өлген киіктердің саны 10 мыңнан асып жығылғанда билік басындағылар аяқтан тік тұрды. Өлген киіктің көп болғаны соншалық, оны утилизациялауға Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдік қызметкерлеріне дейін жұмылдырды. 21 мамырда сол тұстағы министрдің орынбасары Ерлан Нысанбаев дерттен жан тапсырған жануарлардың саны 85 мыңға жеткенін, басқа аймақтарда да осындай жағдай тіркелгенін жариялады. Мамыр айының соңында сайын далада тарыдай шашылған ақбөкеннің саны 130 мыңға таяды. Келесі жылы сарапшылар елде жерленген 256 мың киікті санағанын білеміз. Ақбөкендер өлген аймақтан ғарыш кемесінің элементтері табылған кезде жағдай одан бетер ушықты. Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік зымырандардың жанармайынан жануарлар уланған деген нұсқа ел аралап кетті. Осы сәттен бастап өлген киіктер қоғам белсенділердің ғарыш айлағының саясатына қарсы күресінің символына айналды.
Гептилге қарсы белсенділердің баяндамаларынан кейін «Қазғарыш» зымырандардың ұшырылуы мен ақбөкенің өлімі арасында байланыс жоқ деп мәлімдеді. Ал ішкі істер министрінің сол тұстағы орынбасары Владимир Божко мұны түбегейлі жоққа шығарды.
– Қандай гептил? Ешкім ұшпады, ешкім төбеден шашқан жоқ. Қостанай облысы зымыран бөліктерінің құлайтын аймағы емес. Белгіленген жер – Шығыс Қазақстан облысы, – деді ол. Бірақ көпшілік министр орынбасарының қателескенін аңғарған жоқ. Өйткені мемлекеттік ақпараттық агенттіктердің хабарламасында өлген киіктердің саны ең көп болған Амангелді ауданы ғарыш қалдықтарының жиі құлайтын аймағы екені расталған.
Осыдан кейін ресми органдардың себепке қатысты саясаты біршама өзгерді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлардың жаппай қырылуына гептилдің қатысы барын жоққа шығармайтындарын айтып, әзірге себебі толық дәлелденбейінше жұртты шу көтермеуге шақырды. Ал Премьер-министр апатты объективті тергеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. Ұлыбритания мен Германиядан биологтар шақыртылды. Оның біреуі Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, «гептил» нұсқасын «фантастика» деп атады. Бұған байланысты азаматтық қоғам белсендісі Ұлан Шамшет: «Менің ойымша, биологтар бірдеңе тапса да, олар тергеудің нәтижелері бойынша Қазақстанның сыртынан Ресеймен келіссөзге келіп, өздерінің «еуропалық» мәселелерін шеше береді, – деді.
«Антигептил» ұйымы жануарлардың өліміне қатысты альтернативті нұсқасын ұсынды. Әңгіме Қазақстан аумағында жаппай қырып-жоятын қаруды сынап жатқан Ресейдің әскери полигондары әлі де жұмыс істейтініне келгенде мәселе қоюлана түседі. Бұл полигондар тағы да сол ақбөкендер қырылған аумаққа жақын орналасқан», – деді Ұлан. Ресейлік әскери полигондардың бірі шынымен де Орталық Қазақстанда орналасқан. Екіншісі Капустин Яр – 2010 жылы осындай оқиға тіркелген Батыс Қазақстан облысының аумағына ішінара енеді. Капустин Ярға іргелес Бөкейорда ауданы физикалық кемістікпен туған балалардың көптігімен ерекшеленеді.
Қалай болғанда да гептил мен әскери сынақтарды киіктердің қырылуының негізгі себептері тізімінен шығарып тастауға болмайды. Ақтөбе облысындағы бөкендердің қырылуына анаэробты энтеротоксемия – бүйректің өткір ауруы себеп болғаны айтылды. Зерттеушілер жануарлар шырынды дымқыл шөпті көп жегенін, сол арқылы аурудың қоздырғышы денеге енгенін мәлімдеді. Рас, осы мәлімдемеден кейін аймақта тағы 4000 ақбөкен қырылды (өлген 3000-ға қосымша). Бірақ сарапшылар бұл нұсқаны да өлімнің себебі ретінде жоққа шығарды.

Қазаққа қандай пайда бар?
Бүгінге дейін Қазақстан екі бірдей телекоммуникациялық спутник ұшырғанын білеміз. «KazSat-1» деп аталатын ресейлік құрылғы байланыс аумағынан ұшқан сәтте ғайып болды. Кейін, амал жоқ, «KazSat-2» аппаратының бөліктері ішінара аспан әлеміне аттанды. Операторлар болашақта басқа құрылғыларда пайдалану үшін Ресейден ресурстар сатып алды. Тек 2014 жылы «KazSat-3» ұшқанда ғана бәрі ойдағыдай өтті. 2015 жылы Қазақстан ресейлік тараптың аттас ғарыштық байланыс жүйесін құруға келісім берді. Бұл білгеннің тілін алғанның тірлігі болса керек.
Қазақ елі осыдан кейін басқа ғарыштық технология өндірушілерімен ынтымақтастықты дамытуға тырысты. Әсіресе, республикада Франциямен бірлескен бағдарлама ерекше қарқын алды. Осының шеңберінде 2014 жылы Францияның Гвианадағы Куру космодромынан «KazEOSat-1» жерді қашықтықтан зондтаудың алғашқы қазақстандық жер серігі ұшырылды. Құрылғыны француздық «Airbus Defence and Space» компаниясы жасаған. Тәжірибе алмасу үлкен жобаларды – бірлескен ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін салуға алып келді. Отандық мамандар Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапониямен бірлесіп жоспар құрғанымен, сөз күйінде қалды.
2012 жылы «Қазғарыштың» басшысы Талғат Мұсабаев Байқоңырды жалға беру туралы 1994 жылы жасалған келісімшарт «өз нәтижесін берді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, республика біртіндеп келісімнен алшақтауы керек. Сондай-ақ үдерісті алдымен «Зенит» зымыран ұшыру алаңдарын босатудан бастаған дұрыс. Мұсабаев: «Бұл Қазақстан үшін үлкен қадам болады», – деген еді. Бірақ ұлттық ғарышты зерттеу орталығының айлақты игеріп әкету жоспары тығырыққа тірелді. Себебі «Зенит» зымыран тасығышы Днепропетровскдағы «Южмашта» жасалып, шығарылатын. Украинада билік ауысқаннан кейін өндіріс тоқтауы осы сәтпен сәйкес келді. Мамандар даярлау 2016 жылға жоспарланғандықтан қиындық еселене түскен. Бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның Байқоңыр үшін ғарышкерлер мен қызмет көрсететін персоналды қашан әрі қалай даярламай ойы бары түсініксіз. Осы тұста «ғарыш айлағынан қазіргі сәтте қазаққа қандай пайдасы бар?» деген сауал тууы заңды. Бұл жайында ҚР мемлекет қайраткері пікір білдірген.
– Байқоңыр ғарыш айлағы – тек Ресей үшін тиімді. Қазақстанға одан ғылыми, инновациялық тұрғыда ешнәрсе жоқ. Бұл шын мәнінде Ресейдің әскери базасы. Одан шығудың ең жақсы тәсілі – ғарыш полигонын жабу. Оның үстіне Ресей өз территориясында дәл осындай айлақ салуға тырысуда. Қазақстан, бұл үшін ақша алады. Бірақ экологиялық зиянды Ресей төлейтін доллармен салыстыруға келмейді. Үлкен аумақтар игерілмей жатыр. Бізде ғарыштық державалармен бір деңгейде тұруға ешқандай технологиялық қабілет жоқ. Саланы қарапайым түрде ұйымдастыра алмаймыз, – деп қысқа қайырған. Ал «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов: «Ғарыш ең озық ғылым болып табылады. Оны дамытқан дұрыс. Бізге жалдау ақысын жиып, ғарыш күшіне айналу керек. Экологиялық проблемаларды болдырмауға айрықша көңіл бөлінсін. Бірақ Байқоңыр – әлемдегі ең ірі кешендердің бірі. Ол жұмыс істеуі тиіс, – деді.
Сараптамадан Байқоңыр ғарыш айлағының зияны әлемдік мәселе – Арал теңізінің тартылуынан кем түспейтінін байқаған боларсыз. Әрі-беріден соң бүгінде апатты аймақтарға жақын орналасқан тұрғындар адам қолымен жасалып жатқан қасіретті тоқтатар жан табыларынан үмітті. Әйтпесе Байқоңырдың жер үшін берген қаржысы жұрт қалтасын қомпайтып тұрғаны шамалы. «Малым жанымның садақасы», ­деген тәмсілді берік ұстанған жұртқа бастың амандығынан, деннің саулығынан артық ештеңе жоқ.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

16 наурыз 2021 ж. 3 742 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 44

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 32

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 57

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 69

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031