Талаптыға табыс көп
Қазалылық Жаннат Ержігітова осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрды. «ZhasProject» жобасы арқылы екі миллион көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, «Руханият» ойын-сауық орталығын ашты. Жаннаттың негізгі мамандығы – мұғалім. Ол өзі туған Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепте шәкірттерге ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.
Жаңашылдыққа жаны құмар Жаннат жуырда «Меgа Ме» оқу орталығының жұмысын бастады. Орталықтың атауы «Біз үлкенбіз, біз біргеміз, біз күштіміз» деген мағынаға саяды. Ал мақсаты – үйренем деушілерді ағылшын тілінде еркін сөйлеуге дағдыландыру, шет тілін терең меңгерту. Сонымен қатар жас түлектерді химия, биология пәндері бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындау. Ағылшын тілі аптасына үш рет өтеді. Оқу ақысы – айына 12 мың теңге. Білім алушылардың жасына шектеу қойылмайды. Жеке және топтық жұмыс жүргізіледі. Ал химия, биология пәндері бойынша 7-11 сыныптар аралығындағы оқушылардан топ жинақталады. Аптасына 6 рет өтілетін сабақтың ақысы бір айға есептегенде 15 мың теңге. Қазір орталықта 50 бала білім алуда. Алда тарих, математика және бастауыш сынып пәндерін қосу жоспарда бар.
Осында білім алушылардың бірі – №266 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Нұрдана Нұрқаш ағылшын тілін жетік меңгеруді мақсат тұтқан. «Бұндай орталықтың ашылғанына қуаныштымын. Ағылшын тілін жақсы көремін әрі толық білсем деймін. Ана тілмен қоса, шет тілдерді білу болашақта зор мүмкіндіктерге жол ашады», – дейді ол.
Жаннат өткен жылы «Kyzylorda business hub» жобасына қатысып, үш кезеңнен тұратын байқаудан оқу орталығын ашу жобасын қорғап нәтижесінде 1 500 000 теңге қаражаттың иегері атанып, ойлаған мақсатына қол жеткізген. Бүгінде мұндағы жас ұстаздар Нұрайым Бекаралова Астана медициналық университетінде, Данияр Асқарұлы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде, Дильназ Жұмажанова Гонконгтағы «The Education university of Hong Kong» университетінде қашықтан білім алуда. Олар уақыт талабына сай білімдерін жетілдіре жүріп, шәкірттерді білім нәрімен сусындату жолында қажырлы еңбек етіп келеді.
– 2015 жылы жас маман болып мектепке орналастым. Ұстаздық өмірге аяқ басқаннан көптеген қоғамдық шараларға қатысып келемін. Алғашқы тәлімгерім Сейілхан Бердібекұлы: «Сен өте еңбекқорсың, мықтысың, білімдісің, болашағыңнан үлкен үміт күттіретін жассың» деп қамшылап, аламан додаға қосты. Одан әрі білім саласында өзіндік орнымды қалыптастыруға аудандық білім бөлімі және білім қызметкерлері кәсіподағы комитеті орасан зор ықпал етті. «Серпін» жастар кеңесінің белді мүшесіне айналып, түрлі аудандық, облыстық шараларға қатысып, тәжірибе жинақтадым, – деген Жаннат Нұрсұлтанқызының жеткен жетістіктері аз емес. Ол «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасының грант иегері. «Мейірім» қайырымдылық ұйымының негізін қалаушы. «Жаннат» кафесін ашып, келушілерге қызмет көрсетуде. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, «Қазалы қайырымды жастар қорының» жетекшісі атанды. Дариға Назарбаеваның бастамасымен құрылған Іскер әйелдер қауымдастығының «Жас қанаттар» ұйымының төрайымы. Аудандық жастар мәслихатының депутатығына сайланып, жастар арасындағы өзекті мәселелердің қолдау табуына күш салып жүр.
Аудан, облыс әкімінің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатының иегері Жаннат Нұрсұлтанқызы алда әлі талай биікті бағындырсам деген ниетте. Өзін дамыта отырып, өзгелерге пайдасы тиетін тың дүниелерді жарыққа шығару оның басты мақсаты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА