Қызыңыздың барына қуаныңыз
Қазақ халқы үшін қыз баланың орны ерекше екені даусыз. Әйтсе де оларды ер баламен тең көрмейтінімізді жоққа шығаруға болмас. Расымен, қыздан гөрі ұлға бүйрегіміздің бұрып тұратыны айтпаса да түсінікті. Оны алғашқы перзентінің ұл болуын қалайтын отбасылардан байқауға болады. Алғаш құрсақ көтерген ана үшін баланың жынысынан гөрі оның аман-есен өмірге келуі маңыздырақ.
Ұл туса әкелері «ат ұстарым өмірге келді» деп ерекше қуанады. Ал қызға бәрі осылай қуанады деп айту қиын. Кейде қыз өмірге келіп жатқанда өз баласы мен әйелін сыртқа тепкен әкелердің оқиғасына қанықпыз. Бұл арқылы тоғыз ай тоғыз күн перзентін көтеріп, оны өмірге әкелген әйелі мен отағасына туған баласына деген отағасының құрметсіздігін көруге болады.
Қазір нәзік жандының көпшілігі отбасындағы сүйіспеншілікке, оның ішінде ер адам тарапынан сыйластыққа ие болып, ұл баланы өмірге әкелгеннен соң ғана қол жеткізіп жатқандығы өкінішті. Асыл дініміздің өзі бұл әрекетті құптамас еді, себебі мұсылман халқы үшін қыздың қадірі жоғары. Құран кәрімде: «Аллаһ қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хақымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Аллаһ» делінген. Оның үстіне, ұлдан не қыздан жақсылық көретініміз тек бір Жаратушыға ғана аян дүние, сондықтан берілген асыл сыйға ризашылық қыла білу керек. Қайта қыз әкеге жақын болады, қамқоршыл келеді емес пе?
Тарихта болған мына бір оқиғаның өзі көп нәрсені аңғартады. Мұхаммед пайғамбардың с.ғ.с-ның ұлдары сәби кезінде шетінеп, оның қызығын да көре алмаған екен. Қыздары ғана Алла елшісінің жанынан табылып, жабыққанда жанына демеу болады. Қыздарынан көруге тиісті қызықты көріп, тіпті олардан тараған жиен немерелерінің де қызығына қанығады. Осы арқылы Мұхаммед с.ғ.с. қыз баласының әкесіне жаннатты тегін сыйлай алатындығын жария еткен деседі.
Қазіргі таңда өңкей қыз өсіріп, тегі үзілсе де қызығын көріп отырған ата-аналар да жоқ емес. Тіпті қыздарының кейде ер жігітке бергісіз өжет болып өсіп, бір әулетке ие болып отырған, кейбір ер азаматтардың қолынан келе бермейтін істің басында жүргеніне куәміз. Өткен ғасырларда өмір сүрген мемлекет істеріне араласып, жауға қарсы тұру үшін қолына қару алған, бүкіл ұлт пен ұлысқа үлгі болған Ұмай ана, Домалақ ана, Томирис патшайым сынды батыр, абыз, дана әйелдердің өмір жолы да өнеге.
Өкінішке орай, ата-ана үмітін ақтамақ тұрмақ, түрлі жолға түсіп, оларға қайырылмай жүрген ұлдар да аз емес.
«Есер ұлдан есті қыз артық» деген түсініктің халық арасында пайда болуы да осындай ұлдарға қатысты айтылса керек.
Өссе егер елдің көркі қыз деген,
Қызды бірақ тең көрмеген ұлменен.
Ер жеткен соң, сол ұлының бәрібір,
Қыздан бақыт іздейтінін білмеген. Осы өлең жолдарының өзі бізге көп нәрсені ұғындырып тұрғандай. Ұл отбасы құрып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырғанын асыға күтетін халықпыз. Сол жігітке тең келер қызды жар етуді қалайтынымыз тағы бар. Онда неге теңдік мәселесі дүниеге сәби келгенде айтылмайды. Әрбір сәби өмірге өзінің несібесімен келеді. Ата-бабаларымыздың өзі бұл тұрғыда «Ұл бала – қоныс, қыз бала – өріс» деп айтпады ма?
Иә, ұл ұлтының қамын жесе, қыз бала екі елдің қамын жейтін, екі ұлыс арасындағы дәнекер екенін ұғына бермейміз-ау.
Жалпы қазіргі қоғамдағы қазақ қызының мәртебесін көтеру арқылы ер азаматтың дәрежесін түсіру керек деген ойдан аулақпыз. Тек қыз баласының қадірі артып, отбасындағы әйелге сыйластық жоғары болса екен дейміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА