Енді полицей жүргізуші куәлігін планшет арқылы тексереді
Қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдік азаматтар мен Қазақстанда тіркелмеген көлігі бар жүргізушілер барлық құжаттарын алып жүруі тиіс.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарға 13 ақпаннан бастап өздерімен бірге жүргізуші куәлігін және техпаспортты алып жүрмеуге болатынын айтты.
Ол бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл көзделгенін атап өтті. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана жеке басын куәландыратын құжат жеткілікті болады.
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, техпаспортты, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал интернеті жоқ елдімекендерде және трассаларда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдік азаматтар мен Қазақстанда тіркелмеген көлігі бар жүргізушілер барлық құжаттарын алып жүруі тиіс.
«2019 жылғы желтоқсанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпараттық жүйелер арқылы жүргізуші құжаттарын тексеру туралы мәселені көтеріп, жүргізушілерге қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік берді және ІІМ-ге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Жаңа заң ағымдағы жылдың 13 ақпанынан бастап күшіне енеді», - деп жазды Тұрғымбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.
«Көлік құралын жүргізуші құжаттарынсыз айдау мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия және Литва сияқты елдерде де енгізілгенін атап өткім келеді, онда ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл - заманауи технологиялық «сервистік» полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам», - деп жазды министр.
«Мемлекет көлікті басқаруды айтарлықтай жеңілдетті, бірақ жүргізушілер әлі де жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігі үшін өз жауапкершіліктерін есте ұстауы керек», - деп қосты Тұрғымбаев.