Адамның тегі – ұлттың келбеті
1917 жылы «Алаш» партиясының бағдарламасын жариялаған «Қазақ» газеті большевиктер жауып тастағанша қазақ халқының болашағы үшін саяси-ағарту жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Жалпы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы соңғы санында студент Ыдырыс Оразалыұлы «Еуропа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарында жоқ» деген мақаласында «ев» пен «ов» қазақтың төл құжатына қалай енгенін мәселе етіп көтерген. Редакция алқасы авторға газет арқылы берген жауабында қазақтың тегі, аты-жөні туралы бірнеше нұсқаны ұсынады да, «қайсысына тоқтау керек» деп оқырмандардың талқысына салған екен.
Дұрыс мәселе көтергенмен мақала авторы орыс патшаларының өздері «ев» пен «ов» деген тіркемені тегіне қоспағанын білмеген. Атап айтқанда, Ярослав Мудрый, Владимир Мономах, Иван Калита, Михаил Романов, Иван Грозный, I Петр, II Екатерина, I Александр, II Александр, I Николай, II Николай. Қарап отырсақ, ешқайсысында «ов» пен «ев» деген тіркеме жоқ. Оның орнына әкесінің немесе халық қойған лақап аты, не реттік саны жазылған.
Тіпті «фамилия» деген орыс сөзі емес, латын сөзі орыстың «семья» деген сөзіне келіңкірейді. Рас олар Романовтар деп атаған. Онда да тек Михайл Романов ұрпағының 300 жыл тақтан түспей келе жатқанын мақтанышпен атау үшін ғана керек болған. Арғы тегінен дворяндар атағына ие болып келе жатқандар да, бұл тіркемені қолданбаған. Русь православие дінінің басшылары да фамилия дегенді білмей, орыстар бұл тіркемені қорлық деп есептеген.
Енді тіркеменің шығу тарихына келсек, помещиктердің басыбайлы шаруалары болған. Далада егістіктен немесе мал жайылымынан өтіп бара жатқанда помещикті көрген орыс шаруалары бас киімін алып иілетін болған. Сонда помещик «Сен кімнің басыбайлы құлысың?» деген сұраққа шаруа «Мен Иванның басыбайлы құлымын» деп жауап қайтарған. Иван құлдарын ұрып-соқты, сатты, туысқандарына сыйлады, тіпті ашу үстінде бірнешеуін өлтіріп тастаса да өз еркінде болды. Мағынасы осындай жалғауды орыс патшалары мен дворяндары, дін басылары қалай қабылдасын. Ал Ресейде құл иеленушілік 1861 жылдың ақпан айына дейін, яғни басыбайлылық жойылғанға дейін сақталды.
Қазақтардың ата тегін қағазға түсіру 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев көтерілісіне қатысқандарды қолға түсіріп соттағанда тегіне «ов» пен «ев»-ті жазудан басталды. Сосын қажылыққа баратын қазақтарға Ресей бодандығында болғандықтан төлқұжат бергенде осы жалғау тіркестер қосылып жазылды. Орыс шенеуніктерінің атына не қосып, жазып жатқанында қазақтың ісі болған жоқ. Әйтеуір бір жапырақ қағаз қолға тигеніне риза болып, аттанып жатты. Меніңше, осы мәселені алғашқы рет ойлап, «Қазақ» газетіне мақала жазған студент Ыдырыс Оразалыұлы екендігін айту қажет. Міне, содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, біз әлі «ов» пен «ев» деген тіркемеден арыла алмай келеміз. Неге ?
Менің құрдастарым: «Біз жоғары оқу орнын бітіргенде дипломға «ов» пен «ев» деген тіркес жазылып кетті. Кейін зейнеткерлікке шыққанда дипломдағы фамилия мен төлқұжаттағы тегіміз сәйкес келмесе, сандалып жүретін шығармыз», – дейді. Мысалы, мен 1975 жылы 16 жасқа толып, қызыл түсті кеңестік төлқұжат алғанда тегім былай жазылды: Туменбаев Бахитжан Абдуллаевич. Кейін оны Түменбай Бақытжан Абдуллаұлы деп өзгерттім. Басқа емес, жалғаусыз Абдуллаұлы дегенді қанағат тұттым. Міне, енді мен Түменбайдың құлы емес, немересі болдым. Яғни «ев» деген тіркестен құтылдым.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жер, су, елдімекендердің аттары қайтарылып жатыр. Семипалатинск-Семей, Целиноград-Ақмола, Щевченко-Ақтау, Гурьев-Атырау, Алма-Ата-Алматы болды. Енді Петропавл мен Павлодардың бұрынғы аттарын қайтару үшін «бүкіл халықтық референдум» немесе «арнайы заң керек» екен. Ресей отаршылдары ертеректе халықтан сұрамай, заңсыз, осы елдімекендердің атауын өзгерте салған жоқ па?
Адамның тегі ұлттық бет-пердемізді білдіріп тұруы қажет. Мәселен тегінің жазылуы мен айтылуы «швили» болса грузин, «ян» болса армян, «оглы» әзербайжан екендігін біліп тұрамыз. Біз қашанғы бодандықтың қамытын киіп «ов» пен ова»-ны мойнымызға артып жүреміз? Ойланып қарасам, бұл тіркеме маған «құл» мен «күң» деген сияқты болып көрінеді. Сондықтан тәуелсіз елдің «ұлы» мен «қызы» деген ардақты сөзді алып жүрейік!
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
тарих пәні мұғалімі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі