Дау-дамай азайды

Сот төрағасының айтуынша, азаматтар арасында заңсыздыққа бару тыйылмай тұр. Бармақ басты, көз қыстыға жол берген сыбайлас жемқорлық санатында 3 қылмыстық айғақ қаралды. Қаншама адамның тағдырына балта шапқан есірткі айналымына орай 27 сотталушыға айыптау үкімі қабылданған.
– “Сұлулық әлемді құтқарады” деген сөз бар. Әттегені сол нәзікжандылар аудандық сот есігін жағалап жүр. Яғни әйелдерге байланысты 2 дерек бойынша айыптау үкімі шығарылды. Медиаторлардың қатысуымен 11 құжат тексеріліп аяқталған. Аудандық сотта қылмыстық істерді қарау барысында процессуалдық мерзімдері бұзылу фактілері орын алмады, – дейді Дидар Мұратбекұлы.
Онлайн жүздесуде есепті мерзімде азаматтық іс бойынша 917 арыз, 51 құжат түсіп, оның ішінде 69-ы кері қайтарылғандығы баяндалды. Ал 15 арыз қабылдаудан бас тартылған. 688 талап-арызбен азаматтық іс қозғалған. Барлығы 857 дерек зерттелді. Медиация арқылы 80-ні аяқталып, 3-еуі бітімгершілік келісім арқылы тоқтатылған. Татуластыру рәсімдерін жүргізуге болатын 631 арыздың ішінде 83-і ортақ мәмілеге келу арқылы шешілген. Сөз арасында сот төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттандыруымен дау-дамай азайғандығын қуана жеткізді. Өкініштісі неке бұзу фактісі тыйылмай тұр. Нақты айтқанда, 113 отбасының шырқы бұзылды.
Сонымен қатар әкімшілік істе 507 дерек тіркелген. Оның ішінде 20-сы біріктіріліп, 466-сы қаралған. Ал 29-ы тоқтатылып, 46 адамға ескерту жазасы қабылданды.
Сондай-ақ 221 адамға әкімшілік айыппұл салынып, 164 қазалылық заң тәртібін ұстанбағандықтан әкімшілік қамауға алынған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА