Терме болып төгілген тарих
Жуырда Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде “Азаттықты аңсаған арыстарым” атты жыршы-термешілер фестивалі өтті. Бұл облыстық деңгейде өткен шара Асандар көтерілісінің 90 жылдығына арналған болатын.
Ауылдағы айтулы шарада алғаш сөз алған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өзіндік мақамы бар жыршы-термешілерге алғыс айтып, сәттілік тіледі. Мұнан соң бірқатар ауыл тұрғыны мен кәсіпкерлерді аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Облыстық жыршы-термешілер фестивалін есімі елге белгілі жыршы, жерлесіміз Марат Сүгірбай жүргізді. Өнер мерекесінде жыраулық өнердің жампозына айналып үлгерген – Марат Сүгірбай, Жанболат Өмірзақ, Серік Жақсықұлов, Әділхан Қуаңбаев, Шолпан Бимбетова мен Майра Сәрсенбаевалар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, алғысқа бөленді.
– Құлақтың құрышын қандыратын қазақтың киелі домбырасынан жауһар жыр төккен өнерпаздар шын жүйрік екендерін көрсетті. Сахна төрінде жан-тәнімен терме айтып, жырлатқанда еріксіз емірене құлақ түруге тура келеді. Асандар көтерілісінің 90 жылдығына арналған шараға қатысқан жергілікті жұрт дән риза болып қайттық, – деді Бекарыстан би ауылының тұрғыны.
Айта кетейік, шара соңында өнерпаздарға диплом мен арнайы қаржылай сыйлықтар табысталды.
***
Біз айтып отырған Бекарыстан би ауылындағы жыршы-термешілер фестивалінен бұрын Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінде Асандар көтерілісінің 90 жылдығына орай “Азаттықты аңсаған арыстарым” атты аудандық жас ақындар айтысы өткен болатын. Айтысты аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Айтыстың тізгінін белгілі ақын Ермекбай Ағырай қолға алып, жүргізіп отырды. Аламанға 6 ақын қатысып, өзара бақ сынасты.
Қатысушылардың өнерін сарапқа салған қазылар алқасының құрамында аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман, мәдениет саласының ардагері, ақын Толағай Дүнкеев және Жанқожа батыр ауылының ардагер ұстазы Қожас Медеубаев болды.
Нәтижесінде Арал ауданынан келген ақын Бексұлтан Орынбасаров жеңімпаз атанып, өзгелерден дара шықты. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды майдакөлдік ақындар Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы мен Бекзат Серіков өзара бөлісті.
– Бүгінге дейін талай додаларда төбе көрсетіп, елдің көзіне көрініп келемін. Асандар көтерілісінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста бірінші орынды қанжығаладым. Мұның өзі мен үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта әлі талай елдің алғысына бөленіп, сайыстарда топ жарамын деген үлкен үмітім бар, – деді бірінші орын иегері.
Шыны керек, Сыр елі көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген жас ақындарға кенде емес. Өткен айтыста батыр бабалардың ерлігін тақырыпқа арқау еткен олар көрерменді өнерлерімен тәнті етті.
Абзал ЖОЛТЕРЕК