Жайсыз жексенбі
Жексенбі күні түс мезгіліне таман “Ару-Илья” сауда орталығы өртеніпті” деген суыт хабар шықты. Жабық базар айналасында абыржыған халықтың видеосы мен суреттері әлеуметтік желілерде желдей есіп, тез таралып үлгерді.
Бұл жайында кейінен аудан әкімдігінің ресми парақшасы:
– Бүгін жергілікті уақытпен 11 сағат 32 минутта №9 өрт сөндіру бөлімнің байланыс бекетіне аудан орталығындағы «Ару-Илия» сауда орталығы өртеніп жатқандығы туралы хабар түсті. Оқиға орнына бөлімнің 2 өрт сөндіру автокөлігі және 15 жеке құрамы жетіп, дереу іске кірісті. Соның нәтижесінде өрт 11 сағат 58 минутта толығымен сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында «Ару-Илия» сауда орталығының бірінші қабатында орналасқан ет дүкенінің 3х3 көлемді төбесі өртенгені анықталды.
Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан орын алған деген болжам бар. Қазіргі таңда «тілсіз жаудан» келген шығынның көлемі анықталуда, – деген хабарлама қалдырды.
Иә, биылғы жыл аудан кәсіпкерлері үшін оңайға соқпай тұр. Жыл басында вирустан басталған дүрмек, көптің мазасын қашырды. Яғни қалыпты өмір салтын бұзды.
Айтып қоялық, бұл биыл базар аумағынан шыққан бірінші өрт емес. Естеріңізде болса, жұрт “карантин” деп дүрлігіп жүргенде 25 маусым күні Әйтеке би көшесіндегі қаз-қатар салынған сауда үйлері отқа оранған болатын.
Әдепкісі жайлы ресми өкілдер:
– Жалпы «Ер-Нұр» базары аумағында орналасқан «Нұр» асханасында басталған. Одан кейін асханаға жақын аумақтағы «Орын-ай», «Ақбота», «Арзан» сауда үйлері мен шаруашылық заттарын сататын «Баян сұлу» және екі азық-түлік дүкенін шарпыды, – деген.
Сол тұста қаншама халық күйзеліп, құны әжептәуір көлемді құрайтын заттың күлі көкке ұшқанын көргенбіз. Сеңдей соғылысқан халық ішінде дос-жаран мен жақын-жуығымыз да жүрді. Кәсіпкерлер көк шығынға батқаны анық.
Шекара жабылып, зат тасу қиын болып тұрған мезгілде бұл жығылғанға жұдырық болды. Саудадан басқа кірісі жоқ, қақаған қыс пен ми қайнатар ыстықта аянбай күндіз-түні жұмыс жасайтын жандарға обал болғаны рас.
Сол кәсіпкерлер ішінде саудадан ішіп-жемін айырып, ешкімге алақан жаймай баласын оқытып, келін түсіріп, қыз ұзатып жатқандары да қаншама?!
Әрине жеті ағайынды тілсіз жаудың бірі саналатын өрттің айтпай келетіні белгілі.
Бірақ «біздер неге өткеннен сабақ алып, болашаққа бекем қарай алмаймыз?» деген ой қылаңдайды. Оған «жабық базар иелері қаншама халықтың дүние-мүлкінің өртеніп кетуіне неге жол береді?» дегенді қоссаңыз болады.
Ал сол базарлардың қожайынына жалдап алған жерінің ақшасын бермей, кешіктіріп көрсінші, саудагердің желкесінен жетектеп, қуып шығатыны жасырын емес.
Осы орайда аудан тұрғындарының да үніне құлақ түрген едік. Солардың ішінде кейбірі «Базардың маңы ығы-жығы көлік. Жалпы кенттің ішіндегі орталық көшелер тар. Қ.Пірімовтен бастап Жанқожа батыр, Әйтеке би көшесін бір-бір бағытта жүретін қылса» десе, екіншісі: «Орнына төлеп тұрған соң ғимарат иесі әрбір кәсіпкерге жағдай жасау керек. Мысалы, ғимараттың өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, қыста жылылығы, жазда салқындығы, ішкі тазалығы секілді шаруалар қамтылуы тиіс. Тексеретін мекемелер уақытылы жұмыс жасаса, ол қатаң талап етілуі керек. «Орын-ай» базары өртенгенде қанша кәсіпкердің қиналғанына куә болдық», – дейді.
Түйін: Жалпы, жұртымызда еш жерде жазылмаған «орын алмастыру» деген қағида бар. Ол белгілі бір жерде адамның талабы жүрмей, қайта-қайта сәтсіздікке ұшырай берген уақытта жүзеге асырылады. Мүмкін сол ырымды жасап, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің ортасына үлкен, сапалы, өрт қауіпсіздігі қатаң сақталатындай, араларына арнаулы көліктер сиятын замана көшіне лайықты базар салу керек шығар?!
Мұның барлық ауыл-аймақтан келетін халыққа да қолайлы, сондай-ақ орталық көшелердің тарылмауына да үлкен әсері болатыны сөзсіз.
Есет ТАБЫНБАЕВ