Қазақстандықтар тегін маскамен қамтамасыз етіле ме?
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Қазақстан халқын тегін маскамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Антисептик пен маска мәселесіне тоқталсақ, бұл тұрғыда анық көзқарас болуы керек. Себебі кез келген елдің бюджетіне елеулі жүктеме түсіп жатыр, яғни коронавирусқа, әлемдік экономиканың құлдырауы, карантин, оқшаулануға байланысты шығыстар деңгейі артты», - деді Н. Асылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде. Осы орайда ол тегін қамтамасыз ету мәселесі жоғары деңгейде пысықталатынын, елміздің бюджеті мүмкіндігіне қарай осы тақырып қаралатынын атап өтті. «Біз үнемі әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарды қамтамасыз етуге мән беріп келеміз. Алайда еліміздің барлық азаматтарын антисептиктермен және басқа заттармен (тегін) қамтамасыз ету жеңіл шара емес деп ойлаймын», - деді Н. Асылбеков. Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұрлыбек Асылбеков Pfizer және BioNTech компанияларының жаңа вакцинасын сатып алуға қатысты пікір білдірді.