Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келесі кезеңге дайынбыз ба?

Келесі кезеңге дайынбыз ба?

Коронавиурстың екінші кезеңін күткен халықтың көңілі алаң. Бүкіләлемді әуре-сарсаңға салған белгісіз аурудың біраз қыр-сырын танып үлгердік. Мамандар қай бүйірден келіп қыспаққа аларын алдын ала топшылап отыр. Келесі кезеңді еңсеріп, қалың қазақтың қатарын сиретпей шығу баршаға міндет. Екінші толқынға арналған тойтарыс жоспары қалай болмақ? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Қазақстан аумағында қараша-желтоқсан айларында дерттің дендеп кету қаупі бары айтылған еді. Бірінші толқыннан аман шыққан науқас бойында түзілген антидене жыл соңына қарай әлсірейді. Осыған байланысты бірінші толқында ауруды жеңіп шыққан науқас екінші кезеңде қайтадан ауруға шалдықпас үшін сақ болғаны абзал. Қазіргі таңда стационарларда екі мыңға жуық науқас емделіп жатыр. Жыл соңына қарай бұл сандар 35 мыңға жетсе ел аумағында төтенше жағдай режимі қайта енгізілетін болады. Тұрғындардың карантин талаптарын толық орындап, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндірмеуі ең бірінші кезекте індет тізіміне ілінгендер қатарын азайтпақ.

Президент берген пәрмен
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Осы жиында Мемлекет басшысы эпидемияны ауыздықтауға арналған түйткілді мәселелерге тоқталып өткен еді.
Бірінші мәселе тестілеу көлемінің төмендеуі жайында болды. Орташа алғанда қазір күніне 18 мың зерттеу жүргізіліп отыр. Бұл көрсеткіштің өте төмен екеніне мән берген Президент өңірлердегі тестілеу көлемін теңестіре алмау мәселесін де қозғады. 100 мың адамға шаққандағы тестілеудің ең төменгі деңгейі Қызылорда облысында тіркелген. Оған себеп тестілеуден өту ақысының қымбатшылығы. Зертханалар желісінің кеңеюіне және бүкіл әлемде тестілеу құнының төмендеуіне қарамастан, бізде бағалар 10-нан 18 мың теңгеге дейін болып қалуда. Осыған байланысты Президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бірқатар тапсырма берді.
Екінші мәселе дәрі-дәрмектің тапшылығына байланысты өрбіді. Бұл жағдайға сәйкес екі айға жететін қор жасақталып, қажетті дәрілердің тізімі ұлғайтылған. Бірақ өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес. Қасым-Жомарт Тоқаев олқылықтың орнын толтыруға Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Үшінші мәселеде белсенділігі төмендеген мониторинг жүргізуші топтар жайы сөз болды. Осындағылар тексерісті азайтқаннан кейін түрлі заң бұзушылықтар көбейіп, карантин талаптары ескерілмеген түрлі келеңсіз жайттар көп орын алып отырғандығы айтылды. Оның бір айқын дәлелі әлеуметтік желіні шарлап жүрген той-думандағы фотосуреттер.Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандарып, бақылауды күшейтуді ескертті.
Түйткілді мәселелердің төртіншісінде тапсырмаларды орындау барысындағы асыра сілтеу байқалғандығы және алдағы уақытта бұған жол берілмейтіндігі қаралып, пысықталды.
Басы ашық қалып отырған бесінші мәселе медицина қызметкерлеріне лайықты құрмет көрсетілуі хақында болды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Пандемияның екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны өзіне қабылдайтын дәрігерлер. Олар біздің басты ресурсымыз болып табылады. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттілігіне ешкім де күмән тудырмайды. Менің тапсырмам бойынша екінші жартыжылдықта төлемдерге 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда үстемеақылар мен сақтандыру төлемдерін алуда бюрократиялық кедергілер әлі де бар. Жергілікті жерлерде үстемеақылар бойынша “сандармен ойындар” жалғасуда, оларды бөлуде әлі ашықтық жоқ. Бұл жол берілмейтін жағдай. Сонымен қатар, бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін дәрігерлердің пайдасына шешпеуге тырысып жатыр. Пандемия кезеңінде 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болды. Қазір бұл істерді түрлі комиссиялар анықтауда.Жәрдемақы тек 37 отбасына төленді. Осыған байланысты Үкіметке осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, қаза тапқан дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды төлеу тапсырылады. Қызмет атқару кезінде медицина мамандары ауруының барлық расталған жағдайлары бойынша төлем сөзсіз қысқа мерзімде жүзеге асырылуы қажет. Коронавируспен күрес үшін үстемеақылар бөлігінде әкімшілендіру әкімдіктер желісі бойынша жүргізілуде, сондықтан өңірлер әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды тапсырамын»,– деді.
Елді алаң қылған коронавирустың екінші кезеңін толық бақылауында ұстап отырған ел Президенті барлық мәселенің басын ашып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге пәрмен беріп отыр.

Министрліктен келген мәлімдеме
21 қазан күні өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтқан еді. Ажар Ғинаяттың келтірген деректеріне сүйенсек, жақын арада уақытылы диагноз қою үшін аудандық ауруханалар 53 рентген аппаратымен жабдықталып, өңірлерге 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізілетін болады.
Денсаулық сақтау министрлігі бірінші толқында орын алған күтпеген оқиғалардан кейін бұл жолы сақадай сай екенін жариялауда. Қазіргі уақытта ПТР-тестілеуде күніне 48 мың сараптама жасалып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта 60 мыңға жеткізуді министрліктегілер межелеп қойған. ПТР-тесттердің әзірлігіне қажетті шикізаттың арзандауына байланысты сынама тарифін 22 процентке дейін төмендету ұсынылды. Сонымен ковидті анықтау сынамасының бағасы нақты қанша болатыны осы айдың соңына қарай жарияланады. Болжам бойынша, ұлттық тестілеу орталықтарында бір ПТР-тест тапсырудың бағасы 8 900 теңге болады, – деді Денсаулық сақтау мнистрі Алексей Цой соңғы мәлімдемелерінің бірінде.
Қазіргі таңда індетке қарсы дәрі-дәрмек қоры жиналып жатыр. Бұрын емдік затты шет аймақтарға тарату әуехабы бойынша 2 апта уақыт алатын болса, бұл мәселе қазір шешімін тауып, жолға қойылған. Қазақстанның қай бұрышындағы қоймаға болмасын тиісті дәрі-дәрмекті бір күнде жеткізуге мүмкіндік бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы қоймада 4 миллиард теңгенің дәрісі сақталған. Оның ішіндегі 400 миллион теңгенің препараты коронавирус індетіне арналған.
Күн сайын дәрі-дәрмек қоры жаңартылып отырған қазіргі сәтте медициналық ұйымдар 110 процентке препаратпен қамтамасыз етілген. Қазір Қазақстан үшін сатып алынған дәрі-дәрмектің 60 проценті елдегі 4 хабқа таратылып келеді.
«Біз дәрі-дәрмектерді барлық өңірлерге бірден таратып жібере алмаймыз. Себебі өңірлердегі қоймалардың аумағы 300 шаршы метрді құрайды, бұл дегеніміз бар жоғы 2 жүк көлік дәрі-дәрмек. Ал кейбір өңірлерде дәрі-дәрмекті сақтайтын қойма жоқ, сондықтан да жүк көліктері медициналық ұйымдарға тікелей жеткізіп береді. Бүгінде медициналық ұйымдардың сұранысын өтеуден бөлек, біздің қоймада 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Өңірлерге жүк көліктері тыным таппай күнделікті жеткізіп отыр», – дейді бұл жайында «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Аталмыш мекеменің берген ақпаратына сүйенер болсақ, қазіргі таңда 8,2 миллиард теңгені құрайтын коронавирусқа арналған 44 түрлі дәрі сатып алынған. Министрлік пен коронавирус індетінің алдын алуға жауапты мекемелер сағат сайын сайттар мен газет беттерінде соңғы жаңалықтарын жұрт назарына ұсынып отыр.

Аудандағы эпидахуал
Қазалы ауданы көлемінде карантин талаптары күшейтіліп, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бағытындағы мобильдік топ қарқынды жұмыс атқаруда. Жақында аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиевтің төрағалығымен аталған топтың отырысы өткен болатын. Соған сәйкес алдағы уақытта карантиндік талаптарға бағынбаған жеке және заңды тұлғаларға тәртіптік шаралар күшейетін болады. Арнайы бөлімдерге жекелеген тапсырмалар беріліп, түрлі бағыттағы карантиндік шаралардың орындалуы жіті қадағалануда.
Әлемді шарпыған ідет Қазалы жұртында айналып өтпегені анық. Ауданда алғаш рет 2020 жылдың 10 сәуірінде Covid-19 індетін жұқтырған бірінші науқас тіркелген болатын.Соңғы деректерге сай жерлестер арасында 24 адам жұқтырып, оның 20-сы айығып шығып, отбасына аман-есен оралған.
Коронавирустың екінші толқынының алдын алу мақсатында нақты қадамдар жасалып, арнайы іс шаралар жүзеге асуда. Медицина ұйымдары «таза» және «лас» аймақтарға бөлініп, кез келген қауіпке дайын тұр. Ауданаралық аурухананың 2-ші ғимаратында инфекция нақтыланған науқастарды емдеуге арналған150 төсек орны жасақталды.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жеке назарға алған «оттегі станциясы» құрылысына қаржы бөлініп, оның салынуы жоспарға енгізілді.Күн сайын медицина қызметкерлеріне жұмысқа кірісу алдында қызметтік міндеттерін түсіндіру күн тәртібіне қатаң қойылған.
Коронавирус инфекциясының екінші толқынының алдын алу мақсатында аурухананың қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем бөлімшесінде,жұқпалы аурулар бөлімінде , емханаларда оқу- жаттығу сабақтары, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу бағытында шұғыл іс-шара жоспары жасалған. Қазіргі таңда Covid-19 инфекциясының алдын алу бойынша аудан көлемінде 4 акция, 31 семинар өтіп, 56 125 буклет шығарылып, 18 200 үнпарақша таратылған. Аудандағы инфекцияға қатысты өтіп жатқан әлеуметтік желіден 8 іс-шара жарияланды.Онлайн және әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіледі.Медицина қызметкерлері жеке қорғаныш киімдерімен және арнайы залалсыздандыру ерітінділерімен қамтылған.
«Әрбір келіп түскен азаматты коронавирус індетін жұқтырған ықтимал тасымалдаушысы деп бағалай отырып,дәрігерлер мұқият тексеру жүргізеді.Белгіленген ережелерді қатаң сақтап,қабылдау бөліміне түскен науқастың температурасы,қан қысымы,сатурация анықталып,өкпе соғысы тыңдалады.Асқазан мен тері қабаты тексеріліп, ПЦР –ге жұғынды алынып,талдауға жіберіледі», – дейді Қазалы ауданаралық ауруханасының дәрігер эпидемологы Эльмира Нуптуллаева.
Байқағанымыздай екінші кезеңге дайындық толыққанды орындалуда. Аудан көлемінде нақты шаралар жүзеге асып, мобильдік топ халық арасында карантин талаптарының бұзылмауын ерекше қадағалауда. Тұрғындар жағдайға салғырт қарамай сақтық шараларын толық орындағаны абзал. Себебі бұл бірінші кезекте жауапкершілікке ­бастайды.

А.ҚАЛДЫБАЙ
24 қазан 2020 ж. 524 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 48

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 96

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 104

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 73

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 104

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031