Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмда өскен қарағай

Қарақұмда өскен қарағай

Бүгінде көркі көз тартатын, зәулім ғимараттары аспанмен таласқан Дубай қаласының орны кезінде көк шөп өспейтін сахара шөл болғанын көпшілік біледі. Бұл үшін араб мемлекеті қыруар қаржы жұмсағаны түсінікті. Олар тіпті табиғаттың ылғалдылығын, күннің қызуын реттейтін құрылғылардың алдын жасап шығарғаны да ғаламторда желдей ескен еді. Бұл әлем халқының таңданысын тудырды. Біз әңгіме еткелі отырған оқиға дәл Дубай тұрғызғандай жаңалық болмауы мүмкін. Бірақ сусыз жерде, қарақұм құшағына қарағай екті дегенге сенесіз бе? Шөл далада тал түгілі көк шөптің көтерілуі мұң екенін ескерсек, таңдай қақпасқа шара қалмайды.
Ертедегі қыш құмыра мен көне монеталар коллекционері, Тапаның тарихы туралы жазған мақаламыз көзі қарақты оқырманның есінде болар. Онда бар-жоғы бес-алты үй қоныстанған, мал өсірумен айналысып отырған аядай ғана ауылдың тұрғыны Аманжол Жұмабеков туралы жазылған еді. Елді мекен аумағынан топыраққа көмілген көне жәдігерлерді жинап жүрген әуесқой археолог Қарақұм беткейінде қарағай өсіріп отырған бағбан ретінде кезекті мәрте көрініп отыр. Ауызсуды құдықтан тартып ішіп отырған ақсақалдың ауласында жайқалған бау-бақшасы да бар.
Жақында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қарақұмға сапары барысында Тапа ауылына арнайы соғып, еңбекқор ақсақалға сәлем берді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, ауылға ауызсу жеткізу мәселесі бірер жылда шешілетінінен хабардар етіп, Аманжол Жұмабековтен шөл далалы аймақта кездесе бермейтін қарағайды қалай баптап өсіргенін сұрады. Аманжол Жұмабеков табиғатқа бір табан жақын болып, өсімдіктердің бабын түсіне білген адамға шешілмейтін жұмбақ емес екенін жеткізді.
– Ең бастысы, адамға ынта керек және алға қойған мақсатың айқын болуы шарт. Қарағайды еккен бойда жапырағы жайқалып, бір мезгілде тіршілікке ілесіп кетті деп айта алмаймын. Алғашында дұрыс күтім жасай алмай біршама көшеттерді «өлтіріп» алдым. Онан соң қарағайдың осы түрін көршілес Ақтөбе облысынан алдырып, қайта ектім. Қазір ауламда 18 түп қарағай өсіп келе жатыр. Ең үлкенінің бойы 3 метрге жобаласады, – деді бағбан. Ақсақал мұнан бөлек есік алдына жеміс ағаштарын да отырғызған. Биыл өрігі мен шабдалысы өнім бергенін мақтанышпен айтып берді.
Аудан орталығынан жырақта, Қарақұмның ортасында тұратын Аманжол ақсақал бұл жақтағы өміріне еш өкінбейді. Қайта өзін осы аумақта бақытты сезінетінін жеткізді. Ал аудан орталығына той-томалақтарға, ағайын-туыстың қуанышымен бөлісуге жиі барып тұратын көрінеді. Әңгіме аяғында М.Нәлхожаұлы аудан жұртшылығына өзінің жан-жақтылығымен танылып, қоғам дамуына, тарих пен табиғаттың гүлденуіне еңбек етіп жүрген ақсақалдың барлық бастамасына береке тіледі.
Шөлдалада қарағай өсірген қарияның бұл ісі өзге де ауыл тұрғындарына, әрі-беріден соң аяқсу есік алдына келіп тұрса да ағаш екпейтін, табиғаттың гүлденуіне үлесін қоса алмай жүрген жерлестерге нағыз үлгі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 қыркүйек 2020 ж. 1 794 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031