Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда несие алу қиындайды: 2026 жылдан бастап не өзгереді?

Қазақстанда несие алу қиындайды: 2026 жылдан бастап не өзгереді?

2026 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда тұтынушылық несиелерге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді.
Фото: pixabayФото:
pixabay
Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін капитал жеткіліктілігіне қатысты ережелер күшейтіледі, ал жылдық тиімді мөлшерлеменің шекті деңгейі 40%-ға дейін төмендейді. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс көптеген қазақстандықтардың несие алу мүмкіндігін шектейді, әсіресе табысы ресми тіркелмеген немесе қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға әсер етеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Несиелеу нарығы нысаналы сипат алады
Экономист Бауржан Шурмановтың пікірінше, жаңа шектеулер ең алдымен табысы тұрақсыз немесе ресми емес азаматтарға әсер етеді. Банктер енді клиенттердің кіріс көздерін мұқият тексеріп, қажет болған жағдайда салықтық декларация деректерін де пайдаланатын болады.
«Сонымен қатар, мерзімі өтіп кеткен қарызы бар немесе қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға несие алу қиындайды. Банктер үшін тәуекелі жоғары портфельдерді ұстау қымбатқа түседі, сондықтан олар тек төлем қабілеті дәлелденген, “ашық” клиенттерге басымдық береді», — дейді экономист.
Шурмановтың айтуынша, жылдық тиімді мөлшерлеменің 40%-ға дейін төмендеуі бірқатар тұтынушылық және микрокредиттердің табыстылығын азайтады. Әсіресе шағын сомаға, қысқа мерзімге берілетін несиелер мен POS-бөліп төлеу жүйелері қысымға түседі. Ал несие тарихы жақсы клиенттер үшін шарттар көп өзгермейді.
«2026 жылдың сәуірінен бастап банктердің бөлшек несиелер бойынша капиталына жаңа талаптар енгізіледі. Бұл қаржы институттарын қатаңырақ болуға мәжбүрлейді. Қысқа мерзімде халықтың бір бөлігі несие алу қиындығына тап болады, бірақ ұзақ мерзімде бұл шаралар нарықты сауықтырып, жүйелік тәуекелдерді төмендетеді», — дейді ол.
Экономистің айтуынша, несиені тек қаржылық мүмкіндігі бар азаматтар алатын жағдай қалыптасса, бұл нарықтағы тәртіп пен жауапкершілікті арттырады. «Жаппай сұраныс» кезеңі аяқталып, «нысаналы іріктеу» кезеңі басталады.
Алайда сарапшы көлеңкелі несиелеу қаупінің күшеюін де жоққа шығармайды.
«Ресми нарық шектелген кезде, ал халықтың ақшалай қажеттілігі сақталғанда, бір бөлігі заңсыз кредиторларға бет бұрады. Сондықтан шектеулермен қатар онлайн және микроқаржы ұйымдарына бақылауды күшейту қажет», — дейді Бауржан Шурманов.
Несие азаяды, талаптар күшейеді
Экономист Арман Байғановтың пікірінше, 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап несиелеу мүлде тоқтап қалмайды, алайда банктердің несие саясаты түбегейлі өзгереді.
«Жаңа талаптарға сәйкес, банктерге қосымша резерв құру қажет болады, бұл өз капиталының көбірек жұмсалуын талап етеді. Соның салдарынан тұтынушылық несие беру табысы азаяды, ал банктер кәсіпкерлік бағыттағы жобаларға көбірек көңіл бөледі», — дейді ол.
Маманның айтуынша, жылдық тиімді мөлшерлемені 40%-ға дейін төмендету (яғни шамамен 31–32% жылдық) тұтынушылық несиелер көлемін қысқартады.
«Бұл әсіресе микроқаржы ұйымдарына ауыр соққы болады. Себебі олардың қаржыландыру құны банктерге қарағанда жоғары. Егер банктер депозиттерді 14–18% мөлшерлемемен тартса, микроқаржы ұйымдары жиі 20–23% пайызбен облигация шығарады немесе шетелден инвестиция алады. Мұндай жағдайда 32% жылдықпен несие беру тиімсіз», — деп түсіндірді экономист.
Байғанов сондай-ақ шетелдік қаржы көздеріне тәуелді кейбір банктер үшін де бұл жағдай табыстылықтың төмендеуіне алып келетінін айтады. Бұл факторлар банктерді несие беру кезінде сақтыққа итермелейді.
«Ресми сектор шектелген кезде көлеңкелі несие берушілердің белсенділігі артуы мүмкін, әсіресе ауылдық аймақтарда. Мұндай тәуекелдерді толық жою қиын, сондықтан бұл бағытта Қаржылық мониторинг агенттігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі», — дейді Байғанов.
Экономистің айтуынша, банктер енді клиенттің табысына қарай несиенің шегін нақты белгілейді – қарыз көлемі ресми табыстың 50%-ынан аспауы тиіс. Бұл борыштық жүктемені азайтады және қаржы тәртібін нығайтады.
«Несие алу қиындайды, бірақ нарық соның есебінен тұрақтанады. Банктер клиенттердің төлем қабілетін нақты бағалап, қарызды қайтару мүмкіндігі бар азаматтарға ғана несие береді», — дейді сарапшы.

24 қазан 2025 ж. 98 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031