Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылына дайындық басталды

Жаңа оқу жылына дайындық басталды

Жалпы осы жылдың әлем тарихында ойып тұрып орын алатыны даусыз. Жер шарын жайлаған індет талай жанның көрер жарығын сөндіргені жұмыр басты пенденің ұмытылмас күніне айналатыны анық. Дегенмен бұл коронавирус түбегейлі тыйылды деген сөз емес. Өткір мәселенің бірі өткен наурыз айынан басталған вирустың салдарынан оқу жылын онлайн тәмамдаған шәкірттердің жай-күйі. Алдағы уақытта оқушылар білімді қалай алады? Қыркүйек айында басталатын сабаққа білім саласының мамандары қандай дайындық жасап жатыр? Шалғай жатқан елді мекендердегі шәкірттер халі не болады? Міне, осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіткелі отырмыз.
Негізі 1 қыркүйектен ­бастап жаңа оқу жылы шалғайда орналасқан шағын жинақты ауылдық мектептерді қоспағанда, аймақ бойынша қашықтан оқыту форматында басталады. Ата-аналар өтініштері арқылы 1-4 сынып оқушылары үшін арнайы кезекші сыныптар ашылуға дайын. Десе де ондағылардың саны 10-15-тен аспауы қажет. Сондай-ақ санитарлық талаптарды қатаң сақтауды міндетті түрде естен шығармау керек. Бұл жайында жақында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді.
– Биыл аймақтың 243 мектебінде оқушылар сабақты қашықтан оқиды. Аталған бағыттағы сабақты ұйымдастыруда оқушылардың электронды құрылғылармен, интернетпен қамтылуына сараптама жүргізілді. Соған сәйкес олардың қажеттілігіне қарай компьютер мен планшеттер беріледі. Бірінші кезекте оған әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көп балалы отбасының балалары қол жеткізеді. Осы ретте басқарма тарапынан мектеп балансындағы компьютері жоқ мұғалімдер саны анықталып жатыр. Алдағы уақытта облыстық мұғалімдер кәсіподағының демеушілігімен 300 ұстаз электронды құрылғымен қамтылады, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздегі коронавирус індетінің алдын алу, оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылының бірінші оқу тоқсанында еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту енгізілуіне байланысты ауданымыздағы күндізгі нысандағы 37 білім беру ұйымының 31-і қашықтан, ал 6 мектепте бала саны 100-ден кем болғандықтан дәстүрлі түрде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып мектеп қабырғасында білім беру жүргізілетін көрінеді. Атап айтар болсақ олар №78, №134, №259, №146, №258, №93 мектептер. Сөз етілген түйткілдерге қатысты аудандық білім бөліміне хабарластық. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали:
– Биылғы жаңа оқу жылында ауданымыз бойынша 9692 отбасынан 15963 оқушы білім алады деп ­жоспарлануда. Сөйтіп былтырғыға қарағанда 518-ге артып отыр. Сонымен бірге жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 1850 бала келеді деп күтілуде. Ауданымыздағы білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту үшін қажетті электронды құрылғылары мен олардың интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне байланысты мониторинг жүргізілді. Соның ішінде үй жағдайында қашықтан оқытуға қосылу үшін әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған және ерекше білім беруді қажет ететін отбасы балаларына электронды құрылғылар қажет. Олардың саны 223 отбасының ішінде 487 баланы құрайды.
Осы аталған 223 отбасының басым көпшілігінің үйлерінде интернет нүктесінің болмауына орай, қайтарымды негізде планшеттер алып беру жоспарланып отыр. Ондағы планшеттер мен Sim карталарды алуға және интернетке қосылу үшін тарифтік құнына қажетті қаржы мөлшері есептеліп, қаржы көздері қарастырылуда.
Сонымен бірге үйлерінде интернет нүктесі бар, бірақ компьютері жоқ 227 отбасының 351 баласына мектеп теңгеріміндегі компьютерлер қайтарымды негізде беріліп, қашықтан оқытылатын болады, – деді.
Жоғарыда ата-аналардың өтінішіне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, бастауыштың 1-4 сыныптарынан кезекші топтардың ашылатынын айтқан едік. Соның негізінде бүгінгі таңда 256 кезекші топтарда 3430 бала мектеп қабырғасында білім алады. Осы кезекші сыныптарды жүзеге асыратын мектептер мен дәстүрлі түрде білім беруді жүзеге асыратын 6 білім беру ұйымында қатаң түрде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау үшін қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтарды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жауаптылар шалғай ауылдағы оқушылардың да жайын ұмыт қалдырып отырған жоқ. Шәкірттерге қолайлы жағдай жасап, жоғары деңгейде білім алуларын қамтамасыз етіп, жіті назар аударып отыр. Біз білетін мектебі жоқ, яғни елді мекендерден тасымалданатын 15 оқушы өз үйлерінде, интернатта жатып білім алатын 94 оқушы тұрғылықты жеріне жақын ағайындардың отбасыларында, аралас форматта, ал №134 орта мектеп жанындағы интернатта жататын 22 оқушы дәстүрлі форматта білім алатын болады.
Сондай-ақ кешкі мектептегі 71 оқушы және Қорқыт ата атындағы музыка мектебінде білім алатын 578 оқушы, денсаулығына байланысты үйден оқытылатын 89 оқушы онлайн оқыту жүйесіне көшіріледі.
Зерттей келе аудандағы 2425 мұғалімнің ­1780-і, 37 мектеп директорының 34-і жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өткен. Сонымен қатар ағымдағы жылдың тамыз айының 17-22 күндері аралығында ауданымыздың барлық пән мұғалімдері тағы да «Қашықтан оқытуды ұйымдастыру» тақырыбы бойынша арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Айта кетейік, аудандық білім бөлімі мен барлық мектептерде онлайн оқыту технологиялары енгізілуіне орай ата-аналар мен оқушыларға онлайн оқытуды ұйымдастыруға байланысты электронды құрылғыларды пайдалану, үй тапсырмаларын алу, кері байланысты орнату сұрақтары бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, Call орталықтары ашылады. Оған қоса аудандық білім бөлімі мен мектептердің әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлама жасалып, ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар сабақтарды қандай телеарналардан қарай алатыны туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, көктемгі тәжірбиеге сәйкес телесабақтар да әзірленіп жатқан көрінеді. Қазіргі таңда барлығы 6000-нан астам телесабақ түсіріліп жатыр екен. Теледидар сабақтары «Әл-Фараби» және «Ел арна» арналарында көрсетіледі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктерімен бірлесе отырып осы арналармен қамтылу картасы дайындалған. Соның негізінде 604 елді мекенде осы каналдарға қол жетпейтіні анықталған. Аталған мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутник антенналар орнату арқылы шешіледі. Сонымен бірге оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауданға қарасты ауылдық жерлердегі мектептерде «Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп, тіпті кейбірі пайдалануға беріліп үлгерді. Бұл алдағы жылы оқушылар қайта жөндеуден өткен білім ошақтарында білім алады дегенге саяды.
Індет балалардың мектеп қабырғасында жүріп білім алуына кедергісін келтіріп тұр. Алайда онлайн оқитын оқушылардың жайы жіті назарда болуы тиіс. Олардың жоғары деңгейде білім нәрімен сусындауы қатаң қадағаланып, барлық жағдай жасалса нұр үстіне нұр дер едік.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
08 тамыз 2020 ж. 571 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031