Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәріне таныс Бекарыс

Бәріне таныс Бекарыс

Еріктілер жылы басталғалы әлеуметтік желіде жергілікті белсенді, жомарт жандардың қарасы көбейіп келеді. Бұл әсіресе әлемді індет жайлаған тұста мемлекетке айрықша көмек болды десек қателеспейміз. Осы еріктілердің арқасында жасанды тыныс алу аппараттары, оттегі баллондары сатып алынып, сырқаттанған қазалылықтар игілігін көруде. Бұдан бөлек жұртты ақпараттандыруда, үйде отырып, карантин талаптарын сақтауға шақырып жүрген ерікті жас Бекарыс Абдулланы көпшілік жақсы таниды. Жастар жылында, оған дейін де аудан тіршілімен біте қайнасып жүрген оның жақында тұрғындарға тегін бетперде таратқанын көріп, тағы да сүйсіндік.
Жуырда жиырмаға толған Бекарыс Күрішбекұлы отбасында екі ағайынды. Жастайынан оқуға зерек, талабы ұшқыр бала 2006 жылы №266 мектеп-лицейге қабылданған. Бірақ өзі мектеп қабырғасында тек білім алуға ғана көңіл бөлгенін айтады. Бұны аяқтаған соң Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті атанады. Оның қоғамдық іс-шараларға араласуы осы сәтпен тұспа-тұс келеді.
– Колледжде ауыл-аймақтардан, көршілес аудандардан көптеген талантты жастар жиналған екен. Олармен араласып, дос болып кеттік. Барлығымыз білім ордасының шараларына қалмай қатысатынбыз. Кейін әзіл-сықаққа жақын жігіттер ақылдасып, «Жайдарманда» бақ сынап көруді шештік. “Evaluation” жайдарман тобы бірнеше жылдар бойы колледж абыройын асқақтатып тұрды, – дейді ол.
Шыныда да өткен жылдары әзілқой жігіттердің өнері ел аузында жүретін. Тіпті Қазалы ауданы атынан республикалық деңгейдегі сайыстарда топ жарғандары бар. Елдің барлық ірі қалаларына барып, көрермендерді сүйсіндіріп қайтқан. Бұдан бөлек Бекарыс жас еріктілерден құралған “Достар алаңына” да мүшелікке өтіп, бірқатар тындырымды істер атқарған. Ал жастар орталығында ерікті ретінде қоғамдық шараларға араласып жүргеніне төрт жылдан асқан. 16 жасында қоғамға қандай пайдамды тигізе аламын деп алаңдаған жас өскіннің жігеріне тамсанбау мүмкін емес. Айтуды ұмытып барамыз, Бекарыс “Жұлдызды сәт” байқауының 2016 жылғы жеңімпазы. “Осыдан кейін белсенділігім одан сайын артып кетті”, – деп әзілдейді ол.
Қайбір жылдары ауданның еріктілері қазалылық Медина есімді бүлдіршіннің еміне қаржы жинау үшін қайырымдылық концертін өткізгенін жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ “25 жас – 25 игі бастама” жобасы аясында да көптеген көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетілді. Қыс мезгілінде қариялардың ауласын қардан тазарту, отын жеткізіп беру сияқты үлгілі істердің куәсі болдық. Мұның барлығының басы-қасында Бекарыстың жүретіні үйреншікті көрініске айналып кеткен. Содан да болар 2018 жылы ауданның үздік ерікті азаматы атанған.
Өзін отқа да, суға да тастап шынықтырғанды дұрыс санайтын жалынды жастың ендігі мақсаты кәсіп ашу. Келешекте ең алдымен жұртшылыққа көбірек көмегі тиетін, биік белестерді бағындырған кәсіпкер атансам дейді. Бұдан соң мұқтаж жандарға қол ұшын созатын меценат болатынын үлкен сенімділікпен айтты. Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп жатқан Бекарыс университетте білім алып жүр. Жан-жақты, өзін дамытуды міндет санайтын бозбалаға ата-анасы, бауырлары да нық сенім артады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 шілде 2020 ж. 483 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 43

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 32

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 57

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 69

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031