«Жайылманың қарбызы өтпей жатыр» – қызылордалық диқандардың жанайқайы
Қызылорда облысының диқандары бау-бақша өнімін жинауға кірісті. Алайда өнімді өткізу, тасымалдау жағы қиынға соғып тұр, – деп хабарлайды «Хабар 24».
Телеарнаның хабарлауынша, жыл сайын көрші мемлекеттердің алыпсатар саудагерлері Сыр өңірінен тонна-тонна қауын-қарбызды өздері тиеп алып кететін. Ресейдің Челябі, Түмен, Орск қалаларына жөнелтілетін. Биыл карантинге байланысты сауда-саттық сап тыйылды. Шаруалар болса өнім жарамсыз болып, шығынға батамыз ба деген үрейде отыр. «Жайылманың қарбызы» деген бренд кезінде бүкіл одаққа тараған. Жыл сайын тәтті шырыны тіл үйіретін бақша дақылдарын саудалап алуға сонау Ресейдің шалғай өңірлерінен кәсіпкерлер ат арытып келетін. Егістік басындағы ұзын-сонар кезек болатын. Ал биыл соның бірі де жоқ.
Бағбан Әбдіманап Нышанбаев: «Өткізу қиын болып жатыр. 2 гектарға егіп жатырмыз. 35-40 тоннадай аламыз. Кәсіп осы – диқаншылық. Қысқы азығымыз – осы», – дейді.
Жайылмалық шаруашылықтар жылда 500 гектар жерге дән сеуіп, 15 мың тоннадай өнім жинайтын. Ауыл тұрғындарының күнкөрісі қарбыздан түсетін пайдаға тікелей байланысты. Ауылдағы ағайын мемлекеттен қолдау күтеді.