Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы

Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы

Қазалыда білім мен өнерді ұштастырған шәкірттер жетерлік. Баланың бойындағы талантын ұштап, одан әрі жандандыруда ұстаздардың да еңбегі ерекше. Біздің сіздерге таныстырғалы отырған өнерлі өрендер елдің ертеңі, кемел келешегі боларына сенім мол.
Өнерлі балалардың бірі – Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектептің оқушысы Қуандық Дайрабай, 2 сыныпты аяқтады. Сынып жетекшісі Шаргүл Мырзағұлдың айтуынша, Қуандық математика пәнінен олимпиадаларға жиі қатысады. Оның өнер-білімге деген құштарлығын байқаған сәттен-ақ апайлары алға жетеледі. Ұстаздық қызметтегі анасы Айнұр Ерболқызы да үнемі баласын түрлі білім бәйгелеріне қатыстырып, бақ сынауына септігін тигізді. Балабақшада жүрген кезінен көпшілік алдында өнер көрсетуге дағдыланған Қуандық мұғалімдерінің сенімін ақтай білді. Ол бірнеше рет мектеп директорының алғыс хат, дипломын алды. Мектепішілік «Алтын күз – 2018» байқауында сайыс шарттарын бұлжытпай орындап, көрермен көзайымына айналды. Білім ордасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Рәміздер – елімнің мақтанышы» атты жас суретшілер байқауында бас жүлде иеленді. Бастауыш пән бірлестілігінің «SMART-pedagog:izdenis.tagiribe.qundylyqtar» атты апталығында түрлі сайыстарға белсене қатысқаны үшін марапатталды.
Халықаралық «ПОНИ» (Пайымда. Ойла. Нәтижеле. Игер!) байқауының жүлдегері. WWW.IQCTNTER.KZ интеллектуалды білім порталы мен республикалық «Ұлан» басылымының ұйымдастыруымен өткен шығармашылық байқауда «Астана» номинациясы бойынша үздік деп танылды. TIO Дәстүрлі интернет олимпиадасында математика және ағылшын тілі пәндерінен бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қуандық Қуанышұлы үздік оқумен қатар спортты да жанына серік еткен. Қазалы қаласындағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі қазақ күресі үйірмесіне барады. Спортқа баулып жүрген ағайы Есен Қанышовтың епті шәкірттері қатарында. Бірнеше рет жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп үлгерді.
Үш жасынан бастап ән айтып, сахнаның сәніне айналған бүлдіршіннің есімі – Перизат Алмас. Ол Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің үздік оқушысы. Математика, музыка пәндеріне деген сүйіспеншілігі жоғары. Немересінің өнерге деген икемін байқаған әжесі оқушылар үйіндегі ән үйірмесіне апарды. Балғын әншінің жеткен жетістіктері де аз емес. Аудандық «Әнші балапан» байқауының жеңімпазы. Республикалық «Самға жұлдыз», «Жас дарын», «Қазақ үміті» және халықаралық «Жеті өнер» байқауларының лауреаты.
Перизатқа ата-анасы Жасұлан мен Ажар қолдау білдіреді. Анасы қызының сахналық көйлектерін таңдауға көмектеседі. Ал ән қалауда әжесі Нағима Көптілеуқызының еңбегі зор.
Әлі де биік белестерді бағындырар бүлдіршіннің болашағынан жақындары үкілеген үміт күтеді. Перизат Жасұланқызының әншіліктен де өзге қыры жетерлік. Өнерлі оқушы суретті де жақсы салады. Нақышына келтіріп көркемсөз оқиды. Перизат «Мәңгілік ел алыптары» атты республикалық көркемсөз оқушылар байқауында бас жүлдені жеңіп алып, халықаралық байқауға жолдама алған. Талантты шәкіртті шыңдаған жетекшісі Нағима Қарымсақова «Үздік көшбасшы педагог» төсбелгісімен марапатталды.
Елдос Жалғасбай биыл 8 сыныпты аяқтады. Ол Әйтеке би кентіндегі №70 мектептің оқушысы, сынып жетекшісі Ләззат Ешмаханова.
Елдос отбасының тұңғышы, үздік оқушылардың бірі. Барлық сабақты жақсы оқиды, әсіресе математика пәніне ерекше ынталы. 5 сыныпта жүргенінде сыныптасынан оқушылар үйінде робототехника үйірмесі бар екенін естіп, қызығушылығы оянады. Ертеңіне досымен бірге үйірмеге жазылуға барады. Міне содан бері Елдос осында үзбей келеді. Алғыр шәкірт үйірме жетекшісі Қайрат Ораздың берген әрбір тапсырмасын бұлжытпай орындайды.
– Алғаш келгенімде ағай ­конструкторлар мен робот блоктарымен таныстырды. Алдымен нұсқаулыққа қарап жұмыс істедік. Кейіннен қиял арқылы өзіміз ойлаған, қоршаған ортаға пайдасы тиетін заттарды жасап үйрене бастадық. Сол жылы аудандық жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орын иелендім. Көктем мезгілінде бізге Қызылордадан жолдама келді. Мен өзімнің өрт сөндіргіш шағын катерімді алып бардым. Облыстық жарысқа бірінші қатысуым еді, үшінші орынмен оралдым. Бұдан соң «Cumo» роботтарымды құрастырдым. Қазалыға депутаттар іссапармен келгенде роботтарымды көрмеге қойдым. Бұл мен үшін зор мақтаныш, – дейді жас өнертапқыш.
Елдос бұдан кейінде бірнеше жетістікке қол жеткізді. Жарыстардан үнемі олжалы оралатын жеткіншек жуырда «Жас өнертапқыштар» жарысына қатысты. Сайыста екі сала бойынша бақ сынады. Олар жіп иіретін станок және екі роталық танк деп аталады.
Елдос екеуі бойынша да жүлделі бірінші орын тұғырынан көрініп, Талдықорған каласындағы республикалық байқауға жолдама алды.
Жас өнертапқышты әкесі Берікбай Жалмағанбетов пен анасы Жаңылсын Байназарова үнемі қолдап отырады. Озық ойлы шәкірттің шығар шыңы алда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 мамыр 2020 ж. 1 353 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930