“Ұйымдасқан ұтады”
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес, Қазалы ауданында «Бірлік-Единство» этномәдени қоғамдық келісім бірлестігі ашылып, жұмыс істеп келеді.
1 мамыр мерекесі қарсаңында ауданда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық бірлікті сақтау мақсатында құрылған бірлестіктің төрайымы Нафиса Жұмамен сұхбаттастық.
– Нафиса Тайырқызы, «Бірлік-Единство» этномәдени қоғамдық келісім бірлестігінің қоғамдағы маңызы қандай?
– «Теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан» демекші, ұйымдасқаннан ешкім ұтылмайды. Бірлестік елдегі татулықты, тұрақтылықты сақтауға күш жұмсайды. Ол үшін мемлекеттік мекемелермен, әсіресе, аудандық ішкі саясат бөлімімен, білім және әлеуметтік саламен тығыз байланыс орнатқанбыз. Сонымен қатар, қайырымдылық, туризм, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, діни экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Тіл саясатын дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күресу және саяси белсенділікті арттыруды да назардан тыс қалдырмаймыз. Елбасы саясатының саясында атқарылған істің нәтижесі жаман емес. Адамдар арасында, ұлттар арасында сыйластықтың көрінбейтін жібі жалғанған.
– Бірлестік күні бүгінге дейін қандай мәнді шаралар өткізді?
– Бірлестік құрылған үш жыл ішінде аудан көлемінде көптеген шараның өтуіне ұйытқы болды. Мәселен, түрлі тақырыптарда семинар, тренинг, дөңгелек үстел, конференциялар ұйымдастырдық. Мәдени, спорттық және бұқаралық шараларға белсене қатысамыз. Білім беру сапасын көтеру бағытында оқу-әдістемелік деректерді зерттеуге де атсалысып келеміз.
Біз «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз», «Біз көп ұлтты қоғамбыз» деген қағиданы ұстана отырып, халықаралық бағдарламалар және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жобалар аясында жұмыс істейміз. «Бірлік-Единство» бірлестігі аудандағы бірнеше ұлттың басын қосты. Барлығы бір үйдің адамындай бір-бірімен емен-жарқын араласады. Түрі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір жандар қазақ елінің қонақжайлығына дән риза. Өздері де қазақы салт-дәстүрлерге құрметпен қарайды және орындайды. Тағдыр тәлкегімен бірінің ата-анасы, енді бірінің арғы атасы Қазақстанға қоныс аударылған. Қазіргі таңдағы өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі Қазалы топырағында дүниеге келгендер.
– Аудан бойынша өзге ұлт өкілдерінің саны қанша?
– Нақты айтқанда, 151 орыс, 26 кәріс, 27 неміс, 36 татар, 65 өзбек, 18 украин, 2 әзербайжан, 1 қырғыз, 1 башқұрт, 2 түркімен, 3 грек және басқа да беларус, поляк өкілдері бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан күйде тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
– Ал бірлестік құрамында қанша адам бар?
– Он адам бар. Олардың атын атап кетейін: Галина Шамина, Надежда Ли, Елена Юркова, Наталия Баркова, Ольга Вольнова, Любовь Медведева, Елена Андреади, Фатима Тухватулина, Анна Хегай. Дегенмен, бірлестік құрамында болғысы келетін, бізбен жұмыс істегісі келетін әрбір азаматқа есігіміз ашық.
– Нафиса Тайырқызы, мереке қарсаңында өзіңіздің лебізіңізді естісек...
– Бірлік күні құтты болсын. Біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда, ашық аспан астында өмір сүріп келеміз. Бұл – Елбасының сындарлы саясатының, қазақ елінің кең пейілі мен дархан көңілінің арқасы. Қазақстан атты үлкен шаңырақ – бірнеше ұлт өкілінің ортақ Отаны, ыстық ұясы, өсіп-өнген өлкесі.
Еліміз тыныш, жұрт аман болсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА