Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза ұстау – парыз

Ораза ұстау – парыз

Рамазан айында ораза ұстау – күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті амал. Оның үкімі – парыз. Бақара сүресінде: ­«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны ­айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. ­Кімде-кім ауру ­болып, әйтпесе ­сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді», – деген аятта оның қаншалықты маңызды екені айшықталған. Сондай-ақ Алла жолында ауыз бекіту – адам нәпсісін тыйып, ­рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінез қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты қасиетті айда орындалатын амалдарға ішінара өзгерістер енгізілді. Бұл жайында Жанқожа батыр атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік Сүлейменовпен әңгімелескен едік.
– Берік Мәдиұлы, алдымен оразаны кімдер ұстанатыны, кімдер босатылатыны жайлы сөз қозғасақ...
– Негізінен «Ораза» ұғымы араб тілінде «ас-соум» деп аталып, өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген мағынаны білдіреді. Ислам шариғаты бойынша ораза айында ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылман таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ жыныстық құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылуы тиіс.
Балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман бұл жоралғыға салмақты қарауы керек. Өйткені бұл бес парыздың бірі. Дегенмен оразадан босатылатындар да бар. Оларды екі топқа бөліп қарауға болады.
Біріншісі оразаның қазасын өтемей, садақа беру арқылы орындайтындар. Бұған рамазан айында да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер және жалпы ауру-сырқаты жазылмайтын жандар жатады. Олар оның орнына «фидия» берулеріне болады. Фидия садақасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орта есеппен бір күнге 1700 теңге деп бағалап отыр.
Сапардағы адамдар, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдер шарана денсаулығы үшін қауіптенсе бұл парыздан босатылады. Сонымен қатар рамазан айында, босанғаннан кейін «хайыз» келген әйелдер ораза тұтпайды. Бірақ рамазаннан кейін ауыз бекітпеген күндерінің қазасын өтеулері тиіс.
– Қандай жағдайда ораза бұзылады?
– Әдейі бір нәрсені жеп-ішу адам ниетін рәсуә етеді. Алла елшісі (с.ғ.с) хадисінде:«Оразаны кірген нәрселер ғана бұзады, шыққан нәрселер емес», – деген. Бұдан бөлек таң намазынан ақшам намазына дейінгі аралықта, аузы берік кезінде ерлі-зайыптылардың жақындасуы оразаны бұзады.
Қарапайым күндерде де рұқсат етілмегендей темекі шегу, насыбай атуға болмайды. Бұлардың қатарына аузы берік адамның дәрі ішуіне, құрамында нәрлі заттары бар екпе қабылдауына тыйым салынған. Белгілі бір мақсатта әдейі құсық шақыру да құпталмайды.
Қасиетті айда ниет еткен мұсылман ораза ұстап жүргенін ұмытып кетіп, байқамай дәмнен ауыз тиіп қойса, есіне қайта түскен уақытта жеуді дереу тоқтатып, оразасын жалғастыруына болады. Сондай-ақ иіссу сеуіп, көзіне сүрме жағуға, көзіне және құлағына дәрі тамызса, салқындау мақсатында душ қабылдап, немесе суда жүзсе ораза бұзылмайы.
Көп адамдар түкірігін жұтып қойса, ораза бұзылады деп ойлайды. Алайда оны жұту, дәрет алу барысында және одан тыс уақытта тазалық, салқындау немесе күш-қуат алу үшін аузын шаюға, тістерін қолымен немесе тіс щеткасымен тазалауға, әйелдің сәбиі үшін тамақ шайнап беруіне рұқсат етіледі.
– Рамазан айында ораза ұстағандарға қандай сауап жазылады? Біреуді ауызашарға шақырып, дәм татқызғандарды қандай жақсылық күтіп тұр?
– Игі амалдармен бәсекелесу – әрбір мұсылманға тән сипат. Шарапатты айдағы сан алуан ғибадаттың ішінде ауызаштырудың сауабы орасан зор. Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Қандай амал абзал?», – сауал қойылғанда ол: «Таныс болған және таныс емес кез келген адамды тамақтандыру және сәлем беру» – деп жауап берген. Яғни Рамазан айында адамды жынысына, нәсіліне қарамастан тамақтандыру – салихалы амалдардан болып саналады. Басқа бір хадисте: «Кімде кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады» – делінген. Бірақ қазіргі төтенше жағдайға байланысты адамдарды топтастырып, ауызашар беруге болмайды. Сол себепті ауыз аштыруға жұмсайтын қаражатты жағдайы төмен отбасыларға садақа еткен абзал.
– Биылғы пітір садақасының мөлшері қандай? Қадір түні мен айт мерекесі қай күнге сәйкес келеді?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге көлемінде бекітілді. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылған. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал.
Сонымен қатар елдегі ахуалға байланысты ҚМДБ Kaspi Gold арқылы пітір садақасын беру мүмкіндігін қарастыруда. Бұдан бөлек мешіт аулаларында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, келушілердің арақашықтығын сақтап, пітір берушімен оны жинаушы арасын алшақатып, қажеттілігіне қарай ашық алаңда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Мамыр айының 19-нан 20-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал Ораза айт мерекесі 24-ші мамырға сәйкес келеді.
– Карантин уақытында ауызашар мен тарауих намазы қалай оқылады?
– Әлем болып, тез тарағыш ауруды тоқтату шараларын жүргізуіне ­байланысты діни рәсімдерде ішінара өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, қасиетті Рамазан айында орындалатын түнгі Тарауих намазы жамағатпен мешітте оқылмайды. Бұл намазды әр мұсылман өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен өтеуіне рұқсат етіледі. Сол сияқты рамазан айындағы үлкен сауапты істердің бірі ауызашар рәсімін бұрынғыдай мешіттерде, қоғамдық орындарда, адам қарасы көп жиналатын орындарда өткізуге болмайды. Қазалылықтар биыл отбасы мүшелерімен үйде ауыз ашатын болады.
Қазір адамзат баласына үрей әкелген дерт Алланың қалауымен көп ұзамай жойылады деп сенемін. Осы тұста барлық мұсылман бауырларымды сабырлылық сақтауға, себепсіз үйден шықпауға шақырамын. Жұмыстан, күйбең тірліктен босаған осы уақытта жақындарыңызға көбірек көңіл бөліп, Құдайға құлшылықты еселеген дұрыс. Алла Тағала елімізге тыныштық, бауырларымызға амандық берсін!
– Лайым солай болғай. Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 сәуір 2020 ж. 1 367 0

Отаныңа қызмет ет!

09 мамыр 2025 ж. 133

Қимылдаған, қыр асады

08 мамыр 2025 ж. 122

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031