Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Батальон командирі

Батальон командирі

1942 жылдың қараша айы. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түн. Қар аралас жаңбыр құйып тұр. Жау шебінен атылған, өлім сепкен оқ әлсін-әлі бекініс үстін шарпып өтеді. Траншейден қылт еткенді қалт жібермей, қағып тастайтын мергені тағы бар. Сәт сайын аранын ашқан ажал небір боздақтарды аяусыз қыршынынан қиып түсіп жатыр.
Құрамында сержант Өмірзақ Ахметов те бар ротаның қорғаныс соғысын жүргізіп жатқанына екі аптаға жуықтады. Фашист солдаттарының бекінісі 200-250 қадам шамасындай қашықтықта орналасқан. Қысқа ғана аралықта төгілген қан мен шашылған адам мүрдесінен көз сүрінеді. Осынау көрініске көк аспанда күңіреніп, азалы жасын төккендей, жауын басылар емес. Жауынгерлердің суға малшынған киімдерінен өткен салқын ызғар денені қариды. Десе де, кептірініп алуға ешқандай мұрша жоқ. Жарық көзге шалынса бітті. Аңдып отырған неміс снайперінің нысанасына айналуың оп-оңай.
Гитлершілдердің маңдайы тасқа тимеген шағы. Жел екпінімен жау шебіндегі неміс солдаттарының масаң дауысы, даурыға сөйлескендері құлағына жеткенде Өмірзақ кектене тістенді. Кенет оның жанары дұшпанмен екі аралықта қараңдаған әлденені шалғандай болды. Қазақ баласының қырағы көзі қателеспеген екен. Тесіле қарағанда жау бекінісінен бұлардың окопына қарай жер бауырлап келе жатқан бірнеше неміс солдатын көрді. Негізі тіл әкелуге шыққан неміс барлаушылары болса керек. Өмірзақ солай қарай автоматынан оқты қарша боратты. Ойран-топыры шыққан басқыншылардың өлгені сол жерде қалып, қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді. Мұнан кейін түн тыныш өтті.
Бірнеше тәуліктен соң батальон командирі Өмірзақты өзіне шақыртты. Өткен жолғы қырағылығы үшін ризашылығын білдірген соң, Воронеж қаласына жақын Анна стансасындағы жаңадан ашылған қысқа мерзімді офицерлер дайындайтын курсқа баруға тапсырма берді. Қаруластарымен қимай қоштасқан Өмірзақтың көз алдына таудай толқыны көкке шапшыған теңіз қолтығындағы ауылы Қаратерең, майданға аттанар сәттегі қос қолын көкке жайып: «О, жаратушы Алла! Құлынымды құнсыз бердің, енді өзің уақытша сапарға жіберіп жатырсың. Уа, Тәңірім, ботамның он екі мүшесін дін аман қылып, ортамызға оралтшы!» – деп жер-дүниені күңіренте жалбарынған әкесі Ахметтің тұлғасы елестеп өтті. Шын ниеттенсе Алланың тілегіңді беретіні рас екен. Жылдар өте әке сөзі қабыл болып, Өмірзақтың майданнан аман келетінін сол сәтте ешкім болжамаған еді....
Бірнеше айдан соң курсты үздік бітірген Өмірзақ Ахметов кіші лейтенант шенін алып, жанындағы 27 офицермен бірге Харьков қаласындағы Батыс майданының штабын бетке алды. Онда жеткен бұлар күтпеген жағдайға тап болды. Осы бағыттағы Кеңес әскерін немістердің екі бригадасы, бұған дейін Италия мен Францияда тұрған құрамы толық, мұздай қаруланған жаңа ­армиясы кері тықсырып жатыр екен. Жанталаса соғысқан қызыл жауынгерлер тың күшке төтеп бере алмай, жаппай шегініп келеді. Ал Харьковты жаудың қолына екінші мәрте қалдырса, салдарын ойлаудың өзі қорқынышты.
– Қалыптасқан ауыр ахуалға байланысты бұл жерде сіздерді қабылдап, бөлімшелерге таратуды жағдай көтермейді. Енді 130 шақырым қашықтықтағы Ново-Вольшанск қаласына барасыздар. Сонда тиесілі бұйрықты аласыздар – деген штаб бастығының сөзінен соң бір топ офицер қайтадан жолға шықты.
Жаяулатып, шаршап-шалдығып Харьковтың шеткі көшелеріне де ілікті. Құдды, осыларды аңдып тұрғандай немістің 15-20 самолеті жер-дүниенің астан-кестенін шығара бомбының астына алсын. «Шайтанның өзінен, аты қорқынышты» дегенді естіген шығарсыз?! Көкжиектен құлдилай шүйілген жау ұшақтарының бауырынан бомбалар зәре-құтыңды қашыра, ащы дауыспен сауылдай төгіледі. Алып қала әп-сәтте қирап, әр жерден қызыл жалын шалқыды.
Харьков өндіріс ошағы мол шоғырланған, аумағы зор ірі қала. Арасында Өмірзақ та бар бір топ офицер өлдім-талдым дегенде қаланың шығыс беткейіндегі жазыққа шықты. Николаев аталатын қыстаққа жақындағанда тағы да қырсыққа тап болды. Немістердің бронетехника, мотоцикл, машинаға мінген қалың қолы кеңес солдаттарының алдын орап, қоршай бастады. Қым-қуыт шайқас басталды. Оқты бұршақша жаудырған жауынгерлер табандап соғыс сала отырып, жау шебін бұзып шықты. Түнімен үздіксіз жүріп, негізгі қолға қосылды. Шығын аз болмады. Өзгені айтпағанда, әскери курсты жаңа бітірген 27 офицерден небары 3 адам ғана тірі қалыпты. Дәл осы күні Өмірзақ Ахметов тура 23 жасқа толған еді.
Әр минуты айға, сағаты жылға тең азалы уақыт жылжып жатты. Украина майданындағы бір ротаның командирі Өмірзақ Ахметов талай мәрте ажалдан аман қалды. Кеудесіне снаряд жарқыншағы тиіп, госпитальда емделіп, қайтадан қатарға қосылды. Польша мен Кеңес одағының арасын бөліп тұрған Батыс Буг өзенінің бойындағы сұрапыл шайқас көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Немістердің бірнеше жыл жасаған, Гитлердің өзі тасқамал санаған бекіністерін бұзу оңайға соқпады. Кеңес әскерлерінің қуатты күші осы жерге шоғырланды. Таңсәріден басталған шабуылдан кейін фашист қорғанысының күлі көкке ұшты. Адам қаны суша ақты.
Лбюлин қаласындағы үлкен концлагерьдегі мыңдаған тұтқындарды азат ету операциясына қатысқан Өмірзақтың ротасы көптеген жауыздықтарға куә болды. Концлагерьдегі фашистердің қаталдығы шектен шыққан екен. Тұтқындарды итке талатып өлтіру, темір пешке салып тобымен өртеу, адамның майын алып, техника майлауға пайдалану, ұрып өлтіру тағы басқа тәсілдер адамгершіліктен жұрдай қаскөйлердің үйреншікті дағдысына айналыпты. Қалған тұтқындарды аман алып қалу үшін шабуылды түнде бастау жоспарланды. Көше соғысының өзіндік қиындығы көп. Әр бұрышта, жертөле, шатырда тосқауыл күтіп тұрады. Аяқ бассаң ажалға тап боласың.
Өмірзақтың ротасында айыптылар батальонынан жіберілген екі жауынгер бар еді. Солар бұған жақындағы неміс окопында жау автоматшылары орналасқанын айтып, соларды тірілей ұстап әкелуге рұқсат сұрады. Не істеу керек? Айыптылар уәдесінде тұрса жақсы. Қашып немесе жау жағына өтіп кетсе ше?! Ондай жағдайда айыптыларға ие болмағаны үшін бұл сөзссіз атылады. Ұзақ ойланған рота командирі Өмірзақ Ахметов екі солдатқа сенім білдіруді жөн санады. Алайда олар келем дегенше өзі де қатты қиналды. Арада жарты сағат өткенде қос солдаты фашистің бақандай 17 автоматшысын қаздай тізіп, айдап әкелді. Мұны естіген комбаттың өзі арнайы келіп, екі солдаттың өтеуге тиісті жазасын алып тастап, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынды. Өмірзақ болса, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Бұған дейінде І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» өзге де медальдармен марапатталған қайсар қазақ бұл жолы да ерліктің үлгісін көрсетті.
Соғыста жарақат алып, батальон командирі, гвардия майоры шенінде аяқтаған Өмірзақ Ахметов бейбіт майданның да алғы шебінен табылды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, колхоз басқармасының орынбасары, кеңшардағы партия комитетінің хатшысы, кооперацияның төрағасы, ірі құрылыс мекемесінің кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де кешегі қаһарман майдангер арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылмады. Адал еңбегі ескерусіз қалмады. Жеңістің 60 жылдығы мерекесінде «Құрмет» орденімен марапатталды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мәдениет министрінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын иеленіп, мерейі тасыды.
Көпшілік қауымға Өмірзақ Ахметұлы атамыздың есімі қарымды қаламгер, мықты ақын, білікті шежіреші ретінде де жақсы мәлім. Көкеміздің ұшқыр қаламы арқылы жазылған «Жанқожа батыр» дастаны, тағылымы терең мақалалары құнды дүние ретінде оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.
Өз басым көкірегі асыл, сөз көмбесіне толы абыз ақсақалмен көзі тірісінде бірнеше мәрте сұхбаттасып, қызықты дерекке толы мақала дайындағанымды мақтан тұтамын. Міне, Өмірзақ Ахметов көкеміздің туғанына биыл 100 жыл толды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Уақыт жылжыған сайын ержүрек майдангер, гвардия майоры, шежіреші әрі ақын Өмекең атамыздың тау тұлғасы да жарқырай түсетіні анық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Әйтеке би кенті
14 наурыз 2020 ж. 1 584 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031