Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарық көрмеген жаратылыс

Жарық көрмеген жаратылыс

Қазақ халқы дүниеде дәмдінің дәмдісін құстың сүтіне баласа, қиялынан туған нәзік те, теңдесіз бейнені «қыздың баласына» теңеген. Әдетте құста сүт болмайтынындай, қызда бала болмайды. Бір кездегі қисынға симайтын, қиялдан туған тосын құбылыс қатары қазір көп. Ақыры «аһ» ұрдырған аборттың азабы мен жоспарсыз жүктіліктің жайы кім-кімді де толғандырмай қоймайды.

Латын тілінен аударғанда «түсік» ұғымын беретін атауды бүгінде әлем жұрты жақсы біледі. Аборт жасау туралы деректер ерте заманнан-ақ белгілі болған. Тақырып туралы мәліметтерді Гиппократ, Ибн Сина, Аристотель мен Цицеронның еңбектерінен кездестіруге болады. Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Сөзімізге оның мектебінен шыққан дәрігерлердің: “Мен ешқашан да түсік тастатуға дәрі-дәрмек қолданбаймын”, – деп ант бергені дәлел бола алады.

Ал қазіргі медицинаға рұқсат берген амал туралы әйел дәрігері Аймира Серікқызынан сұрап-білдік.
– «Аборт» немесе «түсік» деп жүктіліктің 28 аптаға жетпей үзілуін айтады. Абортты дәрігер жасаса, түсік ауру әйелдерде кездеседі. Ол әртүрлі факторлар есебінен орын алуы мүмкін. Аборт – ананың тууға қабілетті органдары зақымдану, жетілмеу жағдайы кездесіп, инфекциялық, өзге де қауіпті ауруға ұшырағанында жан-жақты тексеріс, талдама нәтижесінде рұқсат етілетін амал.
Егер әйелдер абортты оңай әрі қауіпсіз жол деп таңдаса, қателеседі. Салдары барлық ағзамен жүйеге де қатысты қиындық тудыратынын ұғынуы керек. Алайда одан кейін дәрігердің кеңесіне құлақ түру, дұрыс күтім жасау арқылы бала сүюге болатыны дәлелденген», – дейді.
Маманнан жасырын түрде жасалатын түсік – криминал аборт туралы сұрағанымызда, ешқандай мемлекеттік мекеме оған рұқсат бермейтінін айтты.
Мақаланы дайындау барысында абортты жүзеге асыру арнайы лицензия алған арнаулы мекемелерде ғана орындалатынына көз жеткіздік. Жүктілікті жасанды түрде жоюдың медициналық негіздерінің тізімін ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі анықтаса, әлеуметтік көрсеткіштердің тізімі Қазақстан Республикасы бекіткен ережелер бойынша белгіленеді екен.

Айханым Адайбаева,
құқық қорғау саласының маманы:
– Аборт туралы фактілер үрейді ұшырады. Бұл тіркелгені, ал тіркеусіз орын алғаны қаншама. Мәселені екі жақты қарау керек. Көбіне жас қыздар алданып қалып, осы қадамға барады. Бірақ оларды ақтау дұрыс емес. Қандай жағдайда да әйел бойына біткен бала ҚР Заңдарына байланысты қорғалуы тиіс. Себебі Конс­титуцияда мемлекеттің басты құндылығы – адам екені анықтап көрсетілген.
Ал екінші жағдай – жас отбасының материалдық жетіспеушілігінен туындайды. Табыс көзінің баланы асырауға жеткіліксіздігі, тұрғын үйлерінің тапшылығы, жұмысысыздықтың кесірінен бала сүюден бас тартатындар бар. Егер ана мен балаға қамқорлық жасалып, әрбір сәби туылғанда берілетін жәрдемақылар көлемі артса, бұл көрсеткіштер азаяр еді.
Мексика, Бангладеш, Индонезия елдерінде аборт жасауға заңмен тиым салынған. Бұл тәжірибе бізде түбегейлі қолға алынбаса да, абортты заңсыз жасаушы да, жасатушыға да ҚР Қылмыстық кодексінің 117-бабымен жауаптылыққа тартылады. Онда тиісті бағдардағы жоғары медициналық білімі бар адамның заңсыз аборт жасауы – бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланатыны айтылған.

Марал (аты-жөнін толық көрсетуден бас тартты):
– Жасанды жолмен бала алдырғандардың бірі менмін. Отбасым елге абыройлы жандар еді. Студент кезде жастықтың желігімен «айтуға болмайтын» жағдайға ұшырағанда, соңғы мүмкіндігім осыған тірелді. Аборт жасатқан соң, бойымдағы «жүктен» құтылғаныммен, ауыр, азапты күндерді басымнан кешірдім. Денсаулығымда да біраз өзгеріс болды. Ал психологиялық ауыртпалықтан әлі арылған жоқпын. Біраз уақыт бала сүю бақытын сезіне аламын ба, әлде кінәмнің залалын өмір бойы тартып, бір перзентке зар боламын ба деген оймен тұрмыс құрмай жүрдім.
Қазір отбасым, балаларым да бар. Бірақ тұңғышым туралы бұл жайды ешқашан ұмытқан жоқпын. Ешкімнің басында мұндай жағдай орын алмасын және оған жол бермегенін тілеймін.

Айнұр Шаманова,
психолог:
– Біздің ұлттық менталитетіміз баланы тым тұйықтыққа тәрбиелейді. Қызының бойында болатын өзгерісті әсіресе анасы назарда ұстағаны дұрыс. Сондай-ақ оның жетілуіне байланысты ашық диалог құрылмау нәтижесінде қанша бой жетіп келе жатқан арулардың алдау мен арбауға тап болуына әкеліп соғады. Көп жағдайда мұндайға толық емес отбасыдан шыққан қыздар шалдығады. Олар әкеден алмаған махаббатты сырттан іздеп, өзіне қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлген жігіттің сөзіне иланады. Салғырттық салдарынын бармақ тістеп қалмайық десек, бәріміз балаларды ешқашан назардын тыс қалдырмауымыз тиіс.
Шариғатта ана жатырындағы ұрықтың жаратылыс белгілері байқалып, жан біткенін «жәнин» деп атайды. Оның өліміне себепкер болған адамға шариғат«ғұрра» атты елу алтын динар көлемінде құнды өтеу жазасын міндеттейді. Ал «Ислам дінінде қандай жағдайда түсік жасатуға келісім берген?» деген мәселеге дереккөздер шарананың жәниншағына жетпей тұрып, аса зәру жағдайда ғана рұқсат етілетіні туралы келтірілген.

Түйін. Статистикалық көрсеткіштер бойынша дүние жүзінде жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болса, олардың жартысынан көбі жүктілігін жасанды жолмен тоқтатын көрінеді. Дені медициналық жағдайдан тыс жерлер көмегіне жүгінеді. Нәтижесінде жыл сайын 68 мың әйел көз жұмады. Ал Қазақстанда орта есеппен жылына 125-127 мың түсік тіркеледі. Бұл мәлімет әрбір үшінші жүктіліктің тоқтатылып, қанша перзентті өмірмен қауыштырмағанымызды ойға оралтады. Аталмыш «қызметке» жүгінушілердің жас ерекшелігі 14-50 жас аралығында екенін ескерсек, 20 жылдан кейінгі қазақстандықтардың санын топшылау қиын емес.
Құрсақтағы сәбиді ата-бабаларымыз «көрпе, көрпеш» деп атаған. Көне түркі жазбаларында «көрпе» сөзі – «балғын», «жаңа» деген мағына берген. Егер қандай да бір себеппен көрпешті өлтірген жағдайда қанды қолмен қоса 10 адам өлім жазасына кесілген. Яғни іштегі сәбидің дәрежесі періштемен тең саналып, дала заңы бойынша оның құны 10 адамға тең деп белгіленген. Ал қазіргі сондай бейкүнә періштені анасының жатырында-ақ қынадай қырып, түнекте тұншықтаратын жағдайдың күнәсі қандай, жауабы кімде? Жарық көрмеген жаратылыстардың жайы қоғамды алаңдатуы тиіс...
Ақбота КЕМЕР


05 ақпан 2020 ж. 1 171 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 78

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930