Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аралтұздың» сыртқа сатылғаны анық па?

«Аралтұздың» сыртқа сатылғаны анық па?

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Аралтұз» АҚ өнімінің сапасына қатысты ақпарат желдей есті. Бейнежазбада автор отандық өнімнің денсаулыққа зиянын, ас тұзын Қытай инвес­торлары шығарып жатқанын айтып, өнімді алмауға үндеді. Оны тамашалаған бәзбіреулер ақпараттың рас-өтірігіне қарамай, өре түргелді. Көпшілікті отандық өнімді тұтынбауға шақырғандар да кезікті.
Тұзсыз астың дәмі келіспейтіндігі анық. Ал жалған ақпарат пен видео қауесеттің ақыры емес. Осыдан 7 ай бұрын, маусым айында байқоңырлық азамат «WhatsАpp» желісінде негізгіз хабар таратқан еді.
Оның Арал ауданы Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» кәсіпорнына қатысты бейнеүндеуі көпшілікті бейжай қалдырмады. Бейнежазба авторы: «Менің саясатқа, ұйымдарға қатысым жоқ. Көріпкел де емеспін, қарапайым адаммын. Мен қорқынышты түс көрдім. Соны халықпен бөліскім келеді. Өйткені бұл жағдай Қазақстанның болашағына қатысты деп ойлаймын. Арал ауданының Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» кәсіпорны Қытайға сатылған. Адам тұзсыз тамақ ішпейді. Ол ас тұзында белсіздік пен түрлі ауруларды қоздыратын қоспалар арқылы бір ғасырда қазақ халқын оқсыз жер бетінен жойып жіберетіні жөнінде хабар келді», – деп елді әбігерге салғаны бар. Түсін «Алланың аяны» деп, халықты аң-таң қалдырды. Бейнежазбадағы автор да, ақпарат та зерттелді, зерделенді. Ақырында еліміздегі тұз өндіретін ірі кәсіпорынның жұмысын жоққа шығарған азамат заң алдында жауапқа тартылды.
«Аралтұз» АҚ – индустриялық бағдарламаның белсенді қатысушысы. Мемлекеттік бағдарлама аясында 500 жаңа жұмыс орнын ашып, 1200-ге тарта жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Сол дақпырытты «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуесханов жоққа шығарды. 90 жылдық тарихы бар ас тұзы өндірілетін кәсіпорынның ел экономикасында елеулі орны бар. Вице-президент тұздың комбайнмен көлден қазып алынатынын, оны вагондармен әкеліп өңдеу жұмысының жүргізілетінін тәптіштеп түсіндірген.
«Елімізде сатылатын тұз түгел йодталған. Біздегі лаборатория қызметкерлеріне өндірілген өнімнің сапасы дұрыс болмаса, өндірісті тоқтатуға толық құқық берілген», – деді Н.Әуесханов.
Несін айтасыз, сәуегей бейнежазба авторы ұсталып, оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы 1-бөлігімен (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп қауесет басылғандай болған. Арада 7 ай өткенде.... Тағы да ел-жұртты шошындырған негізсіз бейнежазба жарияланды.
Біздің білуімізше, «Аралтұз» құрамында табиғи минералдар бар. Олардың құрамында эпсомиттерден және астраханиттерден тұратын тұнба ерімейді. Өңдеуге келетін шикізат экологиялық таза. Кәсіпорын өнімдерін ЕАЭҚ аумағында аккредиттелген тәуелсіз зертханалар тексереді. Яғни өнім әлемдік стандарттарға сай.
1925 жылдан бастап ас тұзын өндіріп келе жатқан компания өнімі Қазақстанмен қатар ТМД елдерінде сұранысқа ие. Шығарған өнімінің 65 процентінен Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия елдеріне экспорттап отыр. Қазіргі таңда кәсіпорынның 100 процент акциясы отандық кәсіпкерлерге тиесілі. Ешқандай Қытай тарапына сатылмаған, үлесінде де жоқ.
Бұл – осымен бірнеше рет берілген жалған факті. Отандық өнімді әлдекімдер нарықтан шығарғысы келе ме, кім білсін?! Бейнежазбаларда негізсіз үндеу жариялаған азаматтардың әрекетіне қарның ашады. Қадірлі асты қорлап, өзгенің өнімін жариялағанына жаның жабырқайды. Дүрліккен ел-жұртқа айтарымыз, «Аралтұз» – отандық өнім. Қорықпай қажетінше пайдаланыңыз, денсаулыққа пайдасы болмаса зиян келтірмейді.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
25 қаңтар 2020 ж. 831 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031