Биыл өтетін Халық санағына қатысты мәліметтер
«Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі Статистика комитетінен науқанға бөлінген қыруар қаражаттың қалай және қайда жұмсалатынын сұрап білді.
Санақ кезінде 1 млрд теңгеге планшет алынады
Ұлттық санаққа дайындалу және өткізу үшін 2018-2022 жылдар аралығында Комитетке 8 211 млн.теңге сомасында шығыстар бөлінді деп хабарлайды, Статистика комитеті. Оның ішінде:
«3 756 млн.теңге – санақ персоналының көрсетілетін қызметтеріне төлем;
1 086 млн.теңге – 27412 планшетті сатып алуға;
933 млн.теңге – «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйені дамытуға;
845 млн. теңге – 653 жұмыс станциясын, жиһаздар, кеңсе тауарларын, КФҚ сатып алу, көлік пен орын-жай жалдау, байланыс қызметтері және өзгелеріне;
634 млн.теңге – деректерді өңдеу, дайындау, жинақтарды тираждау және таратуға;
475 млн.теңге - 139 автокөлік құралдарын сатып алуға;
356 млн.теңге – іссапар шығыстарына;
126 млн.теңге – нұсқаулықтарды тираждау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу, картографиялық материалдарды дайындауға қарастырылған»,- делінген жауапта.
75 мыңнан 113 мыңға дейін айлық төленеді
Халық санағын өткізу кезінде санақ персоналымен көрсетілген қызметтерді толық көлемде орындағанда 1-кезең интервьюеріне – 75 743 теңге, 2-кезең интервьюеріне – 94 697 теңге, нұсқаушы-бақылаушыларға – 113 614 теңге сомасында төлем көзделген өтеулі қызмет көрсету туралы шарт жасалады. Жалпы ,санақ жүргізуге 32 мыңнан астам адам атсалысады.
Айта кету керек, халық санағы екі кезеңде өтеді.
«1 кезең – 1-30 маусым аралығында өтеді. 1 - кезең интервьюерлері әрбір елді мекен бойынша тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайын, сонымен қатар онда нақты тұратын адам санын анықтайды.
2-кезең 1-30 қазан аралығында өтеді. Санақтың алғашқы 15 күнінде интернет-сауал жүргізілетін болса, онымен қатар интервьюерлер планшеттік компьютерді қолдана отырып жаппай сауалнама жүргізетін болады»,- делінген Статистика Комитеті жолдаған жауапта.
Бұдан бұрын Аzattyq-ruhy биыл өтетін ұлттық санақтың ерекшелігін тарқатып жазған болатын.
Санақ парақтарында 65 сұрақ бар
Санақ кезінде респонденттерге қандай сауалдар қойылатыны да белгілі. Ол арнайы қаулымен бекітілген.
«1-ПП "Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі" - бұл тізімге елде тұрақты тұратын, үй шаруашылығының құрамына кіретін, уақытша жоқ (12 айдан аз) және уақытша тұратын (12 айдан аз) респонденттер енеді. Сонымен қатар, тұрақты негізде шетелде тұратын, бірақ халықты есепке алу сәтінде уақытша (12 айдан аз) Қазақстан Республикасының аумағында болған Қазақстан Республикасының азаматтары енеді.
2-Ж "Тұрғын үй жағдайлары" - әр үй шаруашылығының тұрғын үй жағдайларын сипаттайды.
3-И "Жеке"- елде тұрақты тұрып, үй шаруашылығының құрамына кіретін, уақытша жоқ және уақытша тұратындарды немесе келгендерді қоса алғанда әрбір респондентке толтырылады.
4-В" Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер" (шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары) - тұрақты шетелде тұратын - бірақ уақытша Қазақстан Республикасының аумағында болған әрбір респондентке толтырылады»,- деп жауап берді Комитеттің баспасөз қызметі.
Жалпы санақ парақтарында 65 сұрақ қарастырылған, оның ішінде 3-И «Жеке» санақ парағы жалпы, этномәдени, білім және сауаттылық, көші-қон, некелік жағдайы, туу, жұмыспен қамтылу, күнкөрістің негізгі қаражат көзі, тұрмыс-тіршіліктің шектеулері сипаттамалары бөлімдерінен тұрады.