Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заңның жақсылығы

Жаңа заңның жақсылығы

Жаңа жыл педагогтар қауымына жақсы жаңалық ала келді. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың ертеректегі асқақ абыройын қайтару мақсатында жаңа заң жобасын мақұлдады. Бұған түрлі білім ордасында еңбек ететін білікті мұғалімдер мен әр салада қызмет ететін ғалымдар тер төккені айтылуда. Осыдан-ақ құжаттың халық арасында ерекше маңызға ие, білім беру ісіндегі кейбір келеңсіздікке тосқауыл тұратынына сенеміз. Сонымен қатар басы артық шаруаға мұғалімдерді араластыру мен қосымша жұмыс тапсыру осы тұста тыйылатынға ұқсайды. Ал тәртіпке бас имейтін балалар мен олардың негізгі тәрбиесімен айналысатын ата-аналары теріс қылықтары үшін жазаланатын болады. Бұл туралы жергілікті білім беру ұйымдарында қызмет ететін ұстаздардың ойын білген едік.
Бақытжан Түменбай,
№70 мектептің тарих пәні мұғалімі:
Менің ұстаздық жолда қызмет етіп келе жатқаныма биыл 42 жыл толды. Кеңес заманынан бергі білім саласына жасалған реформалардың бәрін де бастан өткізген куәгерімін. Алайда 2020 жылы қабылданған “Педагог мәртебесі туралы” заңның орны ерекше. Бұнда мұғалім міндеттері мен оған берілген айрықша мүмкіндіктер туралы тайға таңба басқандай көрсетілген. Олардың өз міндеттерін шығармашылық қабілетін сала отырып атқаруына даңғыл жол ашылып отыр. Нарық заманында білім саласына көңіл бөліп, қаражат мәселесінің жай-күйі де қараусыз қалмағаны қуантады. Мәселен, магистр дәрежесі бар ұстаздардың жалақысына қосымша 10 АЕК мөлшерінде қосымша өтемақы қарастырылған. Жас мамандардың да жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды.
Бұдан бөлек бұған дейін “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атанған ұстазға ешқандай сыйлық берілмесе, биылдан бас­тап марапат биігінен көрінген мұғалімге бір реттік қомақты қаражат қарастырылғанын естіп, қатты қуандым. Сондай-ақ өзі даярлап баптаған оқушы халықаралық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанса жетекшісіне де қосымша үстемақы берілетін көрінеді. Бұл оқушының жан-жақты қабілетін ашып, келешекте өнерлі де білікті ұрпақ тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретін қолдау екені даусыз. Аталған реформаның арқасында ұстаздар мерейі тасып, білім саласының дамитыны анық.
Жарқынгүл Махсутова,
№266 мектеп-лицейдің география пәні мұғалімі:
– Шынтуайтына келгенде ұстаз мәртебесін көтеру мұғалімнің өз қолында. Білімі толысып, педагогикалық шеберлігі жетілген мұғалім кез келген оқушыны үйіріп әкетеді. Ондай мұғалімге ата-ана да себепсіз шағымданбайды. Білім беру ұйымдарындағы орын алып жүрген келеңсіз оқиғалардың барлығы өз ісіне жауапсыз қарайтындардың немесе мамандықтың қадір-қасиетін жете ұғына алмағандардың себебінен болып жатқаны жасырын емес.
Бұрын қисынсыз қылығына байланысты оқушыға жасалған кейбір ескертпені құқығына қол сұққандық санап, дау көтеретін ата-аналар көптен жолығатын. Бұл мұғалімдердің тәртібі немесе оқуға деген зейіні төмен балаларды жөнге салуына кедергі келтіретін. Бұған арқа сүйеген оқушы да ұстазға деген құрметін жоғалтып, тіл алмай кететін кездер жиі кездесті. Әрине бұндай қарым-қатынас білім процесін тежеп, көптеген түйіткілдің пайда болуына алып келді. Сондықтан педагог мәртебесі жайында қабылданған заң уақытылы әрі кішкентайлардың келелі келешегі үшін жасалып жатқан құтты қадам деп білемін.
Қазіргі таңда ұстаздар жалақысының көлемі артты. Жаңа заң жобасындағы өзгерістер де мұғалімдердің тәрбие, білім беру жұмысына толықтай көңіл бөлуіне серпіліс беріп отыр. Лицейдегі әріптестерім жаңа жылдағы жаңалықты зор қуанышпен қарсы алып, ерекше ынтамен жұмысқа кіріскенін айта кеткен жөн. Сыныпқа жетекшілік ететін, дәптер тексеретін мұғалімдер де артық жұмыс үшін қосымша қаражат алатынын есітіп, көңілдері жайланды. Ендігі міндет – ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасай жүріп, келешек ел тұтқасын ұстайтын жеткіншектерге сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруді жетілдіре түсу.
Мейірман Меңдібай,
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің педагог-ұйымдастырушысы:
– «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» дегендей 26 желтоқсанда Парламенттің жоғарғы палатасы “Педагог мәртебесі туралы” заң жобасын қабылдағанда кеудемізді шаттық кернеді. Педагогтарға ең қажетті нормалар қабылданды деп есептеймін. Құжаттағы ауылдық жерде жұмыс істеп жүрген жас мамандарға жер телімін алуда басымдық берілетіні жастарға жағдайын жақсартуға жасалып жатқан шынайы қолдаудың белгісі. Министрлік дерегінше, 19 баптан құралған заң жобасы бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысына оң әсерін береді.
Мұғалім мамандығының беделін арттыру бүгінде елдегі барлық білім ордаларында күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Өйткені өзім жұмыс істейтін №249 мектеп-лицейдің өзінде педагогтардың еңбегі еленіп, өз дәрежесіне сай құрметке бөленіп жүр. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған шарада «Ең үздік бастауыш пәні мұғалімі», «Ең үздік пән мұғалімі», «Ең үздік техникалық қызметкер» анықталып, оларға Жаңақорған шипажайына демалуға жолдама берілді. Сонымен қатар «Ең үздік үйірме жетекшісіне» қомақты сыйақы тағайындалды. Бұл мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ұжым ортасындағы беделін арттыруға айрықша септігін тигізеді.
Мұғалім мәртебесі көтерілсе, бала тәрбиесінде оң өзгерістер болатыны анық. Себебі мұғалімнің әлеуметтік жағдайы осы заң жобасы аясында қорғалады. Олардың уақыты есепке алынып, өз отбасына көп мөлшерде көңіл бөле алады. Себебі педагогтың жүктемесі қысқарып, мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттер алынып тасталды. Сонымен бірге шамадан тыс тексеру мен мәжбүрлі жұмыстарға да шектеу қойылмақ. Жаңа заң жобасы оқу процесін оңтайландырып, бұрынғы ұстаз беделін қалпына келтіреді деп сенемін.
Назерке Берекет,
№276 мектептің информатика пәні мұғалімі:
– Мұғалім – кез келген тұлғаның қоғамға бейімделіп, болашақта сол ортаның белгілі бір бағыттына бейімделуіне үлкен үлес қосатын мамандық иесі. Қазір тұрмысымызда көптеген өзекті мәселе бар. Олардың қатарында ұстазды сыйламау, жалақының аздығы, білікті маман тапшылығы сияқты жайттар жиі айтылатын. Жыл басында қолданысқа енген жаңа заң жобасы бұл қиындықтардың шешімін табуға ықпал етеді.
Бұл құнды құжатта мұғалімге тіл тигізбеу, құрметтеу мақсатында бірнеше баптар қарастырылған. Әр адамның теріс қылық жасамауын шектейтін факторлар бар. Сол себепті ұстаздардың байырғы абыройын қалпына келтіруде жаңа ережелердің берері мол деп санаймын.
Ғалымдар елімізде қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруі басталғанын айтуда. Ұрпақ алмасып, өткен ғасырдың соңында және XXI ғасырдың басында туған жастар үлкен өмірге араласа бастағаны мәлім. Олар бүгінгі қоғамның локомотиві ретінде бағаланады. Жастар заманауи жаңа талаптар мен технологияларға сай білім алуға ұмтылуда. Сондықтан жоғары оқу орындары да заман ағымына сәйкес, сапалы педагог маман даярлау ісіне баса назар аударуда. Талапты, дарынды жас ұстаздар мектепке жаңа идея, жаңа леп әкеледі. Мұғалімдердің жалақысын артыру, осындай жастардың ұрпақ тәрбиесіне араласуына, маман тапшылығын жойылуына ықпал етеді. Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен жүзеге асқан заң білім саласының қарқынды дамуына айрықша әсер етеді деп сенемін.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 қаңтар 2020 ж. 1 286 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930