Мектеп төрінде – түлектер
Қ.Нұрмаханов атындығы №95 орта мектебінде «Асулардан асады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады» атты студенттермен кездесу кеші өтті. Оған ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары және осы алтын ұядан қанат қағып, бүгінгі таңда түрлі жоғары оқу орындрында білім алып жүрген жастар жиналды.
Аталған білім ордасын әр жылдары тәмамдаған түлектер қазіргі таңда Орал, Ақтөбе, Алматы, Петропавл, Қызылорда, Семей, Көкшетау қалаларында қалаған мамандық иесі болуды мақсат тұтып, білім алуда. Шара кезінде мектеп мақтанышына айналған жастар слайд арқылы көпшілікке таныстырылып, ортаға шақырылды. Атап айтсақ, Асылзат Романова Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің азық-түлік өңдеу технологиясы мамандығын бітіріп, Шымкент қаласындағы Мирас университетінде магистратурада білім алуда. Ал «Алтын белгі» иегері Бақытжан Қаһар Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3 курс студенті. Ол филология мамандығын грант негізінде меңгеруде. Сонымен бірге кеш қонақтарының қатарында Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындығы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде тарих пәні мұғалімі және физика пәні мұғалімі мамандығында оқып жүрген Рахымжан Байзақ және Еркебұлан Пірімжарұлы, Алматы технологиялық университеті кәсіптік оқыту мамандығының студенті Ернұр Ермекбай, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде география пәні мұғалімінде оқитын Айжан Үсенғазы, ағылшын тілі пәні мұғаліміндегі Ақерке Сәрсенбай, филологиядағы Нұргүл Байкенже, химия факультетіндегі Баян Қарасай, ақпараттық технологиялардағы Нұрай Сыдық, қаржыгер мамандығын меңгеретін Нұрлан Әміржан да қонақтар қатарында болды. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетінен ветеринария, санитария мамандығын алатын Саяжан Айтуған, Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің фельшер мамандығындағы Бағлан Жұбатқан, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің орман шаруашылығындағы Динара Оразбай, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің музыка пәнінің мұғалімі мамандығындағы Ақтолғай Жанқуат және осы университеттен ағылшын-қытай тілі мамандығын меңгеруші Сандуғаш Төребай да толғамды ойларымен бөлісті.
Кештің екінші бөлімінде «Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек деп ойлайсыз?», «ҰБТ-ге дайындықтың маңыздылығы қанша?», «Ең алғаш оқу орнына барғанда қандай көңіл-күйде болдыңыз?», «Бұл мамандықты таңдауға кімдер әсер етті?», «Оқу орыныңызды қалай жарнамалаған болар едіңіз?», тағы басқа көптеген сауалдар ортаға салынды. «Бос микрофон» айдарында оқушылар болашақ мамандық иелеріне сұрақ қойып, мамандықтың қыр-сырымен бөлісуді сұрады. Бұдан соң мектеп психологы Дамира Аққоянова «Ой мен ойын» тренингін өткізіп, қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Қонақ кәде сұраған көптің көңілін қалдырмаған Бақытжан Қаһар «Тығылмақ», Нұргүл Байкенже «Мектепке арнау», «Арман» атты жүрекжарды өлеңдерін оқыса, Ақтолғай Жанқуат «Армандар орындалады» әнін орындады. «Көп сөйлеме» ойыны кезінде іс-қимылмен жасырылған белгілі мамандықтарды тапты. «Әріпті мамандық» ойынында студенттер өздеріне берілген әріптерден бірнеше мамандық атауларын жазды. «Жарнама» айдарына кезек келгенде әркім өзі оқитын оқу орнын жан-жақты таныстыруға талпынды. Әсерлі өткен кеш соңында қонақтар «Естеліктер» кітабына тілектерін қалдырды. Шараны мектеп директоры Оңталап Маханбетов қорытындылады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА