Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Естен кетпес кездесу

Естен кетпес кездесу

Жақында үйдегі көптен бері сақталған ескі фотосуреттерді ақтарып отырып, алдыңғы толқын ағалардың осы бір жансыз бейнесі көзіме оттай басылды. Ашық аспандай алғаусыз көңіл көкжиегін лезде ой орамдары тұмшалады. Жылдар тасасында қалып, өткен күндер еншісіне кеткен әсерлі сәтті үнсіз еске түсірдім.

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсіп, аудандық «Ленин туы» газетіндегі әдеби қызметкерлік жұмысыма кіріскен кез болатын. Ұмытпасам 1988 жылдың көгілдір көктем айы. Күні бойғы қарбалас ісімізді аяқтап, кешкілік қайтуға жиналған біздің ортамызға басылымның жауапты хатшысы Едіге Кішкенеев келе қалды. Әдеттегіше жүзіне күлкі үйіріле сөйлеген ол:
– Жігіттер, ертең редакцияға ауданға арнайы іссапармен келген Байжігіт Әбдіразақов, Сейіл Боранбаев, Қомшабай Сүйенішев және Мешітбай Құттықов есімді журналистігі әрі ақын-жазушылығымен атағы шыққан ағалар соғады. Соны мықтап ескере жүріңдер, – деді. Тосын жаңалыққа сол жылдары газеттегі тілшілік жолын жаңа бастаған Қайрат Иса, Тарғын Қани, Құттыбай Баймаханов сияқты әріптестеріммен бірге мен де қатты қуандым. Себебі олардың аты-жөніне, жазғандарына сырттай жақсы қанық болсам да, Сейіл ағадан басқасымен жүзбе-жүз кездесіп көрмеген едім.

Ертеңіне екі қабатты, еңселі баспа үйіне күндегіден де ертелете жеттік. Мойнымызға алған тапсырманы апыл-құпыл бітіріп бола бергенімізде аудандық партия комитетінің қызметкері Тиышбай Шерекенов бастаған шағын топ редакция ғимаратына келіп, редактордың бөлмесіне бет алды. Іле-шала ұжымдағы барлық шығармашылықпен айналысатын қызметкерлер шақырылдық.
Отырысты аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі Әлмәмбет Әлішев ашып, келген қонақтарды ретімен таныстырып өтті. Сосын редакция қызметкерлерінің атын атап, түсін түстеді.

– Қасиетті Қазалы жеріне табан тіреген сәтте киелі қарашаңырақ аталатын редакция мекемесін ұмытпай, алғашқы кездесуді осы жерден бастағандарыңыз үшін сіздерге мың да бір алғыс. Болашақта денсаулықтарың мықты, шабыттарыңыз телегей-теңіз болып, халыққа қалам қуатымен адал қызмет ете беріңіздер! – деген жүрекжарды лебізін жеткізген соң оларға кезекпен сөз берді.
Алғаш болып әңгіме тізгінін қолға алған республикалық «Социалистік Қазақстан (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің сол кездегі Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, жазушы Байжігіт Әбдіразақов салмақты үн қата, сыпайы кейіппен сыр ақтарды. Қиындығы мен қызығы шаш етектен қаламгерлік жолға келуі, журналистік пен жазушылық міндеттің көтерер жүгін байыпты баяндады. Ардақты ағаның сондағы айтқан: «Кез келген тақырып өмірдің өзінен алынады. Тынбай ізденіп, күндіз күлкі, түнде ұйқыны тиып, тапжылмай еңбек еткен жазушы ғана жақсы жетістікке жетеді», – деген пайымды пікірі әлі күнге жүрегімізде сақтаулы.

Бұдан кейін журналист және ақындығы арқылы оқырмандарға кеңінен танылған облыстық «Ленин жолы» газеті бас редакторының орынбасары Сейіл Боранбаев, бөлім меңгерушісі Қомшабай Сүйенішев пен аралдық ақын Мешітбай Құттықов баспасөз құралы қызметкерлері алдындағы мерейлі міндеттер жайын қаузады. Көптің діттеген жерінен шығу үшін халықтың өзекті мәселелерін қозғау қажеттігін, журналистік шеберлікті шыңдау әдістерін түсіндірді. Қазақ поэзиясының жай-күйі мен бара жатқан бағыты да назардан тыс қалмады.

Сол күнгі жүздесуден редакция қызметкерлері ерекше қуат алып, аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесін көңілімізге түйдік. Қалаған мамандыққа деген сүйіспеншілігіміз арта түскендей сезімге бөлендік.
Кездесу аяқтала бере газет редакторы Әлмәмбет Әлішев: «Бәріміз сыртқа шығып, естелік суретке түсейік», – деді. Жағалай тұрғандарды фототілші Қасқырбек Мәмбетжан қас-қағымда объектив нысанасына ала қойды. Сондағы көне сурет пен оның бойына бүккен құпиясы осылайша өрімделеді.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
10 желтоқсан 2019 ж. 1 723 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930