Әдеміліктің құны қанша?
Әне-міне дегенше жаңа жылда жақын қалды. Әр ұжымда, достар арасында болсын «Мерекелік кешті қайда өткіземіз, қай күні мейрамханалар бос?» деген сауалдың қызу талқыланып жатқаны рас. Әсіресе, қыз-келіншектер сұлулық салонынан бос орын іздеп әлек. Осы орайда бір кештік әдемілік үшін әйел азаматтардың қанша теңге жұмсайтынын зерттеп көрдік.
Қаладағы бірнеше салонға бас сұқтық. Барлығы да бос емес, кезекте отырғандардың саны да төрт-бестен кем көрінбейді. Салон қызметкерлерінің жұмысы қызып тұрған шақта біздің сауалымызға салмақты жауап бермесін түсіндік те, кезектің көптігін алға тартып, жылы қоштасып кете бардық. Келесі сұлулық үйіне кіріп, қас теретін шеберді сұрадық. «Алдыңызда екі адам бар. Күтемін десеңіз, келіңіз» деген сөзіне келісіп, орындыққа жайғастық. Әңгіме барысынан қас теру мен оны бір апталық бояумен әрлеу мың теңге тұратынын білдік.
Аз-кем үзілістен кейін бет сәндеудің құны қанша тұратынын сұрадық. Маманның айтуынша, оның түр-түрі бар. Жеңіл, кешкі, мерекелік кеш үшін деп кете береді. Жұмысына қарай бағасы да жоғарылайды.
– Макияж жасау 2 мың теңгеден жоғары. Кірпіксіз және кірпікпен деп те бөлеміз. Келушінің көңілінен шығып, қалаған бет пішінін еш қиындықсыз жасап береміз. Әртүрлі бет формасы болады. Косметиканың көмегімен олқылықтарды жойып, әдемі тұстарды одан әрі әрлей білу керек. Көмегімізге жүгінген қыз-келіншектерді жинақы әрі тартымды етіп көрсету – біздің міндетіміз, – дейді маман.
Оның сөзінен байқағанымыз, қазір қыз-келіншектердің барлығы дерлік 3D, 5D, 7D форматындағы жасанды кірпіктер мен тырнақтарды жалғап алуды сәнге айналдырған. Әрине қатарынан қалғысы келмейтін аруларымыз сұлулық үшін жанын пида етуге әзір. Дегенмен әдемі боламын деп, артынша опық жеп жүргендер де аз емес. Бұл ретте маман былай дейді: «Гигиеналық талаптарға аса қатты назар аудару қажет. Жасанды кірпікті жалғауға арналған желімнің адам денсаулығына келтіретін зияны бар. Мәселен, аллергиялық және көз ауруларына шалдығуыңыз мүмкін. Бұндай жағымсыз жайттарға көбіне үй жағдайында салынған кірпіктер әкеп соқтырады. Сондықтан арнайы сертификаты бар маманға өзіңізді сеніп тапсырғаныңыз дұрыс».
3D форматындағы кірпікті жабыстыру құны – 5000 теңге, кірпіктің көлемі мен қалыңдығына қарай бағасы өседі. Себебі жұмысы өте күрделі. Ыждаһаттылық пен уақытты талап етеді. Бір клиенттің кірпігін жалғау үшін кем дегенде екі сағат уақыт қажет. Негізі жасанды кірпік істеткен клиент барлық гигиеналық талапты сақтауы тиіс. Сонда ғана оның кірпіктері бір ай бойы әдемі қалпында сақталады.
– Кез келген клиентке кірпік жалғамастан бұрын оның желімге деген аллергиясы бар-жоқтығын тексеріп алу керек. Дүкен сөрелерінде сатылатын жасанды кірпікті 3-5 сағаттан артық пайдалануға болмайды. Әйтпесе, көзіңізге микроб түсіп кетуі мүмкін, – дейді маман.
Жалпы, косметолог мамандар сұлулық салонына барғанда, ең алдымен гигиеналық талаптарға назар аудару қажеттігін ескертеді. Егер сіз жасанды кірпік пен тырнақты тәжірибесі аз маманға жасатсаңыз, нәтижесі ойдағыдай болмауы мүмкін. Тіпті сұлулық салонында санитарлық талаптар дұрыс сақталмайтын болса, аталмыш заттарды жабыстыратын желімнен аллергия да пайда болады. Сондықтан сұлулық салонына бара қалсаңыз, ең алдымен тазалыққа мән беріңіз.
Ал тырнаққа келейік. Қазір тырнақ бояуының түрі де түсі де көп. Бұрынғыдай емес, тырнағыңызды бір рет боятып алып, бір ай бойы жүре беруге болады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қазір маникюр мен педикюр жасататын ер-азаматтардың да қатары артқан. Әрине ерекше күтімді қажет ететін тырнақтың әдемі болып көрінгені дұрыс та шығар. Алайда сүйріктей саусақтарыңызды әсемдеймін деп, ауру жұқтырып алмағаныңыз жөн. Маникюр жасайтын маман басқа клиентке қолданған құралдарын кварцқа салып, залалсыздандыруы тиіс.
Біздің ауданда маникюрдің орташа бағасы 2000 теңгеден басталады.
– Біз құрғақ, ылғалды, америкалық, арнайы машинкамен жасалатын маникюрдің түр-түрін жасаймыз. Соған байланысты бағасы да әртүрлі. Жалпы, тырнақтың саулығы мен әдемілігі үшін ең алдымен тамақтануға ерекше назар аудару қажет. Ол үшін күнделікті жеміс-жидек, көкөніс түрлерін көбірек жеп, табиғи шырын ішу қажет. Ол ағзадағы витамин мен минералдарды арттырады. Егер тырнақтың пішіні мен түрінен өзгерістер байқалса, маманға қаралған дұрыс. Негізі жасанды тырнақ өсірудің пайдасы көп, – дейді тырнақ маманы.
Қасқа да кезек келді. Қарлығаштың қанатындай қиылған қасты қолдан жасап алуға болады. Болмаса татуаж-шебердің көмегіне жүгінесіз. Ол да аз қаржы тұрмайды. Бұл жерде шебердің атақ даңқы да көп рөл ойнайды. Клиенті көп, шетелдерде біліктілігін жетілдіріп келген шебердің соған сай ақысы да жоғары. Арзанның сорпасы татымайтынын білсе де кейбіреулер тиын санап, есесіне қастарын құртып алып жатады. Ал нағыз шебердің қолынан шыққан қас өңін бермей, өзінікіндей болып тұрады. Қастың құны 6 мың теңгеден басталады.
Адамның әдемі боп көрінуіне көп үлес қосатын шаш шіркінге де аз ақша кетпейді. Бұрын химиялық бұйралау мода болатын. Апаларымыз шаштарын бұйралата беріп, бүгінде бір уыс шашпен қалғандары жетерлік. Шашқа «милировка» жасату жанып тұрған сән еді. Бүгінде ол да қалып барады. Енді шашты ламинаттау үрдісі басталды. 3-4 сағат бойы жасалатын процедура үшін 30-40 мың теңгені құрбандыққа шалуға тура келеді.
P.S:
Жасанды сұлулықтың қанша уақытқа дейін көз қуантары белгісіз. Алайда жаңа жылдық кеш деп жанын сала дайындалатын қыз-келіншектердің біразы қаржыдан қағылатыны анық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА