Елдің Туын құлатпаған ерен ер

Туған жерден тамыр үзбей-ақ биік мақсаты мен асыл мұраттарын жүзеге асырған қатардағы еңбек адамы өзін мұндай айтулы шара ортасында боламын деп ойламаған еді.
Салатанатқа алыс-жақын шетелдерден, сол кездегі бас қала Алматыдан, әр облыс орталығынан құрам дайындалады. Қызылорда облысы атынан баратын делегация қатарындағы ауданнан таңдалған екі азаматтың бірлігіне Қазалы вагон жөндеу депосындағы Ғ.Мұратбаев атындағы комсомол-жастар бригасының жетекшісі, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Әділжан Ерниязов таңдалды.
Қазақ тарихындағы бірінші инаугурация 1991 жылғы 1 желтоқсан күні сайланған ҚазССР-нің Президентімен байланысты. Халықаралық «инаугурация» терминінің латынша баламасы «арнаймын» деген мағынаны білдірсе, ағылшын тілінде «қызметке кірісу» деген ұғымға саяды.
Мемлекет басшысының мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін бұл рәсімді қазақстандықтар 1991 жылдың 10 желтоқсанында өткерді. Алматыдағы Республика сарайындағы сән-салтанат туралы ол:
– Бұрын-соңды өзім оқыған кітаптардан тарихтағы «хан көтеру» дәстүрі туралы білетінім болмаса, ондай ғажайып сәтті бастан кешіру ерекше сезімге бөлейтінін білмедім. Сол тұс Желтоқсан көтерілісінен кейін ұлттық сана сілкініп, рух оянып, бостандыққа деген бұлқыныс бойда бұлаң берген кез еді. Абылайды ақ киізге отырғызғандай, ұлт тізгіні өз ұлына аманатталған кезді көзбен көргенде, көңілдің елжіремеуі мүмкін емес-ті. Бұл көріністі көріп тұрып, сан жылғы ата-бабалар арманының жүзеге асқанын сезінгенде санамда ерекше сілкініс орын алды, – дейді.
Онда ұлықтаудың инагурацияға сай үрдісімен қатар төл ерекшеліктер де көрініс тапқан. Ұлттық үрдіске сай Елбасы отырған жерге ақ киіз төселіп, халық ақыны Шәкір Әбенов бата беріп, шапан жапты.
– Бұл алаш жұртының азаттығы толық танылып, үлгермесе де, ұлттық жадының оянуы, тарихи танымға деген құрметінің белгісі еді.
Кейін ақпарат құралдарының бірінен оқып, таныстым. Елбасына бата беретін азаматтан ұйымдастырушылар алдын ала не айтатыны туралы сұрғанында Шәкең: «Құдай аузыма не салады. Соны айтамын», – деп жауап берген екен. Сәтін салып, ақсақалдың тіліне сол жолы орамды ой, толғамды тілек, бәтуалы бата оралды. Сөздің қасиеті бары ежелден белгілі. Кейде Алла абыз қарттың айтқанын қабыл етті ме екен деген ойда қаламын, – дейді өткенді тебіреніспен еске алып.
Бұл күні Егемендік Декларациясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті елдің туы астында, Конституцияға қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге салтанатты түрде ант берді. Мінберде сөз сөйлеген адамдардың барлығынан тәуелсіздікке деген құрмет нышанын аңғару қиынға соқпады.
Бізбен кездесуінде Әділжан Қанағатұлы есіне әлдене түскендей, біраз бөгеліп алып, әңгімесін қайта жалғады.
– Осы жағдай менің есімнен кетпейді. Ұлықтау шарасында бағдарламаға байланысты ашылып-жабылып тұрған сахна шымылдығының етегі жиырылып жатқанда, ойламаған жерден шеткері тұрған туды тұғырымен орнынан қозғады. Барлығына байыппен қарап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы жедел қимылға көшіп, байрақты құлатпай ұстап қалды. Арнайы жасалған жағдайда мұндай ой мен ептілік үйлесім таба алар ма екен, таба алмас па екен, кім білсін? Елбасының ширақ қимылы арқасында келеңсіз көрініс әдемі үйлесімге ұласып кетті.
Ертеден «Туың құламасын!» деп бата беретін қазақта тек қаралы, қазалы жағдайда жығылатын байрағының төмендеуі жаман ырымға баланады. Ал ел басқаруды енді ғана қолға алған Елбасының бұл әрекетін барша қауым жақсылыққа балады. Біз де ол кісінің іштей, туымызды құлатпай, түтінімізді түзу ұшырарына шүбәсіз иландық.
Келешегіне кемел сенім артқан тұлға, Тұңғыш Президент мемлекетті басқарған жылдары елінің бедел биігін әлем халқы алдында мәшһүр етіп, абыроймен алға сүйреді. Батыл бастамаларға барып, таяу болашаққа жүйелі жоспар түзді, – деп түйіндеді ойын кейіпкеріміз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА