Ұлағат ұясы
Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі – «Бірінші Президенттің 20 зияткерлік мектептері» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылдың 30 тамызында ашылған болатын. Мектеп ғимараты үш қабаттан тұрады. Онда кітапхана мен үлкен және кіші спорт залдары, мәжіліс залы және асхана, оранжерея мен телестудия кабинеті бар. Дарынды өрендердің талабын ұштайтын білім ордасында 100-ден аса қызметкер еңбек етеді. Бұлардың қатарында шетелдік мамандармен бірге қазалылық жерлесіміз ұстаздық етсе, жасөспірімдер білімін жетілдіруде. Олар әлемнің үздік педагогикалық әдістемелерін инновация тәсілдерін ұштастыра отырып, білімге баулитын мектеп бағдарламасының ерекшелігі
туралы ойларымен бөлісті.
Гүлназ ДИХАНБАЕВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі:
– Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасарда арнайы 3 кезеңнен тұратын сынақтан мүдірмей өттім. Бұдан соң басшымен жолығып, қызметке қабылдандым. Мұнда жас маманды жан-жақты дамыту үшін жағдай жасалған. Алғашқы күннен бастап-ақ, ұжым мүшелерімен танысып, тәлімгер мектебіне бекітілдім. Жетекші ұстаз тағайындалып, бір жыл бойы оқыту әдістемелері мен барлық ұйымдастырылатын іс-шараларды ұтымды өткізуге кеңес беріп, үйретті.
Сабақ беру барысында басшылық тарапынан барынша еркіндікке мән беріледі. Түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқуды далада, ашық алаңда немесе спорт залда өткізуге жағдай жасалған.
Бастысы – балаға өмірлік тәжірибемен ұштастыра тәлім беру талап етіледі. Оқушының шығармашылықпен айналысуына жол ашық. Оның дайындаған жұмысы мадақталып, қателігі айтылмайды. Қай жері жетіспей тұр, соны толықтыруға көмек беріледі. Ұстаздар арасындағы қарым-қатынас та осындай. Ашық сабағыңа қатысқан әріптестер жақсы тұсыңды ерекшелеп, жетілдіруге бағыт сілтейді.
Қазір қазақ және орыс тілдерінде дәріс жүргіземін. Алдағы уақытта ағылшын тілінде де өткіземін. Себебі бізде ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер баршылық. Соларға қарап, өзімді әрдайым қамшылауға дайынмын.
Қажымұқан АРМАНОВ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Бұл ұлағат ұясының пайдалы жағы көп. Мәселен, сабақты өзіңнің таңдаған мамандығыңа сәйкес тереңдетіп оқытады және пән мұғалімдерінің арқасында қызықты өтеді. Балалардың дұрыс тамақтануын жіті қадағалайды. Барлық оқушы өзін талапқа сай ұстайды.
Мұндай инновациялық бағытта ашылған білім ұстаханасына құжат тапсырған кезде қорқыныш болды. Оқып жатқан №249 мектеп-лицейден кеткім келмеді. Бірақ бір жыл өткеннен кейін жаңа ортаға үйреніп кеттім. Бәрі жаңаша болғандықтан алғашында таңданып қарағанымды жасырмаймын. Қиындық барлық жерде болады. Оған өзіңді әркез дайындау керек. Ізбасарларыма бұл мектеп білімпаздарды ғана таңдап алатынын ескертіп, ештеңеден абыржымай білім додасында тайсалмай бақ сынауына кеңес беремін. Мен келешекте отанымыздағы ауыр дертке шалдыққандарды емдейтін дәрігер боламын. Биология бағытында шетелде оқуды мақсат етіп отырмын.
Нұрсая ЗИНАДИНОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің
оқушысы:
– Менің Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуім үлкен еңбектің нәтижесінде жүзеге асты. Емтихан тапсыру үшін көп дайындалдым. Дарындылар қатарынан көрінуім мен үшін қуанышты жаңалық болды. Бұл шаңырақты жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландырып, ел экономикасын түлететін ұшқыр ойлы азамат қалыптастыратын шеберхана деуге әбден лайық. Оқушылар химия, математика, биология, физика пәндері бойынша ғылыми үлгідегі зертханалық құрылғылармен жұмыс істейді. Оқу блоктарында 12 және 24 оқушыға арналған әмбебап, жеке сабақ кабинеті бар. Әр оқу бөлмесі соңғы био және нанотехнологиялық құрал-жабдықтармен қамтылған.
Бүгінде мектеп жатақханасында тұрамын. Онда оқушы өз үйінде жүргендей сезінетін жағдай жасалған. Осында келгеннен кейін жақсы достар таптым, терең білім алып жатырмын. Тайм менеджмент, шешендік өнерді меңгерудемін. Бұдан бөлек, қырыққа тарта қосымша үйірме мен экономика және кәсіпкерліктің әліпбиін үйрететін курс жұмыс істейді. Сонымен қатар жазда да көптеген пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізіледі. Зерек оқушылар тікелей ғалымдардан дәріс алады. Оксфорд, Кембридж университеттерімен тығыз байланыста болғандықтан шетелдік мұғалімдер сабақ береді. Сондай-ақ шетелден келген оқушылар да қабылданады.
«Екі апта ауылға», «Ата-ана жұмысындағы бір күн», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Қоғамға қызмет», «Туған елге тағзым» сияқты жобалар оқушылар мен ата-аналарға көптеген мүмкіндік береді. Мұнда оқушылар SAT, IELTS емтихандарын тапсырып, өз деңгейлерін анықтап тұрады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА