Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемі оның – Гүлстан

Әлемі оның – Гүлстан

«Ешқашан ескірмейтін интерьер, ештеңе
алмастыра алмайтын сұлу сыйлық не?» деген сауалға нәзікжандылардың дені көп ойланбастан, «үй гүлдері» деп жауап береді. Адам жанын рухани азық – кітаппен бірге көркі көз таратын өсімдіктермен нұрландырып жүрген Жамал Жәрімбетованы көпшілік жақсы таниды. Флористика әлеміне ынтызарлығын өзіне берілген сый деп білетін кейіпкермен жақында жүздесудің сәті туды. «Сұлулық падишасы – гүл өсіруді қолға алу арқылы мен жаңа бір өнермен табысқандай күйге ендім. Оны Алла Тағаланың адамзат баласына берген сыйы деп айтар едім. Алғаш гүлдердің барлығы далада өскен. Кейін нәзіктікке құмартқан адамзат оны үйде өсіре бастаған», – деп әңгімесін бастады ол.
Жамал Әжімұратқызының жүрген жерінің барлығы гүлге толы. Үйі, жұмыс орны, жиі бас сұғатын жерлері, туыстарының баспанасының барлығына өзінің сүйікті ісімен ұнамды болған жан бүгінде өсімдіктер әлемін мамандардан мейлінше көбірек меңгерген десек ешкім дау айтпас. Оған гүл өсірушінің ширек ғасырлық тәжірибесі мен тындырымдылығы мол әсерін тигізген.
Осы орайда өзімді мазалаған: «Гүлдер адамдарды түсінеді деген қаншалықты шындық?» – деген сұрақты көкейге көміп қала алмадым.
«Адамның психологиялық, энергетикалық жағдайына барынша ықпал ете алатын бірден-бір өсімдік түрі – гүл. Біріншіден, оның жапырақтары бөлмедегі жағымсыз, уытты заттарды бойына сіңіру арқылы, қоректік қажетті оттегі бөледі. Осы орайда айта кетейін, Норвегия елінде науқастанып барған адамға жеке жайларында кемінде 3-4 бөлме гүлін өсіруді талап ететін көрінеді. Тәжірибе оң ықпалын берген. Осы қолдан келетін амалды әр адам жасап көрсе, ұтпаса, ұтылмасы анық.
Жанды дүние болған соң, әрине гүл де сезімтал келеді. Бірі жарықты ұнатады, бірі ұнатпайды, бірі шөлді жақсы көрсе, біріне су аса қажет емес. Әрқайсысының күтімі әр түрлі. Ортақұқсастықтары –  барлығы да бала сияқты қуанышыңды еселейді, тынысыңды аша түседі. Олар да адам сияқты ауырады, сұқ көзден әлсіреп қалады. Мұндайда дер кезінде көңіл бөлу маңызды», – деді ол.
Отыз жылға жуық бір орында абыройлы қызмет етіп келе жатқан Жамал бірінші категориялы кітапханашы, шығармашыл, ізденісі зор маман. Сөзімізге оның түрлі деңгейде қол жеткізген марапаттары айғақ. Абай, Мұқағали, Мағжан өлеңдерін жатқа оқитын ол оқырман ықыласына бөленген кітапханашы. Тәжірибелі маманның келуші талғамынан табылуына сұлулыққа құмар дағдысы да көп көмегін тигізген. Қайсыбір елді мекендерде Кеңестік дәуірді көз алдыңа оралтатын рухани ошақтың жайы Басықара ауылында мүлде бөлек. Бізге таза, ұқыпты орындағы жасыл жапырақты көркем көрініс кім-кімді де ол жерде жайлы, ұзақ отыруға шақыратын бір амалдай көрінді. Мұнда өтетін түрлі шара, кештерден жиналғандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасады. Ауылдағы гүл отырғызуға ниет еткендердің алдымен ат басын бұрып, кеңес алатын адамы да осы кісі.
Шағын үйіндегі 200-ден астам гүлдің       атауын, жайын жанына терең сіңірген адам олардың қай бөлмеге лайықтылығын, зияны мен дәрілік қасиеті туралы да білімінен бізді хабардар етті. Талай рет кездескен тері, респераторлық ауруларды гүлдері арқылы жазып алғанын таныстары жеткізді.
Жамалдың жасыл әлемімен шағын ауыл ғана емес, аудан, аймақ тұрғындары хабардар. Оған себеп те жоқ емес. Жыл сайын түрлі деңгейдегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылғанда алдымен шақырылатын адамның бірі – біз айтып отырған гүл өсіруші. Оның күтіп-баптаған өсімдіктеріне деген сұраныс та көп. Хоббиін кәсіпке айналдырып үлгірген жан қазір аудандағы мектеп, мекемелердің біразын көгалдандыруға атсалысып жүргенін сөз арасында айтып қалды.
Бөлме сәніне айналған өсімдіктерге сұраныстың жыл санап артуына оның ұсынған сапалы тауарлары себеп болған. Қысы-жазы жайқалып тұратындығы өсінділерін су құйып, ыдысын ауыстырумен келмейтінін, сондай-ақ өсіріп, күтіп-баптауда терең білім керектігін әңгімелесу барысында ұғынғандай болдық. Кейбіреу әуесқойлық әлегі санайтын істі Жамал: «Менің әлемім» дейді. Өз сөзімен айтсақ: «Жан-дүниесі таза емес адамның гүл өсіруі де мүмкін емес». Тазалыққа тамыршы болған табиғат сыйынан өзін ешқашан бөле-жара қарай алмайтын апайдың жанында болған бір сәттегі үлкен әсерден ұзақ уақыт арыла алмадық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
22 қазан 2019 ж. 566 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 40

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 54

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031