Тұғырлы оқу ордасына – 90 жыл
Биыл Қазалы көлік-техникалық колледжінде мерейлі мереке. Тамыры өткен ғасырдың бірінші ширегінде жатқан оқу ордасының бүгінгі келбеті көздің жауын алады. Ел аумағындағы үздіктердің қатарынан көрініп жүрген білім ордаларымен бәсекелестікке жарап-ақ тұр. Алғашында Қазалы паровоз депосының жанында ФЗУ болып ашылған мекеме елде индустрияландыру қарқын алған шақта теміржол саласының ұсталарын, вагон жөндеушілер мен қараушыларды, ағаш ұсталарын дайындап, өндіріске жіберіп отырды. 1939 жылы училище үшін 210 орындық оқу орны салынып, 1940 жылдың қазан айында Үкімет қаулысымен «Еңбек резервтері» болып қайта құрылды. Бұдан кейін 2008 жылдан бастап №5 кәсіптік лицей, 5 жылдан кейін Қазалы көлік-техникалық колледжі болып аталды. Тек 2017 жылдың басында ғана облыс әкімінің қаулысымен Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі статусын иеленді. Қазіргі таңда мекемені Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері Болат Ахметов басқарады.
Қиын-қыстау заманның тезінен өтіп, жаңғыру жолында келе жатқан оқу ордасының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Колледж ауласының кіреберісінде киіз үй тігіліп, меймандар қазақы дастарқаннан дәм татты. Бұдан соң оқытушылар колледждің материалдық-техникалық базасымен таныстырып, оқу кабинеттерін, цехтарды аралатты. Осында білім алып, келешек бір істің маманы болатын студенттерге арналған оқу бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешендер назарға ұсынылды. Бәрінен бұрын осында тәлім алушылардың жасаған қолөнер бұйымдары мен аспаздардың кондитерлік өнімдері көптің көңілінен шықты. Білім алушылардың практика жүзінде жасаған шахмат, тоғызқұмалақ тақтайшалары мен сейф, титан, самаурын, қоқыс жәшігі, қазан, бөшке сияқты тұрмыста көп сұранысқа ие бұйымдардан асқан шеберлікті байқадық. Ал ұлттық нақыштағы өрнектермен әшекейленген үстелдер мен киім-кешектер нарықтық сатылымда жүрген заттардан кем емес екенін аңғардық. Сонымен қатар келешек темір ұсталарының оқу ордасында жүріп жасаған білезік, сырға, сақина, моншақ сияқты әшекей бұйымдары әйелдер қауымының қызығушылығын тудырды. Аула төріндегі “Күз – береке бастауы” ауышаруашылық өнімдерінің көрмесі жергілікті еңбек адамдарының жаз бойы төккен терінің жемісті болғанын айшықтап тұрғандай. Көрмеден керемет әсер алған қонақтар бұдан әрі «Кәсіби білім берудегі жұмысшы кадрларды даярлау мәселелері: құзыреттілік, технология, инновация» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Жиында сөз алған колледж директоры Болат Ахметов басқосуға келген әлеуметтік әріптес мекеме басшыларына алғысын білдіріп, конференцияның мақсатын түсіндірді.
– Осында іргелі оқу ордасының тұғыры биіктей түсуіне айрықша үлесін қосқан азаматтар отыр. Олар қазірдің өзінде елімізге еңбегі сіңген дара тұлғалардың ұстазы болып үлгерді. Экономиканың дамуына аянбай тер төгіп жүрген, маман даярлап шығарған ардагерлерге айтар алғысымыз шексіз. Бүгін мекеменің өткені, қазіргі сәті мен келешегі жайында ашық сұқбат алаңы болса екен деген ниетпен сіздерді осында шақырдық. Сондықтан ұсыныс-тілектеріңіз бен колледж әлеуетін арттыруға сеп болатын тәжірибелеріңізді бізбен бөліссеңіздер екен, – деді ол.
Бұдан соң кәсіптік білім беру ісінің ардагері Сексенәлі Раханов секілді бірқатар тұлғалар жиналғандар алдында баяндама жасады. Білім беру ісін өркендету мен жоғары білімді мамандар даярлаудағы озық оқыту үлгілерін талқыға салды. Бұл сәтте ғимараттың келесі бөлігінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов бастаған ұстаздар қауымы бүгінде елдің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген оқу орданың байырғы түлектерімен кездесіп, «Ұлылар салған ізгі жол, ертеңге барар бағытың» тақырыбында жиын өткізіп жатқан болатын.
Торқалы тойдың негізгі бөлігі “Еңбекпен келген, жетістікке жеткен – 90 жыл!» атты мерекелік салтанатты кешке жоспарланған. Колледждің мәдени клубында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен бірқатар елге еңбегі сіңген азаматтар қатысты. Ұлттық аспапта әуелеген әуеннен кейін көрермендер білім ордасының тарихы әспеттелген бейнероликті тамашалады. Колледж ұжымына көпшіліктің қошеметі көрсетілгеннен соң Мұрат Нәлхожаұлы ұстаздар қауымын құттықтады.
– Ел жастарын тәрбиелеп, бағыт-бағдар беруден жаңылмай келе жатқан Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің өзіндік терең тарихы бар, тағылымы мол білім шаңырағы екенін білеміз. Жас өскіндердің талантын ашып, болашақтағы баспалдағын қалап беретін оқу ордасын мақтан етеміз. Себебі осы сәтке дейін біршама биік белестерді бағындырып келді. Колледжді үздік нәтижемен бітірген Геннадий Шиповскихтың Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануының өзі біраз дүниені аңғартады.
Қай халық үшін де ұрпақтың тәлімді тәрбие алып, білімін жетілдіруі маңызды мәселе. Себебі жетістіктің алдында ғылым тұратыны белгілі. Ал осы мәселемен тікелей айналысып отырған сіздерді оқу ордасының меншікті мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді. Бұдан соң мекеме қыметкерлерін марапттау рәсімі басталып кетті.
Алдымен ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Бұл ретте мұндай марапатқа оқу өндірісінің аға шебері Жақсыбике Сүгірова мен директордың орынбасары Маржанкүл Ақай лайық деп танылды. Сонымен бірге Жомарт Дінахметов, Карбоз Изеев, Жақсыгүл Танабергенова, Гүлсім Бодықова, Ардақ Жиынқожаева мен бірқатар колледж қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Мұхтар Ақниязов, Альмира Бисалы, Айнұр Медеубаева, Нұргүл Дүйсенбаева, Малика Жұбатқанова есімді азаматтар аудан әкімінің Алғысын алды.
Салтанатты шара соңында «Күре жолдың шамшырағы» атты кітаптың тұсаукесері өткізіліп, кеш қонақтары мерекелік дастарқанға жайғасты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ