Қазақстан Сириядан кейінгі екінші орында
Қазақстанның әрбір бесінші тумасы шетелде жүр
Қазіргі таңда Қазақстанда туған 3,9 млн адам шетелде өмір сүріп жатыр. Бұл қазақстандықтардың 22 пайызы. Шетелге кетушілердің пайыздық көрсеткіші жағынан еліміз Сириядан кейін әлем бойынша екінші орында. Сирияның 6,2 млн тумасы қазір шетелде тұрып жатыр. Бұл ел халқының 33 пайызы.
Ал сыртқа көшіп кеткендердің жалпы саны бойынша Қазақстан әлемде 15 орында.
Қай елдердің азаматтары шетелге көп көшеді?
Бірінші орында Үндістан. Бұл елдің 15,9 млн тумасы шетелге тұрып жатса, Мексиканың 12,5 млн азаматы көшіп кеткен. Үшінші орында Ресей. Бұл елдің де 10,4 млн тумасы шетелге қоныс аударған.
Қытай, Бангладеш және Сириядан тиісінше 9,7 млн, 7,2 млн және 6,2 млн адам көшіп кеткен.
Пәкістан, Украина мен Филиппинде туған 5,4-5,9 млн адам шетелде тұрып жатыр. Ал Ауғанстан, Ұлыбритания мен Польшада туған азаматтардың шамамен 4-5 млн-ы елдерінен тыс тұрып жатыр.
Германия мен Индонезияның 4 млн азаматы қазір шетелде жүр. Келесі орында 3,9 млн тумасы қазір шетелде тұратын Қазақстан.
Жалпы, БҰҰ мәліметінше, қазіргі таңда 200 млн-нан астам азамат өз отанынан түрлі себептермен шетелге қоныс аударған. Қазақстандағы сыртқы миграция 4 млн-ға жуық екенін ескерсек, әлем бойынша мигранттардың 2 пайызының Қазақстан тумасы екеніне көз жеткіземіз.
Қазақстанда туғандардың басым көбі Еуропада жүр
Қазақстанда туып, шетелде өмір сүріп жатқан 3,9 млн мигранттың 3,8 млн-ы Еуропада, 76,8 мыңы Азияда, 44,4 мыңы Солтүстік Америкада, 3,1 мыңы Африкада, 2,2 мыңы Мұхит елдерінде, 100-і Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі мемлекеттерде өмір сүріп жатыр екен.
Жекелеген елдер бойынша, Ресейге 2,5 млн адам кетсе, Германияға 940,3 мың адам және Украинаға 224,4 мың адам кеткен.