Ел денсаулығы – ерен байлық
Халық денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу мен емдеу бағыттары әлеуметтік мәселе болып қала беретіні белгілі. Салауатты өмір салтын ұстануға баулу, дұрыс тамақатану режимін қалыптастыруды насихаттауда денсаулық сақтау қызметкерлерінің алар орны ерекше. Осының бір дәлелі жақында «Денсаулық сандарына қол жеткіз!» ұранымен өткен «Денсаулық фестивалі – 2019».
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен ішкі саясат бөлімі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі «Жеңіс» саябағында ұйымдастырған маңызды шара көпшілікті жақсы әсерге бөледі. Оған барлық емдеу, алдын алу мекемелері, колледж студенттері мен аудан тұрғандары белсене қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбілов: «Қазіргі таңда жастар арасында спортпен айналысып, өз денсаулығына күтіммен қарайтындар саны артқан. Бұл әрине көңіл қуантарлық жайт. Қайсыбір мемлекеттік ахуал болмасын медицина саласына тікелей байланысты болып қала бермек. Егер де арнайы мамандар жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын осылай жиі жүргізіп тұрса, халық та бізбен сұхбаттасудан тартынбайтын болады», – деген пікірін жеткізіп, жиналғандарға сәттілік тіледі.
Денсаулық мерекесінде ақпараттық-танымдық материалдар таратылып, салауатты өмір сүруге үндейтін көрнекілік құралдары ілінді. Мамандар тұрғындарды мазалайтын күрделі сұрақтарға жауап қайтарып, дәрігерлік кеңес берді.
Қатысушылар Қ.Пірімов көшесінен «Жеңіс» саябағына дейін жаяу жүрді. Одан кейін таңғы жаттығу жасап, студенттер флешмоб биледі. Ұлттық спорт түрінен бақ сынасу үшін қатысушылар үш топқа бөлініп, нәтижесінде арқан тартудан аудандық емхана командасы қарсыластарынан басым түсті. Гір көтеру сайысында ауданаралық аурухана қызметкері Әліби Жұмалының мерейі үстем болды. Ерлер арасында өткен қол күрестен Қазалы көлік-техникалық жоғарғы колледжінің студенті Нұрсұлтан Исмайлов жеңіп шықса, әйелдер арасында Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Марина Үмбетәлі қарсыласын шақ келтірмеді. Жеңімпаздар облыстық Жастар орталығының Алғыс хатымен мараппаталып, бағалы сыйлық иемденді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ