Шеберлігі шыңдалған мамандар
Бүгінде ауданда нарық сұранысына бейімделген жандар көптеп кездеседі. Олар жүрек қалауымен сүйікті кәсібін таңдаған азаматтар қатарында. Сондай өз ісінің хас шеберлері Көпжан Бижанов басшылық ететін «Жылу – ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде уақытпен санаспай тер төгеді. Мұнда заманауи пластик терезе дайындау мен токарьлық және дәнекерлеу ісімен айналысатын мамандар аз емес. Біз солардың бірқатарымен жүздесіп, өмір және еңбек жолы туралы сыр тарттық.
Асан Оразғалиұлының пластик өнімдерін өндіріп жүргеніне 10 жылдың жүзі болған. Мақсатшыл жас серіктестікке №8 кәсіптік лицейден газэлектрмен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп келген.
– Оқу орнында қатар білім алған үш бозбала оқытушылардың кеңесі бойынша Көпжан Қожабергенұлының қабылдауына кірдік. Ол бізді жылы шыраймен қарсы алып, жұмысқа қабылдады. Сол албырт кезімізде айтқан болжамдарын жиі ой елегінен өткізіп тұрамын.
Оның егемендік алған алғашқы жылдары Түркиядан келген түрік танысы елде 20 жылға жететін жұмыс барын бағамдап, пластиктен есік-терезе соғуды ұсынған екен. Қарап отырсам қазір ағаштан құрылған терезелер жаппай пластикке ауыстырылуда. Нарық ағымына оңтайлы ілесу үшін қажетті істің көзін аша білгендердің ұтатынына көзім жетті. Осы жерде отбасын асырап, нан тауып жүргеніме біраз болса да әлі де үйренерім көп. Заман талабына сай темірден түйін түйіп, ұсталыққа икемделген нәпақасыз қалмайды. Мұны ескерген мемлекет те қазір кәсіптік білімге айрықша мән беруде. Сондықтан жастар уақытын текке өткізбей қолайлы мүмкіндікті тиімді пайдаланса екен, – дейді.
Асанның айтуынша, әрбір кәсіптің өзіндік ерекшелігі кезігеді. Бастапқыда цех жұмысының ыстығы мен суығына Қуаныш Үргенішбаев бейімдеген. Ұйымшыл ұжымның ортасында жүріп, отбасын құрды. Бүгінгі таңда жары Набат екеуі Бағылан мен Айша есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Адал қызметінің арқасында мекеменің қолдауымен жер алып, баспана тұрғызды. Серіктестік ұжымы алғырлығы әрі кішіпейілділігімен көзге түскен оны бірқатар марапатқа ұсынған. Жігерлі жігіт 2015 жылы “Жылдың үздік жас құрылысшысы” бағамын алған.
Ал Әнес Ақшилов болса газэлектрмен дәнекерлеудің нағыз маманы. Әріптестерімен бірге құрылыс нысандарына темірден соғылатын қажетті өнімді дайындайды. Жанындағы көмекшілерімен қара темірді бір қалыпқа келтіріп, өрнектелген аркалар жасайды. “Сырттан келген тапсырыстан бөлек бізге тұрғындардан да темір өнімдерін жасауға ұсыныс түседі. Соңғы кезде көмір жағатын темір пеш дайындатуға сұраныс көп. Газ жүйелері бармаған ауылдық жерлердегі азаматтар тапсырмасын тиянақты бітіреміз”, – дейді жұмыс барысымен таныстырған Әнес.
Серік Әлменов аудандағы ең білікті токарь. Мекеменің бүкіл қажетті темірін жонып, бұзылған автобөлшектерді жөндейді. Ұжымдастары еңбекқорлығына тәнті екенін жеткізді. Олардың мәлімдеуінше, Серік бір күнде дамылдамайды. Мекеменің де, жеке де тапсырысты орындап, тындырымдылығымен көзге көрініп жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА