Темірдей тәртіпке бас игендер
Теміржол – стратегиялық маңызы бар саланың бірі. Сондықтан да оның көрші елдерден қалыспай дамытылып, жетілдірілуі ұдайы мемлекеттің бақылауында. Оның шешімін оңтайлы табу, тиімділігін арттыру үшін автоматика, телемеханика және байланыс құрылғылары заманауи талапқа сай жабдықталып отыруы тиіс. Бұл ретте Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясындағы өнегелі істерді үлгі етуге болады.
Мұндағы СОБ құрылғылар аспаптарын жөндейтін бригаданың электромеханигі Амангелді Еселбай: "Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясы 1931 жылы Қазалы стансасында механикалық шеберхананың негізінде құрылған. Уақытында аталған шеберханаға Бекбауыл және Жосалы стансалары аралығында орналасқан белгі беру және байланыс құрылғыларына техникалық күтім жасау және жөндеу жүктелген. Ол кездері қазіргі бағдаршамдар мен семафорлар, электржезлді жүйесі және байланыс құрылғыларының орнына Морзе телеграф аппараттары қолданылған. Одан бері мекемеміз талай жаңғыртулар мен уақыт тезінен өтіп, қызметтік сапасы жақсарды. Қазір мұнда өз ісінің шеберлері жұмыс істейді", – дейді.
СОБ құрылғылар аспаптарын жөндейтін бригада құрамында жиырмаға жуық адам бар. Онда электромеханиктер: Нұрлан Борашев, Күләй Рзалиева, Гүлшахра Шамшиева, Альмира Әділбаева, Батырхан Асқаров, Нағима Қазанғапова, Айман Іздібаева, Айгүл Ысқақова, Бағымша Абдуллаева, Қайрат Дайрабаев ерен еңбегін теміржол саласына арнауда. Сонымен қатар электромонтерлер: Жанат Қазыбай, Айткүл Аманжолова, Бота Раева, Жаңагүл Қартабаева, Құралай Садықова, Мейрімхан Сәрсенбай, Асқар Өмірзақов көз майын тамызып, шойын жол бойында орналасқан бағдаршамдардың тоқтаусыз қызметін бақылап, жөнге келтіріп отырады.
Бригаданың электромеханигі Нағима Жақсыбайқызының айтуынша, бұл жерге көпшілігі еңбек жолын ең кемі 18-19-дегі уыздай жас кезінде келіп бастаған екен.
"Алғаш жұмысқа орналасқанымда сол шақтағы басшы Мырзатай Рахметалиев 9 айлық оқу курсына жіберді. Білімімді жетілдіріп келгеннен кейін әлі оң-солын танып білмеген біздерге бақылау сынау пунктінің аға инженері Роза Әмірованың қамқорлығы зор септігін тигізді. Оның жүрегінің кеңдігі соншалық әрдайым ақыл-кеңесін айтып, құрылғылардың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын.
Қазір ақылшы ұстаздардың арқасында бүгінгі күнге дейін өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибе жинадық. Алдыңғы буынның үйреткендерімен анда-санда комплексті түрде, релелерді ауыстырып шығамыз. Релелер шкафында аспаптардың сартылдап жұмыс істеп, бағдаршамдардың ақаусыз ашылып-жабылып тұруына жауаптымыз. Біз тексеріп, жөндеген жабдықтар тоқтаусыз қызмет етіп тұрса халыққа пайдамыз тиіп жатқанына іштей қуанамыз", – дейді Н.Қазанғапова.
Бүгінде білікті, іскер басшы Ғани Ысқақов Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясы ұжымына ыңғайлы жағдай жасауда. Болат жол бойындағы темірдей тәртіпке бас иген дистанция ұжымы алдағы уақытта да туған өлкенің өркендеуіне лайықты үлесін қосатынына сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА