Әскери патриоттық тәрбие күшейтіледі
Өткен аптада №170 орта мектепте Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Дәулетбақов оқушылармен жүздесті. Онда олар жастардың әскери патриоттық тәрбиесін күшейту және аудан мектептерінде кадет кластарын ашу жолдарын ұсынды.
Жастар арасында патриоттық тәрбие жүргізу арқылы жоғары рухани-патриоттық қасиеттерді, Отан алдындағы міндеттерін терең сезіну мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру – мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының, отбасы мен қоғамның мақсатты және жұмыла әрекет етуін талап ететіні белгілі.
Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін маңызды дегенді айтқан болатын деген М.Қадіржанұлы:
– Қазалы жері туған өлкем болғандықтан маған ерекше ыстық. Ел Президенті мемлекетімізге және әскерге айрықша көңіл бөледі. Осындай қысқа уақытта Қазақстан әскері жан-жақты дамып, үлкен жетістікке жетуде. Қаншама халықаралық жарыстарда сарбаздарымыз жеңіске жетіп жүр. Жыл сайын «Айбын» атты әскери патриоттық жиын өткізіледі. Осы жылы халықаралық деңгейде өтті. Ресейден Президенттік кадет училищесінен балалар қатысты. Бұл басқосу жылда Қарағанды облысында ұйымдастырылады.
Жақында үлкен бір шарада әскери патриоттық меморандумға қол қойғанбыз. Сонда әр мектепте кадет класын ашу шешімін қабылдадық. Астанада демеушілерді тартып, ең тентек деген оқушыларды кадет класына апарғанбыз. Жарты жылда олар жақсы жағынан мүлдем өзгерді. Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының қолдауымен Қазалыда осындай клуб ашылады деген сенімдеміз, – деді.
Жиында төрағалық еткен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев елімізде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ең өзекті мәселелердің бірі екендігін тілге тиек етті. Бұл ретте әскери-патриоттық тәрбие жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім мен азаматтықты қалыптастыруда айрықша рөл атқаратындығын алға тартты.
Келелі кездесуде генерал-майор Мұхамеджан Таласов аудан әкімі М.Ергешбаевты жаңа қызметімен құттықтап, Қорғаныс министрлігінің атынан салтанатты түрде «Қарулы күштерге – 25 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.
Сондай-ақ, байыпты басқосуда «Айбын» атты әскери патриоттық жиыны жайлы түсірілген бейне жазба көрсетіліп, оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарына тұшымды жауаптар алды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.