Балалар атқа отыруға асығады

Бұнда келушілер атқа отырып, серуендейді. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген киіз үйде түрлі шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау үрдіске айналды.
Жуырда «Жайлаудағы ауылда» «Балапан», «Балдырған» балабақшаларының бүлдіршіндері қонақта болып, өз өнерлерін ортаға салды. Қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Оған балабақша тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қолынан шыққан және киізден жасалған түрлі дүниелер, өнерін кәсіп көзіне айналдырып отырған Шахарбан Тұрғанбаеваның бұйымдары қойылды.
Сонымен бірге асық ату, қыз қуу, тұсау кесу, теңге алу ұлттық ойындары өткізілді. Ұлттық киім киген бүлдіршіндер ойынға қызыға қатысып, ән айтып, би биледі. Ақ кимешек киген әжелер өнегелі әңгіме айтып, балғындарды әдептілікке, ізеттілікке баулыды.
– Жобаны қолға алмас бұрын көпшілікке қандай тың дүние ұсынсақ болады деп көп ойландық. Аудан тұрғындары мен қонақтарына қызықты әрі ерекше демалыс сыйлауды жөн көрдік. Міне, нәтижесінде «Жайлаудағы ауыл» жұмыс істеуде. Бұнда келушілер саны күн санап артуда. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің атқа отыруға қызығушылығы басым. Қыркүйек айының соңына дейін әр түрлі шаралар өткіземіз деген жоспарымыз бар, – дейді «Қазалы ынтымағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сәнімкүл Күлікбаева.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ