Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалықтың тұмса құралы

Тазалықтың тұмса құралы

Қазақтың сөз өзгерімдері қызық. Адамдар­дың басты құралы саналатын тіл арқылы екі тараптың адамдары кездессе, ерекшеліктері тез-ақ байқалып қалады. Оған негіз де жоқ емес. Тіл де тұжырымы бар, қалыптасатын, дамитын, өзгеріске түсетін, тіпті жойылып та кететін құбылыс іспеттес. Әр мекендегі тұрғындар тілі сол жақтың географиялық ерекшеліктеріне негізделеді. Сондағы тұрмыс-тіршілікке ыңғай­ланған сөздер пайдалануға енсе, енді бірде экономикалық қарым-қатынас жасаудағы байланыс, тіпті соғыс та тілге өзгеріс әкелгенін қазір бәрі біледі.

Француз Поинезиясының бас аралы саналатын Таити аймағы ауа райының жайлылығынан, онда барған туристердің дені тұрақтап қалған. Табиғаты жайлы, қолайлы мекенде жеміс-жидектің түр-түрі өсетін көрінеді. Олардың қатарында біздегі нан мен сүтке ұқсас дәм беретін өсімдіктер де бар. Қызығы сол, ғалымдар тілін зерттегенде олардан бірде-бір қарғыс сөз таба алмағанын айтады. Бұл сол аймақтың тыныс-тірішілігінен хабардар ететін жайт. Сондай қазақ жерінің әр түкпірі өздеріне жақын мемлекеттер тілін лексикондарына молдап сіңірген. Мәселен, батыс өңірінде түркімен, түрік тілдерінің ықпалдары болса, біздің жермен шекаралас жатқан қарақалпақ жұртының бізге тым ұқсастығын байқайсың. Шығыс облысының сөйлеулері көршілес қытай, ұйғыр, Солтүстік Қазақстан аймағына орыс халқының сөздері көптеп енген. Ал оңтүстіктегі Түркістан облысы адамдарының майда тілі, биязы мінезін көргенде сүйсінбеске шараң болмайды.
Сол түстік жеріне шөбіміз бұйырып, жоғары оқу орындарына барғанның бірі менмін. Студент шақта өз сөйленісімізде жауап қатып, талай күлкіге қалған естелікті сағына еске аламын.

Алғаш 2002 жылы талапкер болып құжат тапсырып, оқу нәтижесін күтіп жүргенімде, Түркістанда тұратын әпкемнің үйінде жатып, тірлігіне қолғабыс етуді ұйғардым. Бірде ауланы сыпырып жүргенімде, қақпа есігі қағылғананын естідім. Ашып қарасам, ұзын бойлы, өзім құралпы ақсары жігіт келіп: «Сәлеметсіз бе? Елгезер бар ма?» – деді. Нені, кімді сұрап тұрғанын білмеген мен: «Жоқ, ондай кісі келген жоқ. Үйде әпкем екеуіміз», – деппін. Көрші менің сөзімді естісімен, бетін басып күліп, кетіп қалды. Кейіннен 4 жыл бойы сол үйде жаттым. Талғат есімді жігіт мені көрсе: «Үйіңде әпкең екеуің бе? Елгезер қашан келеді?» – деп мазақтаумен болды. Елгезер – біз «елеуіш» деп айтатын електің жергілікті ұғымы екен.

Алғашқы айда жат жерге бейімделу маған оңайға соққан жоқ. Бір жолы жапсаралас тұратын келіншек үйіне қонақ келетінін айтып, мені көмектесуге сұрап алды. Үйіне барғанымда ол: «Алтын, жаным, шашықтарды шая салшы», – деді шай үстелді нұсқап. Үстел үстінде көп зат тұр. Жақындадым да қасықтарды алып жуа бастадым. Көңілімде «қасық» деді ме, әлде «шашық» деді ме, мүмкін бұл жақта қасықты солай айтатын шығар» деген күдік болды. Менің әрекетімді көріп үй иесі ренжігендей күй танытты. Түсінер емеспін. Ол мен жуған қасықтарды құрғатып жатып: «Қазанға бір ожау су құя салшы, ұмытып барамын», – деді қайта биязы үнмен. Ойымда ештеңе жоқ, асханадағы сұйық тамақ құятын құралмен мөлшерлеп су құйдым. Мұны да оңдырмадым. Әлгі тамақтың суы аз болып, түбі қазанға жабысып қалды. «Ожау» деген бұларша су ішетін қолбақыр екен. Онымен тамақ құятын шөміштің арасында көп айырма бар. Жуылған ыдысын қайта құрғатып, піскен асын күйдіріп алған апай үйдегі істі оңдырмасымды білді ме, енді аулаға жұмсады. «Жүзімнің жанында какандоз тұр еді. Ала келші».
Аулаға шығып, жүзім ағашының жанына барсам да, какандоздың не екенін таба алмай, дал болдым. Келіп сұрағанымда, қоқыс қалдықтарын салатын қалақты қолына алып тұрған көрші «рахметін» айтып, шығарып салды.Үйге жетіп, болған жайды әпкеме айқанында әбден күлгені бар. Әпкем алғашында ренжігенімен, артынша ерте келгеніме қуанып: «Мақұл, онда тамақтанып алайық. Барып тезірек тұқым мен помидор-огурцый сатып алып кел», – деді.

– Тұқым. Тағы не ол? Шімішкі ме?
– Жоқ. Жұмыртқа. Бұнда солай деп айтады.
– Құрысын, үйде қазақша сөйлей берсеңізші. Ал қауынның ішінен шығатын тұқымды не дейсіздер? Әпкем жауап беру орнына күліп: – Бар. Барып кел, кейін білесің. Айтқандай, «шімішкі» дегенің жақсы болды. Шімішкі май да аларсың. Бірақ «пісте май» деп айт, – деді ақша ұсынып жатып.

Жедел жақын жердегі дүңгіршектің біріне бас сұғып, керек заттарымды алып, есептесіп, қолымдағы ақшаны ұстатқанымда, сатушы оған қайтаратын қаржысы жоқтығын айтып, қарама-қарсы бағыттағы сауда орнына барып, өзін айтсам, ұсақ ақша беретінін айтты. Жолдың келесі бетіне өтіп, жас сатушы қызға ақшамды ұсынып тұрып: «Бұзып бересіз бе?» – десем, ол бетіме бажырая қарап: «Немене?» – деді таң қалып.

– Ана жердегі Наргиз деген қыз осында жіберді. Майда ақша беруі керек маған. Онда ауыс ақша жоқ, – деп мақсатымды зорға ұғындырдым. Ақшаны қолыма ұстай бергенімде әлгі дүңгіршекте қияр жоғы есіме түсіп, оның бар-жоғын сұрадым. Сатушы басын шайқады.
Жұмыртқа, қызанақ, нан, майды үйге әкеліп, екі жерде де қияр жоғын айтқанымда әпкем: «Ойй... сен қыз басқа планетанікі сияқтысың. «Бәдірен» дейді шымкенттіктер.

Қайта сауда орынына келгенде «бәдірен» деп айтылатынын білсем де, қиярдың атауын орыс тілінде сұрадым. Наргиз: «Ада болып қалды», – деді.
– «Ада» деген не, әпкем атын «бәдірен» деді ғой, – дедім қызына. Менің расымен түсіне алмағанымды ұғынған ол: «Ол менде жоқ. Бітті. Таусылып қалды. Түсінікті болды ма?» – деді басын иығына қарай қисайтып.
Көп ұзамай оқуға қабылдандым. Түркістанды танып-біліп қалдым. Оқу орнына да өзім бара аламын. Базардың қайда екенін білемін. Сондай еркінси бастаған күнімнің бірінде үйге жақын келетін автобусқа жайғастым. Мен ішіне отырғанымда адам қарасы аз болғанымен, көп ұзамай жолаушыға толып кетті. Екі аялдамадан соң жас келіншек мінді. Оның қолындағы жүгі барын ескеріп, орнымды нұсқап едім, әлгі келіншек: «Қоя беріңіз», – деді жанарын төмен салып. Ол «керегі жоқ» дегені ме, әлде «бос тұра берсін» деді ме, түсіне алмай дал болдым. Түсетін орынға келгенімде толы адамнан алға қарай жылжу жақын арада мүмкін еместігін білген соң бар дауыспен: «Кешіріңіз, артын ашып жібересіз бе? Мен алдына қарай өте алмай жатырмын», – дегенім сол еді, бәрі ду күлді. Бетім қызарып кеткені сонша, сол көліктен зорға түстім.

Төртінші курс. Дипломды қолға алатын уақыт таяп қалғанда тәжірибеден өтуге мектепке бардық. Бітер уақытта жиған машығымызды көрсету мақсатында оқушыларға ашық сабақ өттік.

Неше күн бойы дайындалған дәрісімді оқушыларым да белсенділікпен жақсы алып шықты. Сабақты бақылауға қатысқан ұстаздардың көбі менен жақсы маман шығатынын, ізденісім мол екенін айтып, жарыса мақтап жатқанда, қатардағылардың бірі қолын көтеріп: «Жоқ. Мүлде олай емес. Мектеп оқушыларына қазақ тілін үйретіп тұрған мұғалім бұл жолы екі бірдей ерсілік, кешірілмес қателік жасады», – деді қатқыл үнмен. Бәріміз аң-таңбыз. Біздің абдырап қалған жайымызды көрген орта жастағы апай сөзін жалғады.
– Бұл бала батыстан келген бе, әлде оралман ба, әйтеуір жергілікті емес. «Байдың бір түйір қызы» деді. Адам қашан түйірлеп саналған? «Біреусі» дедің сосын. Дұрысы «біреуі», «бірі» деді. Сол сөз әлі күнге дейін санама қатталып қалыпты. Әрбір сөйлеген сайын бажайлап, байыптап, әдеби, ұғынықты сөйлеуге дағдыландым.

Жергілікті жұрт менің сөйлегенімді қызық көретін. Кейін сырт жерде жүріп, ауылды қатты сағынғанда біреудің біздің сөйленінісімізде сөйлегенін қалап тұратын едім. Талай рет тілдік құрылымынан жақындық та­уып, жат адамдармен туыстас болғанымыз бар.
Қайран, туған жердің қарапайым болмысын сол күйінде бойыңа ұялататын қасиетті тілім-ай дейсің ондайда. Оның тұмса тазалығын, құдіретін, кереметін, қанық бояуын ешбір құрал, ешбір жаңалық өзгерте алмасы анық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
17 шілде 2019 ж. 1 179 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930