Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіні егіліп, малы мыңғырған

Егіні егіліп, малы мыңғырған

Қазақ халқы төрт түлік пен отбасының амандығы басты құндылық екендігін түйсінгендігі болар хал-жағдай сұрасқанда "мал-жаның аман ба?" дескен. Сол арқылы атакәсіппен айналысу береке әкелетінін жақсы білген. Тәуелсіздік алған жылдары колхоз, совхоздар тарап тәжірибесі мол іскер азаматтар жеке серіктестік аша бастады. Қарап отырсақ, осындай еңбекқор жандардың арқасында қазір егіс көлемі артып өріс кеңейе түсті.
Осындай шаруашылық құрылымдарының бірі – "Сыр маржаны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде егін егумен қатар мал басын көбейтіп, келелі кәсібін ұршықша иіруде. Ұжым тірлігінің жүйелі жүргізілуіне серіктестік директоры Мінәжадин Өтеев басшылық етеді. 1999 жылдың 9 желтоқсанында Ақтан батыр ауылында құрылған «Сыр маржаны» серіктестігі алғашқы жылы 350 гектарға күріш екті. Құрамында 35 адам жұмыс істеді. Кейін күріш көлемі 1100 гектарға ұлғайтылды.
Бүгінде серіктестікте 150 диқан-механизатор еңбек етеді. Жер көлемі 16762 гектарды құрайды. Оның ішінде 5778-і егістік, 2078-і шабындық, 5161-і жайылымдық және 3745-і бөгде жерлер болып табылады. Диқандар қауымы бұрын «Янтарь» және «Новатор» күрішін ексе, соңғы уақыттары «Титан», «Фоварит» сұрыптарын өсіруді қолға алуда. Сыр маржандықтар «КазАгроФинанс» АҚ-мен ынтымақтастық нәтижесінде алынған заманауи техникалардың көмегімен ауыл шаруашылығы дақылдары алқабын кеңейтіп, ауыл тұрғындарын толықтай жұмыспен қамтып келеді. Талапқа сай жабдықталған машина-трактор алаңында техникалар жөндеу және басқа да қажетті қызметтер көрсетіледі.
Биыл меже бойынша 2400 гектар жерге күріш, 114 гектарға бидай, 88 гектар арпа, 582 гектар жаңа жоңышқа, 100 гектар сүрлемдік жүгері, 111 гектар мақсары орналастырылып, 1246 гектар аумақтағы ескі жоңышқа күтімге алынған. Егілген дақылдардың барлық түрінен жоспарланған өнім жиналады деп күтілуде.
Серіктестіктің күріш өнімдері Оңтүстік Кореядан әкелінген "GREENMAC Industrial Co.LTD" күріш өңдеу зауытында өңделіп, 5, 10, 25, 50 келілік полиэтилен қаптарға қапталады. Заман талабына сай жабдықталған өндірістік техникалық зертханада шығарылу сапасына бағалау жүргізіледі. Күріш өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттерінде жоғары бағаланып, үлкен сұранысқа ие.
Жаңа технологияға бейімделген серіктестік «Қазақстандық сапа орталығы» ЖШС мен «Егу, өндіру және өңдеуге» сапа менеджменті және «Күріш өндірісі саласындағы қызметіне және көтерме-бөлшекті сауда қызметін көрсетуге» тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджементі сәйкестік сертификаттарына орай жұмыс атқаруда.
2015 жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында Көларық ауылының Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешені іске қосылған болатын. Қазір алаңның қуаттылығы 3000 басқа дейін үлкейтілді. Жалпы құны 337,4 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жобаның 70 процентін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қаржыландырса, қалған бөлігі кәсіпкерлердің демеуімен толықтырылған. Заманауи кешенде 16 еңбеккер жұмыс істеуде. Мұнда бордақыланған бұқаларды басқа елдерге экспорттау жұмысы басталды. Сонымен бірге Қызылорда қаласынан тиісті жер телімі алынып мал сою комбинатын іске қосып, ет кластерін жасау шаруалары қолға алынды. Жоба іске қосылса, отандық ет өнімдері шетелге экспорттау өркен жая түспекші.
Тағы бір жағымды жаңалық, жуырда Чехия елінен абердин-ангус тұқымдас 280 сиыр сатып алынды. Ірі қараның басы қазір көбейтіліп жатыр. Оның аналығы 500 келі тартса, бұқадан 600 келіге дейін ет өндіріледі. Шаруақор жандар жергілікті табиғат жағдайына тез бейімделетін малдың тиімділігін бұл күні жақсы сезініп отыр.
Жалпы, атакәсіп – мал шаруашылығын өркендетуде төрттүлікті асылдандырудың маңызы зор. Аудан бойынша ағымдағы жылдың 1 наурызындағы мәліметіне сүйенсек, мүйізді ірі қара 36262 басқа, қой 46666 басқа, ешкі 36536 басқа, жылқы 26194 басқа, түйе 9174 басқа артты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

26 сәуір 2019 ж. 2 001 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930