Тіл үйірген «Томпи»
«Томпидың» авторы Қазалы ауданы, Бірлік ауылыны тумасы Гүлсая есімді келіншек екен. Өзінің қаржысымен, мемлекеттен ешқандай көмек алмай кәсібін бастаған Гүлсая Бөкенбайқызы 1989 жылы аталмыш ауылда дүние есігін ашқан. Әңгіме барысында оның Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдағанын естідік. Білдей «магистр» деген дәрежесі тағы бар! Филологияның қым-қиғаш иірімдерінен кәсіпке келген жастың жалынды жігері, болашаққа деген ұстанымы, қазақилығы ұнағанын айтпай кетпеуге болмас. Ең алғаш попкорн жасау идеясы оған кездейсоқ келіпті. Ол жөнінде Гүлсая:
– Негізінен, оқу бітіріп, тұрмысқа шыққаннан кейін үлкен қалада жұмыс жасаймыз деген ойымыз болған. Бірақ, кішкентай ұлымызға Астананың ауа-райы жақпады. Ойлана келе жұбайым екеуміз ақылдасып, мүмкін, туған жердің ауасы дертіне дәру болар деп ауылға көшіп келдік. Құдайдың құдіреті шығар, ұлымызға кәдуілгі жұрт «экологиялық аймақ», «ауасы шаң, лас» деп мұрнын шүйіретін Қазалының ауа-райы жағып, ауруынан құлан-таза айықты. Кейін үйде бос отыра беруге дәтім шыдамай бір кәсіппен айналысуым керек болды. Оның үстіне қолжетімді дүние болса деп жүргенмін. Балаларым дүкенге кіргенде «Чипсы», «Кириешки» деген қытырлауықтарды алып беруімді сұрайтын. Сонда «Неге өзіміздің отандық өнімдерді сатпайды екен?» деп налитынмын. Бір күні әлеуметтік желіні қарап отырып попкорн жасаудың әдістерін көзім шалып қалды. Сосын, осы істі мақсат тұтып, тәтті жүгеріден попкорн жасауды қолға алдым, – деген ойын жеткізді.
Жалпы, Гүлсая «Томпи» деген атауды бекер қоймағанын да айтып өтті.
– Кейінгі жылдары елімізде шет тілімен аталатын өнім шығаратын жандар көбейіп кеткені рас. Бәріне батыстың бренді немесе жұрт түсіне бермейтін атаулар керек. Ал, менің өнімдерімнің басты сатып алушылары балалар болғандықтан соларға қатысты қоюды жөн көрдім. Әдетте, өздері сүйкімді, әрі томпаңдап жүрген балаларды «томпи» деп еркелетіп жатамыз. Соны ескердім де өнімнің атауын «Томпи» деп неге қоймасқа деп ойландым. Қазіргі таңда, Бірлік ауылынан бөлек, Қазалы қаласында, Әйтеке би кентіндегі дүкендерде сатылу үстінде, – дейді кәсіпкер.
Мұнымен қатар, Гүлсаяның сөзінен аталмыш қуырылған жүгерінің «Карамель», «Шоколад», «Микс» секілді түрлері де өндірілетінін білдік. Сондай-ақ, жас кәсіпкер алдағы уақытта өз өнімдерінің санын ұлғайтып, кәсібін кеңейткісі келеді екен. Жаңашыл жасқа тәнті болып, кәсібіне береке тілестік.
Жалпы, «Томпидың» құны бар-жоғы сексен теңге екен. Оны кәсіпкердің өзінен естідік. Ал, нақты дүкендегі бағасын осы мақала жазылып болғаннан кейін, үйге қайтып бара жатқанда ылғи соға кететін дүкеннен білетін боламыз.
Есет ТАБЫНБАЕВ