Талапшылдық жетістікке жетелейді
Қазалы ауданы бағзыдан кәсіпкерлігі дамыған, сауда-саттыққа бейім аймаққа жатады. Осы үрдісті үзбеген өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 6760 бірлікті құрады. Оның ішінде – 292 заңды тұлға, 4843 жеке кәсіпкер, 1625 шаруа қожалығы бар. Қазір мал шаруашылығын өркендетуге көңіл бөлушілер қатары еселеп көбейіп келеді. Осындай іскер жандардың қатарындағы Шалғынбек Наурызбаевты ерекше атауға болады. Оның қарамағында шаруақожалығы, мал сату базары мен сою пункті, қонақ үй, Әлинұр сауда орталығы халыққа қызмет көрсетуде.
Әсілінде дәулет пен береке табанды еңбек және өмірлік тәжірибемен келеді. Осы күні кемелді жігіт ағасы жастайынан қиындыққа мойымаған. Ауыр іс пен қара жұмысты еңсере білді. Әкесі Асанхан Наурызбайұлы ел сыйлаған ұста болған. Әке өнерін меңгерген ол мектеп бітірген соң «Қазалы құрылыс» мекемесінде ұсталық қызметті атқарды. Екі жыл еңбек еткеннен кейін, 1989-1991 жылдары Ресейдің Сахалин қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Тапшылық пен жоқшылық кезге тап болған жас жігіт абдырмай, ұсталық өнерін әрі қарай жалғастырады. Көпшілік шарасыздан қалта, дорбаларын арқалап саудаға шыққанда бұл да нартәуекелге бел буды. Сауда-саттықтан тапқан табысына 2002 жылы «Қашқан су» маңынан 500 гектар жерді иелігіне алып, атасының құрметіне арнап «Наурызбай» шаруа қожалығын құрады.
Бар береке төрт түлікте екенін білген бабаларымыз мал баққанның күйі таймайтынын өсиет еткен. Бұл қағиданы бұлжытпай орындаған Шалғынбектің ісі оңға басып, мал шаруашылығын өрістетеді. Төрт түлікті бағып-баптауының арқасында 2008 жылы жеке кәсіпкерлік бағытында мал базардың құрылысын бастайды. 2009 жылы «Сәт» мал сою пункті, мал сату базары пайдалануға беріледі. Базардың жалпы көлемі 1 гектар, оның ішінде мүйізді ірі қараға – 40, қой-ешкілерге – 150 және көлікпен тұратын арнайы мал сату орындары қаралған. Мал сою бөлмесінде киім ауыстыру, жуынатын бөлме, құрал-сайман қоятын және мал дәрігеріне арнайы бөлме қарастырылған. Мал сату мен сою, оны сақтау қоймасы, мұздатқыш, еттің сапасы ұдайы тексеруден өтеді. Базарда 12 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде – мал дәрігері, қасапшы, ет тазалаушы, тазалықшы, күзетшілер қызмет көрсетеді. Елді мекеннен келген етті тасымалдайтын мұздатқыш пен мал таситын көлікпен қызметкерлер қамтамасыз етілген. Бұнымен қоса, биыл Әлинұр сауда орталығын іске қосып, бір бұрышынан мемлекеттік зертхана филиалын ашып қойды. Ет және жеміс-жидектер сататын арнайы орны бар. Өз өнімдері болғандықтан қазалылықтарға арзан бағада ұсынады. Мәселен, қысы-жазы өнім алатын жылыжайында өсірілген қияр мен қызанақтардың мол өнімін қыста және күз мезгілінде тұрғындарға босатады. Қарамағындағы жылыжайда 2 адам тер төксе, Әлинұрда 5-6 адам жұмыс істейді.
Қазір аудан халқын сапалы ет және жеміс-жидектермен қамтамасыз етуде. Жыл сайын қайырымдылық, ауданның мәдени іс-шаралары мен «Мектепке жол» акциясына да белсене араласып, демеушілік көмектер көрсетіп келеді.
Шалғынбек Асанханұлының әңгімесіне мән берсек, мұндай жетістікке әкесінің тәрбиесі арқылы жетіп отыр. Ол оны ерте еңбекке баулып, кісі ақысын жемеуді бойына сіңірді. Бұл әкеден дарыған қасиет болса, шешеден есепке мықтылығы берілген екен. Өзімен бір туыс 3 қыз бен екі ұл да математикадан жақсы оқыған. Жұбайы Ғалия екеуінің Қуаныш, Медет, Марат, Мақсат, Ақерке есімді ұл-қызы бар. Қуанышы мен Медеті есепшілік пен заңгерлік мамандықты игеріп шыққан. Бүгіндері қолда бар кәсіптің өркендеуіне араласып жүр. Сонымен бірге Марат пен Мақсат та келешекте кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан іскер жандардың қатарынан көрінуге талпынуда. Інісі Жәнібек те өзіндей кәсіппен айналысып, сегіз жылдан бері шағын нан пісіретін наубайханасынан шыққан өнім тұрғындар игілігіне ұсынылуда. Бүгінгі күні «Сәт» жазуы бастырылып, дайындалатын тандыр нан тұтынушылар көңілінен шығуда.
Шалғынбектің «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді басты ұстанымы еткен. «Сәт» атауы да әулетінің жетінші атасына арналып қойылған. Еңбекқорлық пен талапшылдықты қатар ұстаған кәсіпкер таза әрі адал іс атқаруға кеңес берді. Адамзат сонда ғана діттеген мақсатына жетері сөзсіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА